20/11/2023, 09:26 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Травма алу – сол орында тапжылмай қатып қалу. Он жаста болған ситуациядан шыға алмай қалу. Ал сіз жылжыдыңыз ғой. Ендеше, саналы адам ретінде өміріңіздің кез келген тұсында өзгеруге мүмкіндік бар. Ұялшақ болсаңыз ашылыңыз. Қызғаншақ болсаң ол қасиеттен құтылыңыз. Ашуыңызды басқарыңыз. Сезіміңізді жеткізіңіз. Комплекстерден арылыңыз. Үйреніңіз. Ұзақ мерзімді реніш яки өкпе жауапкершіліктен бас тарту боп саналады. Өзгеріске ұмтылмау боп есептеледі. Түптеп келгенде, әр адам өз травмасымен өзі ғана күресіп, шешімін де өзі нақтылауы шарт. Өмір үйренуден һәм жиренуден тұрады. Әрдайым өткеннің еншісінен кінә іздеген адам уақыттан ұтылады. Уақыт бізді күтпейді. Бақытты күндер қол бұлғап кете баруы мүмкін. Сол үшін де уақытында бақытқа қол созыңыз! Әсел Қасенқызы «Қыз ғұмыр келте неткен?»
Біз де жас болғанбыз, құдайға шүкір... Бірақ сендер құсап желікпеппіз. Жолдасым зауыттың атынан үй алғанда барып бір-ақ келісім бергенмін. Ой-хой, ол кезде мен үлбіреген қызғалдақтай едім ғой, қызғалдақтай! Баспана жайы шешілген соң-ақ шешем марқұмның: “Қызым, енді қапы қалма!” деген бір ауыз сөзін қанттай қылып орындадым ғой. Оның үстіне отағасы да жігіттің сырттаны еді-ау, ол кезде. Кейін ғой босаңсып, білегі айырдың сабындай жіңішкеріп кеткені. Өзім де ол байғұсты тыным таптырмай жұмсай берем. Негізі еркекке сәл жұмсақтық танытсаң, ертеп мініп алғаннан басқаның бәрін істейді. Сондықтан әйел адамға еркекті мытып ұстау керек. Сен, қызым... өзің, сәл жуастаусың ба, қалай, өзі?! Жуастық жақсы емес! Кейін, күйеуіңнің айтқанынан шыға алмай қаласың. Қазірден бастап, сіңлім икемдей бер. Өзіміз билікті бірден-ақ алғанбыз. Құдайға шүкір, одан жаман болғанымыз жоқ. Қайта еркекке қарағанда әйелдің қабілеті озық болады. Барлық жағынан да. Шын айтам! Сенбеймісің? Е, өзің біл айналайын. Бізді үлкен ит дейді, үрсек бірдеңені біліп үреміз, вот так! Күлсең күл, бірақ алдыңнан шыққан кезде өкініп жүрме! Мәди Алжанбай «Автобустағы әңгіме»
Табиғат адамдарды таңғажайып қасиeттeрмeн аямай-ақ жарылқады; oларға өкпe мeн жүрeк сыйлады, eң бір ғажап химиялық агрeгаттарды – бауыр мeн бүйрeкті бeрді, бас сүйeктeрін әлeмнің күллі жұлдыздар жүйeсінeн дe ғаламат ақ түсті жұмсақ массаға тoлтырды; eнді кeліп, сoл адам сoның бәрін, мықтағанда, Брeшиядан Брeшияға жeту үшін жұмсаймын дeп тәуeкeл eтуі жөн бe? Эрих Мария Ремарк «Аманат өмір немесе Тәңірі алдында теңбіз»
Қолынан іс келетін адам тілемсектеніп, ақиретте жүзі қара болғанша, еңбегін сауып, адал өмір кешкені дұрыс. Мырзагелді Кемел «Мың ой»
Бір кітап оқыса, кісімсініп, дардай боп дабырлап, ақыл айтуға әуес тұратындар бар... Әйтеуір, ұстаз көбейген, шәкірт азайған шақ болды ғой. Оралхан Бөкей «Өліара»
Өзіңді өмір бойы құрбандыққа шалудан жалыққан жоқсың ба? Бибігүл Қабиқызы «Тауқымет»
– Мамеке, өзім де ойланып жүрмін...Әзірше саған күйеубала болатындай ешкімді кездестірген жоқпын. – Маған күйеубала емес, өзіңе күйеу бола алатындай адамды ізде. Бибігүл Қабиқызы «Тауқымет»
Әбіш Кекілбаев: «Өмірде ненің жаман екенін білсек те жеткілікті, ол жамандық кімнің тарапынан жасалғанын қазбалау – қазымырлық. Жамандыққа жаратылған ешкім жоқ. Жаңсақ кетсе, түзеледі. Кемшілігі болса, арылады. Сондықтан нақты біреуді жамандыққа қию кешірілместей қатігездік болар еді» дейді. Бұл сөздер менің жадымда жатталып қалған, біреу туралы теріс пікір айта бастасам немесе теріс ойлай бастасам, осы сөздер ойыма түсе кетеді де, тәубеме келемін. Мырзагелді Кемел «Мың ой» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 50 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |