Кітап үзіндісі
27/11/2023, 09:11

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Махаббат бар жерде тіл өз құдіретін жоғалтады.

Айдана Сәуірбекқызы «Махаббаттың қырық ережесі»

 

Мен бұрын екіжүзділік пен жағымпаздықты әйелдерден көп көруші ем... Еркектер азған заманда өмір сүрудің қияметінің жаныңды тілгілейтінін кім біліпті...

Бибігүл Қабиқызы «Тауқымет»

 

Ойпырым-ай, қазір жастарға сын айтсаң, сені ата дұшпан көреді екен. Жағаңнан алып, жармасуға дайын тұрады.

Қабдеш Жұмаділов «Сыр-сұхбат, ой-толғамдар»

 

Жайнамаздай жайған ақ ниетіңді барлық адам түсінсе жөн. Түсінбей ішкі есебін шотқа қақса ұрынасың. Өзің ұрынбасаң ұрындырады.

Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі»

 

Үлкен жазушы болуды өмірлік мұрат санаған талапкерге ұсынарым: Абайдың "Ғақлиясы", Мұхтар Әуезовтың алғашқы әңгімелері, "Қараш–қараш" пен "Қилы заман" және "Абай жолы", Сәбит Мұқановтың "Өмір мектебінің" бірінші кітабы. Гоголь – "Миргород" пен "Петербург повестері", Бальзак – "Адамзат комедиясы", уақыт жеткенше, Тургенев – түгел, Толстой – Қапқаз әңгімелері, "Казактар", "Крейцер сонатасы", "Иван Ильичтің өлімі", "Хажы–Мұрат", "Соғыс және бейбітшілік", Достоевский – "Өлі үйден шыққан жазбалар", "Құмарпаз", тағы екі–үш романы, Пастернак – "Доктор Живаго", Кобо Абэ – "Құмдағы әйел", "Бөтеннің түрі" және бұрынғы–соңғы жапон әдебиетінен көзге ілінгеннің бәрін, Мериме, Эдгар По, Мопассан, Мамин–Сибиряк, Чехов, Киплинг, Джек Лондон, Кнут Гамсун, Бунин, Акутагава, Моэм, Набоков, Иво Андрич, Колдуэлл, Хемингуэй, Шаламов әңгімелері, немесе қолға түскен кез келген шығармасы, содан соң... Стефан Цвейг жазған "Бальзак".

Мұхтар Мағауин «Мен»

 

Өз қолымен өлтірген қос аяулысының басында солқылдай жылап Батыр Баян ұзақ отырды. Тек таң сыз берген кезде ғана, беліндегі болат қанжарымен терең етіп көр қазып, араларына бір уыс топырақ салмай, қос бағланын жер құшағына беріп атына қонды. Батыр Баян аулына қайтып келіп, ешкімге ләм-мим деп тіл қатпай, аһ ұрып, үш күн бойы жер бауырлап жатып алды. Тек төртінші күн дегенде орнынан тұрып, Уақ руының біраз батыр жігіттерін ертіп, Абылай шақырған Телікөлге беттеді. ... Сағынып күткен батыры келгенде, Телікөл маңайында жатқан қалың қол мәзмейрам боп қуанды. Тек оның сүзектен тұрғандай сарғайып кеткен жүзін көріп таң қалды. — Неге кешіктің? — деп сұраған Абылайға ғана қанды оқиғаны бастан-аяқ баяндай кеп: — Ел намысы бір кешірмес ағаттық іс істетті, — деді. Аяушылықты білмейтін Абылай: — Жоғалтқаның көп болса да үкімің адал екен. Халық намысы ер құнынан артық деді, — қайғың тек өзіңдікі... Ал ата жолы бәріміздікі. Одан таймағаның — бұл бәріміздің абыройымыз. Абылай батырдың бетіне қарамай, алыстағы көкжиекке тесіле көз жіберіп, әлденеге ойланып қалды.

Ілияс Есенберлин «Көшпенділер»

 

Махаббат формуласы: Сүйетін адамдар бір-біріне: «Саған жақсы болса екен» деген ережеге бағынса, онда ол махаббат, ал егер: «Саған да, маған да жақсы болсын» десе, онда ол махаббат емес, сауда».

Мырзагелді Кемел «Мың ой»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 55 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: