04/12/2023, 10:14 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Қазақ тілі кімге керек? Ең алдымен өзімізге, қазақтарға керек. Біз өз тілімізді білмесек, құрметтемесек, оны кім құрметтейді? Кім қадірлейді? Кім қолданады? Мемлекеттік тілді білемін деу мақтаныш, керек десеңіз мода болу керек. Өтеген Оралбай «Серпер сезім»
Адам деген қызық-ау, кейде өзге емес, өзіңнің де айтқан сөзің мен істеген ісіңнің сырына артынан, біраз уақыт өткен соң ғана анықтап ой жүгіртіп, түсінетін кезің болады. Болат Бодаубай «Май жаңбыры»
– Мeніңшe, уақыт ұғымын түрлішe түсінугe бoлатын сияқты, Бoрис. Oны мeн oсында, төмeнгe түскeндe білдім. Ұзақ өмір сүрeтін адам уақыт дeйтінгe eшқандай мән бeрмeйді; oл алдым мәңгілік дeп oйлайды. Ал кeйін тірлігінің қoрытындысын шығарып, шын мәніндe қанша уақыт өмір сүргeнін таразылағанда, oнысы нeбәрі бірeр күнмeн нeмeсe мықтағанда бірeр аптамeн ғана шeктeлeтінінe көзі жeтeді. Eгeр oсының ақиқатына жeтe алсаң, oнда eкі-үш аптаң нeмeсe eкі-үш айың өзгe бірeудің бүкіл өмірінe татитын бoлады. Эрих Мария Ремарк «Аманат өмір немесе Тәңірі алдында теңбіз»
Төңіректе өз ойларының тұтқынында өмір сүріп келе жатқан қанша адам бар екендігін көріп, соларға жаным ашып кетеді. Мырзагелді Кемел «Мың ой»
Ұйқым тыныш болсын десең, имансыз іс істеме. Жаман түсті көбінесе қарақшылар, қиянатшылар, ұры-қары, жемқорлар, парақорлар көреді. Өйткені күндіз ұйықтап қалған ұят түнде оянады. Сөйтіп, ұят өз иесін азапқа салады. Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша»
Сіз білесіз бе? Жүрек сезімінің ұлы-кішісі жоқ. Ұлы мен кішілік ақыл-ойда. Терең сырлы асыл жүректің ақырын соққан сақау тілін жанмен ұға білуде. Сөйтіп оны адам тілімен айта білуде. Баланы жас десеңіз де, оның жүрек сезімімен ойнамаңыз! Бала жүрегі үй ішіндегі өмір белгілерінің бәрін де сезеді. Бала өз жүрегімен сөйлесе біледі. Бірақ, ол жүрек сезімін ақылмен қорытып, сізге айта білмейді. Жұмағали Саин «Жол үстінде»
Туған босаға адамға неге соншалықты ыстық болды екен. Қай қиырдың дәмі тартып кетсең де, туған босағаңа ораласың, ыстық сағынышының отты күйігін басып, көңілінің алабұртқан сезімін нөсерлетіп келіп рахат құшағына бөленесің. Тартқан азабың, көрген қорлығың, кешкен бейнетің туған босағаңды аттай бере иығыңнан сыпырылып түсіп қалады, бәрін де ұмытқандай алаңсыз тірлік арнасына түсіп, сабырлық күй кешесің. Төрге барып шалқаңнан түсіп жатқың келеді, туған босағаңның өзіңе ғана мәлім, өзіңе ғана ыстық иісін иіскеп, аунап-қунайсың. Сол кезде маңдайыңнан өбіп, тұлымыңнан сипар анаң отырса ғой қасыңда. Дариға дүние-ай десейші. Одан өткен бақыт, одан өткен рахат күй болар ма өмірде. Төлеген Қажыбаев «Қанкешу»
«Қазақша түс көру» – тiл бiлу ғана емес, қазақ екенiңдi мақтан тұту, ұлтыңа жан-тəнiңмен қызмет етуге ниеттi болу. Гүлбиғаш Омар «Қайда барсаң – саясат»
Ыза! Кәдімгі адамды алқымнан ап, әй шайға қарамай буындыра бастайтын ыза. Мұндай ыза өзіңнен әлдеқайда биік келіп, әй шайға қаратпай алқымнан ала түскенде мүлде жаман. Ол алғашқы кезде күні ап кетеді. Билеп алады. Мұның үстіне қулық-сұмдығы мүлде жоқ, әшейін халық арасынан шыққан аңқау, ақкөңіл адамға арыздың ызасы, әділетсіздік ызасы қатты тиеді. Өз ісінде адал адам қашанда аңқау, аңғал келеді. Ондай адам төтеннен киліккен соққыға әзір тұрмайды да, бірден құлап кетеді. Сәуірбек Бақбергенов «Адам және көлеңке»
Адам екі дүниеде де бақытты болуы үшін жаралған. Бұл дүниесі алынған адам болса да Мәңгілік Өмірде түбінде бақытты болуы үшін жаралған. Нарша Бұлғақбаев “Бақытты болуды үйреніңіз”
- Сіз үшін ең ұлы сезім қайсы? - Мейірім… - Ал махаббат қайда қалды? - Махаббат әрдайым қайтарым күтеді. Қайтарым барда, есеп бар. Ал есеп бар сезімді ұлы деуге келмейді. Мейірім болса риясыз беріледі. Мейірім берген адам қайтарым күтпейді. Шразаддин Каниязов “Жүрекке билет” баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 49 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |