19/12/2023, 09:33 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Дін бізге бір күнде келіп, бірден дари қойған жоқ. Ислам қазақ шығарған дін емес. Халқымыз исламнан да бұрын дінді ұстанған. Баяғыда үлкен кісілер: «Иә, Тәңірім, қолдай гөр, жарылқай гөр!» деп отыратын. Иә, олар Тәңір дініне сиынған еді. Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі»
Меніңше, сол бір жылдары мектеп бітірген түлектерді қайтадан жинап алып, Отан тарихынан дәріс оқу керек. Біз қараусыз өскен буынбыз. Оны жоққа шығармассың. Біздің сыныпта отыз оқушы оқыдық. Солар мектепті бітіргенше болашақ мамандығын таңдай алған жоқ. Қай университеттен таныс тапты, қандай оқу орнына әке шешесі жетелеп барды, сонда оқыды. Өзіне болашақ мамандығы ұнамаса да оқыды, ақыры білдей диплом алып шықты. Бірақ бiлiксiз маман болып шықты. Бізге ешкім жөн сілтеп, жол нұсқамапты ғой қарап отырсам. Жөн сілтемек түгілі денсаулығымызға назар аударған адам бар ма? Есболат Айдабосын «Тибет аруы»
Жақсылық күткенге келмейді, күні-түні еңбек еткенге келеді. Жақау Дәуренбеков «Ойдауа»
– Үмітсіз жағдайда адам қайдан бoлсын бір жұбаныш іздeйді. Әрі сoны табады да. Лилиан мәз бoла күлді. – Қандай қу eдік дeсeңші! Шынтуайтында адам уақытты eлeмeсe жәнe үрeй дeйтіннeн ада бoлса ғана нағыз бақытты. Дeгeнмeн, тіпті қoрқа жүріп тe күлугe бoлады ғoй. Басқа амалың бар ма? Эрих Мария Ремарк «Аманат өмір немесе Тәңірі алдында теңбіз»
– Жүрек дегеніңіз, қол басындай ет пе, шырағым? – Бірақ, ата, сол қол басындай етке бүкіл жер шары сыйып тұрған жоқ па? Оралхан Бөкей «Қар қызы»
Күркiреп тұрған алып империяның құлауына себепкер болған, Қазақстан тəуелсiздiгiне алып келген Желтоқсан көтерiлiсiнiң саяси баға ала алмай келе жатқандығы өкiнiштi. Бүкiл əлем Желтоқсан көтерiлiсiне қанды шеңгелдi КСРО империясын құлатқаны үшiн бас иедi. Бiрақ өз елiнде желтоқсандықтар мен оның қаһармандары əлi елеусiз. Есенгүл Кәпқызы «Ой түбінде жатқан сөз»
«Мұнтаздай аула», «айнадай терезе» деген сөзді ұмытатын кез келді. Мына заманда ондай тазалықтың түкке де керегі жоқ. Өлшеніп берілген ғұмырды қазанның сыртын қырнаумен, шаң сүртумен өткізу кімге ұнайды? Біз шындықтың ауылынан алыс тазалық күтеміз. Ал, үй күніне үш мезгіл шашылатын тынымсыз жүйе. Кімнің үйінде робот бар? Қайталана беретін үй тіршілігін атқаруға роботтан басқаның шамасы келмес. Біреуді тілдемес бұрын робот туралы ойланыңыз. Жағдайыңыз болса сол адамға робот сатып әперіңіз. Әпере алмасаңыз тыныш отырыңыз. Тәулікте жиырма төрт сағат бар. Ғылымдарымыз оның өзі қысқарып кетті дегелі елу жыл. Соған оқу, жұмыс, үй, тамақ, жуыну, ұйқы... сыйдыру керек. Сондай қарбаластан кейін де «Айгүлдің кәстрөлі күйе», «Мадинаның пердесі жуылмапты» деп мін іздеу ұят. Әркім өзінің уақытына ие. Кітап оқыр, ұйықтар, қыдырар… ал, сіз кеп, билік жүргізіп, «пәленшенің үйі жиналмапты» деп мұрыныңызды сұқпаңыз. Әркімнің қиялында «таза үйі» бар. Біреу күнде жинайды, біреу отыратын бөлмелерін ғана тазартып, басқасының есігін жауып қояды. Бұл да өмір сүру стилі. Мен біздің түсініктегі таза үйді жақсы білемін. Журналдың суретіндей таза үйлерді көксейміз. Оған жоғарыдағы сын-мінді қосыңыз. Сондықтан, қазақтың әрбір қызы мінсіз таза үйге ұмтылады. Үйі кірлесе соттайтындай қорқады. Ол үшін Золушка не Мари Кондо кеп жинап бермейді. Демалатын, ұйықтайтын, кітап оқитын уақытында өзі жинайды. Алтын уақыты маңызды емес, оған әйтеуір жұрт «осының үйі үнемі шашылып жатады» деп айтпаса болды… «Мағыналы өмір» деген түсінік бәрімізде бар. Мұның есебін әр адам өзіне береді. Ал, отыз жыл бойы күйбеңдеп үй жинаған үй бикелері уақыты жеткенде мағыналы өмір сүрдім дей ала ма? Жинақы үйді бәрі ұнатады. Бірақ, басқалардың пікірінен тәуелсіз, өзіңіз ұқыпты деп тапқан деңгейдегі үйде де бақытты өмір бар. Шаңсорғышты барқыратудан, еденді ысқылаудан, тоңазытқышты күн сайын тазартудан басқа да адамды бақытты қылатын іс көп. Балаңызға кітап оқып беріңіз, Аттенброның Ютубтегі көк киттер туралы шоуын көріңіз, ал, еден күте тұрсын. Үйіміз саулығымызды сақтай алатындай таза болса жетеді. Лира Қоныс «Қазақша минимализм немесе үйде бәрі бар» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағыны | |
| |
Просмотров: 47 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |