26/12/2023, 10:59 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Адамның заңды меншігі көп, бірақ нағыз өзіне тиесілі ешкім қол сұға алмайтын жекеменшігі – ойы мен сөзі. Жақау Дәуренбеков «Ойдауа»
«Отанымызды қорғап жүрміз», – деп ойладық. Елімізді пәшестерден қорғамаққа өршелене ұмтылушы ек. Сөйтсек, онымыз әшейін тәуелді елдің баласының билеуші елге бола қан төккені боп шығыпты да. Мұның бәрін кейін, «сәбеттің» қатарынан тәуелсіз ел болып бөлініп, жеке шыққаннан кейін кәзиттеріңнен оқып-біліп жатырмыз ғой. Еліңнің тізгіні өз қолыңа тиді. Нағыз қорғайтын Отаның- осы. «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар, өзгенікі дегенде анау-мынау ісім бар», деген ғой бабаларымыз. Сол «өзім» деген, өз еліңнің бір керегіне жара. Соқасын айда, арбасын сүйре, малын бақ, жау тисе, қорғаны бол!» Нұрлытай Үркімбай «Аласармас асқарлар»
Сөйлескенді, ой бөліскенді кім ұнатпайды? Сөз көңілді жұбатады. Өз басым біреумен сөйлессем болды, жалыққаным бірден тарап кетеді. Жалығудың емі – сөз. Иса Қапаев «Сынтаслы туралы толғау»
Асыл жар, адал досқа не жетсін, шіркін! Әзілхан Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар»
Бастан сипай салғанда тұрған не бар? О, оны сендер білмейсіңдер. Жетім болып көрмеген білмейді. Жетімнің басынан сипаған алақан жер астында жатса да шірімейді. Адамзат әр алуан. Біреулер сипаса, біреулер сол басты жарғысы келіп тұрады. Дүние содан ала-құла. Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша»
Бізде өз ақылыңды көрсету өзіңді құртумен парапар. Біздің шенеуніктер таланттыларды көрсе, жыландай жиырылады, өйткені өздерінде жоқ қасиет шымбайларына батады. Біздің кейбір өтірік-ұлы жетекшілеріміз нағыз мамандарды жалған мамандардан мүлде айыра алмайды. Және де бұл өтірік-ғалымдардың, өтірік-мамандардың, өтірік-реформаторлардың, ... және тіпті өтірік-оппозиционерлердің тұтас бір буынын өмірге әкелді. Егер біздің көшбасшыларымыз шынымен біздің мемлекет мықты, халықтың тұрмысы жайлы болсын десе, шындап соған қамқорлық көрсетуі керек. Сейдахмет Құттықадам «Ұлтқа қызмет ету»
Менің жазғандарымның бәрі алтын да емес, күміс те емес – жазғандарымды ақтап, түсініп оқыңдар, қарақтарым. Қатемді түзетуге асықпаңдар. Мен өмір сүрген заман мен сендер өмір сүрген дәуірдің айырмасы – жер мен көктей. Заман қайталанбайды. Дұрыс ұғымды құдай әркімге берген емес, сол себепті абайлап оқыңдар деген ескертпем осыдан шығады. «Алжыған шал» деп айту оп-оңай. Сөз арасы, ой арасы, өмір арасы түсінуге киын нәрсе. «Абайлаңдар, абайлаңдар» деп айтарымның маңдайалды себебі сол, қарақтарым! Бауыржан Момышұлы «Айтылмаған ақиқат» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 46 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |