Кітап үзіндісі
15/11/2023, 23:31

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Махаббаттың сіздер үшін әлдебір аштық сияқты нәрсе екенін мен өте жақсы білемін, ал мен үшін ол... еркектер сене қоймайтын бір рухани байланыс секілді. Сіздер оның іске айналған түр-түрімен қанағаттанасыздар, ал маған оның рухы керек.

Ги де Мопассан "Сүйкімді дос"

 

Әрекетсіз дұға – садақсыз оқ, ал дұғасыз әрекет – оқсыз садақ.

Пауло Коэльо «Садақшы»

 

Адамға ақыл берерде Құдай оның ұсынған ыдысын шүпілдете толтырып құйып береді екен. Сонымен... біреудің ақылы қасықта, біреудікі шөміште, біреудікі кеседе, біреудікі өзенде, біреудікі көзеде, біреудікі шелекте, бірақ барлығы ернеуінен аса толып тұр. Соны көрген адам өз ақылының толы екеніне риза болады екен. Адамның ешқайсысы өзін ақылсыз санамайтыны сол толы ыдысты көріп өзіне-өзі көңілі толатындықтан болса керек.

Мырзагелді Кемел «Мың ой»

 

Бір қора нөкерлерінің қоршауында келе жатқан патшаны көрген біреу: — Адамдарға жасаған жәбір-жапасы басынан асып кеткен-ау, әйтпесе, жұрттан мұнша қорғанып, қорқар ма еді?! – деген екен.

Исраил Сапарбай «Бір тамшы көздің жасындай»

 

Ән – жүрек хабаршысы. Махаббаттан ән туады, кейде ән де махаббатты оятуы мүмкін.

Баянғали Әлімжанов «Жүз жылдық толғау»

 

Қайтейін, үш жыл арпалыста ә десе, мә деп қана жаным қалып жүрді емес пе. Момын адамды бір күн шыдатпайды ғой бұлар, бір күн.

Әкім Тарази «Қорқау жұлдыз»

 

Жетімдерге ұдайы тамақ тасығаннан ештеңе өзгермейді. Жаның да жай таппайды. Өйткені мағынасы бір ғана – бір мезеттік қуаныш сыйлау.

Мырзагелді Кемел «Мың ой»

 

Барлық тауқыметті жеңе біліп, игі жақсылықтарды көре жүріп бақытқа жеткен адам бақыттың баянын, тұрмыстың қадірін көбірек, тереңірек бағалайды екен. Адамгершілік, сенім, мейірім, шындық сияқты құндылықтарды бойына сіңіріп жүріп еңбектенеді, өседі, қуанады.

Несіп Қалымбетова «Тағдыр мен тағылым»

 

17 министрге қазақша үйрету үшiн ұлттық бағдарламаны жасаудың қажетi жоқ, бар болғаны 17 министрден талап ету керек. Бұл сол орынтаққа отырғызғанда қойылатын кəсiби квалификациялық талап. Адам құқығы одан бұзылмайды. Адам құқығын кiрпiк қақпай қорғайтын халықаралық ұйымдар десек, олар да БҰҰ-ның жұмыс тiлiнiң бiрiн бiлмей, жұмыс iстей алмайды. Сол сияқты Қазақстанда да мемлекеттiк тiлдi бiлмеген кiсi мемлекеттiк қызметте iстемеуi керек».

Гүлбиғаш Омар «Қайда барсаң – саясат»

 

Сіз бен біз күткен Бақыт байлықпен, сұлулықпен, біреуді ессіз сүюмен немесе біреуге сүйікті болумен шектелмейді. Иә, бұлар бақыт құраушы бірліктер. Алайда бақытты болу – осы өмірге келген күніңізді, күн сайын төсектен оянған сәтіңізді сезінуден басталады. Құдай жаратқан тәніңізді қүрметтеуден басталады. Өзіңізді сыйлай алудан басталады. Біздің бақыт өзгеге, өзгенің әрекетінен бұрын өзімізге, өзіміздің әрекет-амалымызға тәуелдірек.

Біз өзіміздің өмірге жауапкершілік алған күні бақыттың дәмін сезе бастаймыз. Біреуге жауапкершілік артқан сайын бақытсыздықтар орын ала бастайды.

Көп жағдайда пенде болғанымыз үшін күнәліміз. Кінәмшілміз. Пенде шіркін пәтуасы мол, парасаты асқан һәм күнәдан пәк болса, ҚҰДАЙ өзін "кешірімдімін" демес еді. Алла Тағала бізге, біздің құлшылыққа мұқтаж емес. Біз оған мұқтажбыз. Әрекетіміздің нәтижесі оған аян. Бастаған істің соңының Хайырын ол біледі. Шыққан жолды даңғыл ететін де, тұйықтайтын да – ОЛ! Біз оның ең көркем жаратқан туындысымыз. Сөйте тұра, өзімізді төмендетуге, тағдырымызды тәрк етуге, нәзік жаратылысымызға қарсы шығуға, сұлулығымызға сын айтуға бейімбіз. Абзалында, олай етуге еш негіз жоқ.

Әсел Қасенқызы «Қыз ғұмыр келте неткен?»

 

Егер тәуекелге бармасаңыз, қандай өзгерістер жасау керек екенін ешқашан біле алмай кетесіз.

Пауло Коэльо «Садақшы»

 

Шын күлуге, шын жылауға, шынымен сүюге қабілетті болудан артық бақыт жоқ.

Мырзагелді Кемел «Мың ой»

 

Жүрек әркімге таптататын төсеніш емес!

Иса Қапаев «Сынтаслы туралы толғау»

 

Ой – қонақ, келеді де кетеді.

Мырзагелді Кемел «Мың ой»

 

Шеше мейiрiмiн сезiнбеген балаға əке құрметтеудi кiм үйретедi?

Гүлбиғаш Омар "Қайда барсаң – саясат"

 

Соғыс – адамзат өмірінің ұлы трагедиясы. Соғыс – адам жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы азап. Соғыс – тірілердің тамұғы.

Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі»

 

– Өмірге ешқандай ұрпақ әкелгім келмейді. Қайғы, мұң арқалап, ол да өмірден өтеді. Бір бақытсыз жанды өмірге әкелмей, сауап іс жасағым келеді...

Аягүл Мантай «Жауһар»

 

Әйелден басқа нәрсесінің бәрін сайлап алып, сосын үйленуге бел байлайтын жігіттер маған ұнайды.

Мырзагелді Кемел «Мың ой»

 

Жақсылық жасау тек қана мықтылардың қолынан келеді деу қате. Олардың көбі алдымен өзін ойлайды. Артылып бара жатса ғана өзгеге қол созған болады. Мал бергеннен гөрі жан берген олар үшін түк те емес.

Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі» (Қамшының сабы немесе айқаспаған кірпік)

 

Халықты, көпті айыптаудан аулақпын: Бірақ, кейбіреулер сен жоғарылап, өсіп, жақсы боп бара жатсаң аң-таң болады, әй, мынау қайда, қайда бара жатыр деп аяғыңа жармасады, төмен сүйрейді. Ал енді бірі – мынау кім, бізден несі артық, деп, өзінен-өзі күйінеді де, өсек айтады, жала сөздер таратады. Міне, осындай адамдар сенің құлап түскеніңе қуанады.

Сәуірбек Бақбергенов"Адам және көлеңке"

 

Ұлт дегеніміз – тіл, белгілі бір тілде сөйлейтін, белгілі бір салт-дәстүрмен өмір сүретін халық. Тіл мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер – ұлттың ұлт болып, халық болып өмір сүруінің басты шарты, негізгі ережелері, басқаша айтқанда, ата-баба салты кейінгі ұрпақ үшін – Ата жол. Ал ұлттық дәстүрлерге негізделген ата салтымен өмір сүру – әрбір азаматтың мына қым-қиғаш заманда адаспай, тура жолмен жүріп, бақытты ғұмыр кешуінің бірден-бір кепілі; сонымен бірге өз бақытын ұлт болашағымен байланыстырған әрбір адамның қоғам алдындағы азаматтық парызы.

Дандай Ысқақұлы "Рухани толғамдар"

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 47 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: