10/12/2023, 22:27 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Ашық түнде келе жатып, көк аспаннан аққан жұлдызды көргенде, тұла бойы шымырлап, түршігетін болған. Олар аққан жұлдызды әлде кімнің өмірінің өшкендігі, «су ішерінің таусылғандығы» деп біліп, ырымдар істеген. Аққан жұлдызды көргенде: «Менің жұлдызым жоғары! Менің жұлдызым жоғары! Иә, Жасаған, сақтай көр!» деп ішінен күбірлеп, жалбарынып сыйынған. Бабалар сөзі 78-ТОМ (Қазақ мифтері)
«Құдай бізді не үшін сынайды?» деп ойландым. «Біздің қандай екенімізді білу үшін» дейін десем, Ол үшін уақыт деген түсінік жоқ. Ол әуелден бәрін Білуші. Біздің не істейтінімізді, қандай шешім қабылдайтынымызды біледі. Демек, сынақтар ең әуелі өзімізге өзіміздің қандай екенімізді көрсету үшін беріледі. Әр жағдайда өзіңнің қаншалықты әлсіз, идеал емес екеніңді көресің. Сынақтар арқылы шын табиғатыңды танисың. Cөйтіп өзіңді өзгертуге, кемелдікке жетуге талап қыласың. Данияр Жігітбек «Лайфхактар»
Бар тұрғанымызда, нар тұрғанымызда, елге керекті бір іс болса да тындыралық, артымызда қалсын. Мырзагелді Кемел «Мың ой»
Өмір мектебінің тиімді тұстарын тіршілікте үйреніп те, қолданып та өмір сүрген артық емес. Бірақ барлығын мүлтіксіз іске асыруға талпынғанмен үлгермей жатамыз, өйткені өмір мерзімі келте, қамшының сабындай қысқа... Несіп Қалымбетова «Тағдыр мен тағылым»
Ақынның құдіреті – оның бүкіл дүниені иемденіп, соны бейнелейтін тіл таба білуінде. Болат Бодаубай "Май жаңбыры"
Қазақ ақпараты – мемлекеттік тілді, ұлттық мемлекет құруды насихаттаса, орыстілді ақпарат – ресейлік құндылықтарды насихаттайды. Қазақ тілі алға бір қадам озса, орыс тілі далада қалды деп байбалам салады. Алайда мемлекеттік тілдің рөлін атқарып отырған орыс тіліндегі ақпараттың үні басым, қазақ ақпараты құмығыңқы. Оның үнін билік естігісі келмейді. Ал өзге қоғамды алып қарасаңыз, мемлекеттік құндылықтар, ұлттық мақтаныш мəселелері жыл өткен сайын алға ұмтылуда. Есенгүл Кәпқызы "Ой түбінде жатқан сөз"
Журналис Нұрбек Бекбау «Jaqsy.kz» сайтында жарияланған «Қазақты жою жобасы» деген мақаласының «Қазақтың соңғы тұяқ серпуі» атты бөлімінде нақты деректер арқылы халқымыздың басына ала-бөтен түскен сол бір зұлмат жөнінде былайша ой толғайды: «Шыдамның да шегі бар. «Малым жанымның садақасы», - дейтін қазақ төрт түлігін тартып алғанда «сабыр» деді. Соңынан жан дүниесіне дүрбелең салғанда, қауқары бары қолға қару алды. 1928-1930 жылдары республиканың түгел аумағын қамтыған 372 көтеріліс болып өтті. Оған 80 мың адам қатысты. Коммунистер пулемет, ұшақ, атты әскерді қарсы қолданды. Алайда, әбден ашынған халық ажалға тура шапты. Іс насырға шапқасын, «бәлшебектер» келісімге келуге мәжбүр болды. Араға адам салып: «қаруын тапсырсын, талабын орындаймыз, жазалау болмайды», – деп сендіріп бақты. Екі тарапты табыстыру Елтай Ерназаров, Әліби Жангелдиндерге жүктелді. Бас көтерген қазақтардың талабы мынау еді: 1.Дін бостандығын беру, мешіттерді қайтару, діни салттар мен шараларға кедергі жасамау; 2.Ірі байлар тәркіленгеннен кейін, енді тәркілеу болмайтындығы жөнінде декрет шыққан еді, бірақ бұл іс орта шаруаға қарсы әлі жасалуда; 3.Колхоздарға зорлап кіргізу тоқтатылсын. Олар тек ерікті негізде қабылдансын; 4.Қазақ даласында тапқа бөліп, жіктеуді қою керек. Істі шешуге комсомолдарды жібермеу, оны ауылдың жалпы жиналысында шешу қажет; 5.Салықтарды мал-мүліктің санына қарай салу керек. Егін екпейтіндерге астық салығы салынбасын…» Алайда, бұл – (Елтай Ерназаров пен Әліби Жангелдиндерді арағайын етіп, уәде беруН.Ү.) барып тұрған алдаусырату еді. (Халық) мылтығын тапсырып болысымен, қызыл армия оларды «басмашы» деп айыптап, жаппай атыпасуды бастады. Ауылдарды шапты. Малын айдап кетті. Қазақтың соңғы демі үзілді. Соңғы рет тұяқ серпіді». Нұрлытай Үркімбай "Аласармас асқарлар"
Баланың аты бала, бас бақ емес. Ал баланың да баласы бар. Ең алдымен баланың төрт түрі болады. Бірінші бала – үй баласы, екінші бала – ауыл баласы, үшінші бала – аймақ баласы, төртінші бала, ең жақсы бала – ел баласы. Ел баласы алдымен елдің елдігін ойлар. Өз басының ғана емес, дүниенің басқаға да кеңдігін ойлар. Ел баласы егіз бола бермейді. Ол көбінесе жалқы туады. Өйткені оны халқы туады. Ол елім деп белін буады. Атаның жолын қуады. Ауыл баласын айлалап, аймақ баласын аймалап соңына ертеді. Үй баласы үй күшік, от басында, ошақ қасында қалады... Сәуірбек Бақбергенов «Адам және көлеңке» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 45 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |