11/11/2023, 18:52 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Сен әділдік пен шындық дегенді өмірден іздеме, сөздіктен ізде – табасың. Жақау Дәуренбеков «Ойдауа»
Ноянның Құралайдың азғыруына еріп, Жоңғар еліне қашқанына енді ешкім шек келтірмеді. Қанша қиналса да амалы жоқ, ауыл ақсақалы бұл хабарды Батыр Баянға барып жеткізді: — Ер Көкше, Ер Қосай, Батыр Баян, Уақтың аруағын көкке көтеріп едіңдер, — деді қария, — сендер көкке көтерген жалауды Ноян інің жерге түсіріп тұр. Үкімін өзің айт, амалын өзің тап! Жоңғар қызының бір күле қарағанынан періште де жолынан таятынына шек келтірмеген Батыр Баян қайтарып ештеңе сұраған жоқ. Кесел болып іште жатқан күйігі, елінің намысы, жалғыз інісінен айрылу қаупі — бәрі-бәрі жан-жағынан қабаған иттей қамалап жан сезімін астан-кестең етті... Батыр Баян енді бір-ақ шешімге тоқтады. Бір қыз үшін елін сатқан қара бетті қалайда қолға түсіріп, өзі жазаламақ болды. Сауыт-сайманын киместен, керегеде ілулі тұрған қыпшақ садағы мен сауыт бұзар қос жебе салынған қорамсақты жалпақ күміс белдігіне байлай сап үйден атып шықты. Үнемі белдеуде тұратын Тұлпаркөгіне міне сала, бұ да оңтүстікке қарай шаба жөнелді. Ешкім тоқта деген жоқ. Ілияс Есенберлин "Көшпенділер"
Артынша күмбір-күмбір етіп, алғашқы қоңырау қағылатын да, шолақ таяғын сықырлатып, сылти басып, Қасым ағай класқа кіре беретін. Жайғасып отырған соң ол кісі қашанғы әдетінше: «Жұмыр жерде не жаңалық?» — дейтін балаларға барлай қарап. «Тыныштық», — дейтін балалар да әдетінше бір ауыздан жамырап. Қасым ағайдың көңілі соңда ғана тыныш тапқандай: «Тыныштық болғаны жақсы. Бәрі де тыныштықтың арқасы ғой», — дейтін де, сабақ бастап кететін... Дидахмет Әшімхан «Он бірінші күз»
– Ал дүниеде құдалық кезінде жеті атаны толық сақтайтын бір ғана ұлт бар. Ол – біздің қазақ. Бұл – керемет нәрсе. Ұлтымыздың бойындағы ең асыл қасиет. Ұрпағың азбауы үшін, қаның бұзылмау үшін, жеті атаға дейін қыз алыспау өте қажет. Мұны қазір ғылым да мойындайды. Генетика ғылымы былай есептейді: әке жағынан келгенде, сенің қаның балаңда – 50 пайыз (жарымы – анасының қаны), немереңде – 25 пайыз, шөбереңде – 12,5 пайыз, шөпшегіңде – 6,25 пайыз, шөбелегіңде – 3,12 пайыз, туажатыңда – 1,55 пайыз, жұрағатыңда – 0,75 пайыз, ал сегізінші жамағайыныңда – 0,35 пайыз болып, қан туыстығы бітеді. Қазақтың тек сегізінші атада үйленуге рұқсат беретіні содан. Қабдеш Жұмаділов «Жеті ата»
– Өзіңнің қандай адам екеніңді білмек болсаң, өткен өмір тарихыңды білуің керек. Иса Қапаев «Сынтаслы туралы толғау»
Ертеде ағайынды екі жігіт болыпты. Араларынан қыл өтпейтін тату екен. Бір күні үлкенінің әйелі: – Сендердің қатар жүргендерің біздің арқамыз десе: – Бізді ешкім де бөле алмайды, – деп ері кеудесін ұрыпты. – Көрерміз уақтысында, – деп сөз таластырмапты әйелі. Күндердің күнінде қой сойылып, бас-сирағымен ет асылады. Ет желініп біткен соң, іні мен келін отауына кетеді. – Не байқадың? – дейді әйел күйеуіне абыржыған кейіп танытып. – Не байқаушы едім. Тыныштық шығар! – деп ол жалтақтайды. – Ендеше тыңда. Екі көзіңнің бірі жау деп талай айтқамын саған. Құлағыңа ілдің бе? – Жайшылық па, ей? – Ана келінің сенің, екі алдыңғы сирақты өз балаларына беріп, екі артқы сирақты біздің балаларға сұрланып тұрып, ұстата салды. Өз балалары алда, біздің балалар артта жүрсін деп ырымдағаны ғой оның, – дейді бұлан-талан болып. Ері: «Мұның сөзінің де жаны бар-ау» деген ойға ат басын тіреп: – Әйеліне шамасы жетпеген әлгі ынжық итті шақыр, көзін ағызып алдына түсірейін, – деп қызынады ғой баяғы. Сонда әйелі ішек-сілесі қата күліп: – Оу, батыр екесі, бөлінбейтін болат емес пе едің. Басқасын былай қойғанда, бір сөз үшін қан сөліңді қашырдың. Әйел сынына шыдамай сыр алдыратының бар, неге күмпілдедің басында, – депті. Қапелімде сөз таба алмай ері басын сипап төмен карапты. Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі»
– Кеше көпке дейін ұйықтай алмай жаттым. Әкем туралы ойладым. Ол өзін өзі жоғалтып алған адам. Бір уақытта көз алдыма аппақ кебінге оранып жатқан әкем келді. Өксігімді баса алмай ұзақ жыладым. Жарықты жағып, айнаға көз салдым. Айнадан сыртқы кескін-келбетімді көрдім, ал көзімнің қарашығынан ішкі жандүниемді байқадым. Сол сәтте тірі әкемді өлімге қимай ұзақ жыладым. Бала кезімде әкемді жек көруші едім. Бірде анам аурухананың ауласын сыпырып тапқан жалақысын «сұрағанда бересің» деп қолыма ұстатты. Әкем анамның әлгі ақшасын мен жасырған жерден ұрлап, ішіп қойды. Бала кезімде анамнан қатты қорқатынмын. Жүйкесі шаршаған, ашуланшақ жан. Анамды, өзімді, бауырларымды аяп жыладым. Бір қызығы, анам күс-күс қолымен маңдайымнан сипап, тіл қатпай ұзақ отырды. Әлден соң: «Шаршадым. Құр сүлдерім жүр. Сендер үшін өмір сүріп жүрмін. Әйтпесе, мен өлген адаммын ғой» деді бар болғаны, – деп үнсіз қалды. Аягүл Мантай «Жауһар»
Сезімді логикаға бағындыру деген таза есуастық қой. Адам бойында өз еркімен туып, өз еркімен өлетін жалғыз-ақ азат қасиет ұнату мен жек көру. Енді соны ноқталамаңдаршы! Дулат Исабеков «Қарғын»
Мемлекеттiк тiлдi бiлу – шарт, ал өзге тiлдердi үйрену – өз еркiң, – дегендi баса айтатын уақыт жеттi. Есенгүл Кәпқызы «Ой түбінде жатқан сөз»
Ұлтты жетілдіру дегеніміз – оның бойындағы тарихи дәстүрлі игі қасиеттерді адамзаттық деңгейде байытып, қазақ адамын әлем адамы дәрежесіне көтеру. Алдан Смайыл «Саяси-әлеуметтік публицистика»
Қызық адам еді-ау Қасым ағай. Тарих пәнінен сабақ бергенінен бе, әлде соғысқа қатысқандығынан ба, ол кісі күнделікті саяси жаңалықтарды білмейтін оқушыны кешірмеуші еді. Сабақ үстінде кейде: «Латын Америкасында не болып жатыр?», «Таяу Шығыстың жағдайы қалай?» деген сияқты сұрақты кез келген оқушыға қойып қалатын да, білмесе, қатты ренжитін. Бірде мынадай да оқиға болған. Бөкендер тоғызыншы класта оқып жүргенде, ақпанның бір боранды күні Қасым ағай класқа түнере кірген де: «Жұмыр жерде не жаңалық?» — деген орындығына отырмай жатып. «Тыныштық», — деген балалар күндегідей жамырап. Қасым ағай сол сәтте таяғымен еденді қойып қалып, қалшылдап, «Қайдағы тыныштық, япыр-ау, қайдағы тыныштық?!» — деп ашуға булығып сөйлей алмай қалды. Балалар таңданып, бір-біріне қарасты. Ешкім ештеме түсінсе бұйырмасын. Өткен күнгі газетте жұмыр жерде айтарлықтай жаңалық жоқ сияқты еді. Латын Америкасы да, Таяу Шығыс та бір сәт дамыл тапқандай еді. Сонда бұлар білмейтін жердің енді қай пұшпағы жыртылып кетті екен? «Тыныштық дейсіндер, ә? — деді бір уақытта Қасым ағай сөзін ары жалғап. — Кеше анау қаныпезер Қайыпберді әйелін соққыға жығып, ауруханаға түсірді. Бес баласы шырылдап үйде қалды. Осы да тыныштық па? Бұдан өткен зұлымдық бар ма? Сендер «тыныштық» дейсіңдер аңқиып. Әлде біздің «Жамбыл» совхозы жұмыр жерден бөлек пе? Әлде сендер үшін бір ел мен бір ел қақтығысып, соғысып жатпаса ғана тыныштық болғаны ма? Жоқ, айналайындар, тыныштықтың басы ең алдымен отбасынан, өз ортаңнан басталады. Отбасына, өз ортасына опасыз адам Отанына да опа таптырмайды...» Дидахмет Әшімхан «Он бірінші күз»
Махаббат-сахаббат дегенді білмейтін қарапайым... топас жан едім. Сен мені бұздың, тәте. Сен менің дүниеге көзімді аштың. Махаббат, сезім дегенді білмейтін қарапайым... топас малғұн едім, бітеу едім, сен менің кеудемді аштың. Сен менің жаныма қанат бітірдің, сондықтан сен кінәлісің, тәте! Әкім Тарази «Қорқау жұлдыз»
Адам! Өте қызық! Дүниеде бұдан мықты, бұдан қуатты, бұдан жігерлі ештеңе жоқ. Жанды жансызда бұдан асыл зат, бұдан асқан күш және жоқ. Ал сондай күшті нәрсе ет пен сүйектен, қан мен теріден жасалған. Сондықтан да ол кейде нәресте көзіндегідей нәзік, жас шағындай таза. Ол кейде бала сияқты. Не болса содан жасып қалады. Не болса содан көңілі қайтады. Не болса соған ренжиді, болмашы нәрсе үшін қамығады, жапа шегеді. Ал, зәредей нәрседен қуат ап, қайта көтеріледі. Көңілі өсіп, шаттанады. Сәуірбек Бақбергенов «Адам және көлеңке»
- Әркім өзі үшін өмір сүреді. Жеңіс батылдардың қолында. Өзіңді ғана ойлауың керек. Байлық пен даңқ жолындағы өзімшілдікті махаббат пен әйел мейірімі жолындағы өзімшілдіктен жоғары қоя білу керек. Ги де Мопассан «Сүйкімді дос»
Шынын айту керек, қазақ тілін білмей, Қазақ елінде толық адам болып өмір сүруге болады деген сөзге өз басым еш келіспеймін. Себебі, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі»
Бір данышпан: – Сөйлегеннен тыңдаған артық, – депті. – Несі артық? – депті отырғандардың бірі. — Алла тағала бір тілге екі құлақты не үшін берген? – депті Данышпан жауабын сұрақпен қайырып. Исраил Сапарбай «Бір тамшы көздің жасындай»
Шынымды айтсам, әр сабаққа кірерде мені үрей билейді. Не айтамын, қалай түсіндіремін, ол жағы маған жұмбақ болады. Ал сіздер бақыттысыздар ғой, алдын ала кесіп-пішіп аласыздар, үйге берген тапсырманы тексересіздер, содан кейін үйге тапсырма бересіздер. Қалыпқа түскен өмір! Сіздерге қызығамын, қызғана да қараймын, менің қолымнан ол келмейді, қайтейін! Күніне өткізген үш сабақтан кейін, мен ішіндегі дәні мен нәрін сылып алған қаңбақбақтай қаңғырлап бос қаламын. Үйге әрең жетіп, талып түсемін. Үш сағаттың құнын үш сағатпен қайтарамын. Тырп етпей жатып, қайта қуат жинаймын. Сіз бақыттысыз, Лима. Басқалар да бақытты. Сабақ өткізудің тәсілін институтта қайтіп үйретті, сол қалыптан шықпайсыңдар. Сіздердің өмірлеріңіз жеңіл. Ал мен, мен құрғыр, өзімді өзім жеп бітемін. Өзімді өзім тез тауысатын түрім бар, қайтейін! Күнде күмәнданамын, осы мен өз табиғатыма қарсы шығып жүрген жоқпын ба? Менде ұстаздық талант жоқ. Менде тәлімгерлік қасиет жоқ, мектепті таста, шәкірттерді қорлама, қолыңа таяқ ал да, қой бағып кет деп өзімді өзім жазғырамын. Әкім Тарази «Қорқау жұлдыз»
Өнердің ең үлкені – өмір сүре білу. Адамша ғұмыр кешу қиынның қиыны. Оның қатып қалған қағидасы, белгіленген ережесі, бекітілген заңы жоқ. Әр адам тәуелсіз тірлік кешеді. Ол аз бола ма, әлде көп бола ма кедір-бұдыр жолы, қиын-қыстау асуы жетеді. Қызықтары да бір таусылмайды. Несіп Қалымбетова «Тағдыр мен тағылым»
Маған келген адам «детская травмам» бар деп әңгіме бастаса әуелі мұқият тыңдап аламын. Психолог этикасында «проблеманы» құнсыздандыруға болмайды. Сол үшін де барынша маман ретінде кеңес беруге тырысамын. Бала кезде болған зорлық-зомбылық, кісі өлімі, шешесін өлімші етіп сабаған әке, асылып қалған ағайын, педофил әрекеті дегендермен барынша терапия өтемін. Расында, процесс өте киын. Расында, сана үшін, болмыс үшін үлкен травма. Жылдар бйы жинақталған дүниелер арқылы жарылыстар боп жатады. Ал енді ата анам дұрыс көңіл бөлмеді, «велик» әпермеді, кітаппен басымнан ұрды, жаңа жылға пайетка көйлек кие алмадым, есеп шығармағаным үшін бұрышқа тұрдым, Рианнанын фотосы бар күнделікті алуға ақша жетпеді деген түрлі нәрсе айтатындар бар. Бұлар травма емес. Гештальт деп жатады гой. Тіпті сол гештальт та емес. Себебі оны жапканда адам ерекше сезімді бастан кешіруі керек. Бірнеше жыл өтіп, пайетка кигеннен яки Рианна күнделігін алғаннан гештальт жаптым десеңіз – ол өзінізді алдағаныңыз. Жалпы, адамзат баласы үшін ең оңай нәрсе өзін алдау. Әсел Қасенқызы «Қыз ғұмыр келте неткен?»
Дүниедегі қиынның қиыны, қорлықтың ең үлкені – өзің білгенді өзгелерге айтып жеткізе алмау екен. Болат Бодаубай "Қарт тергеушінің әңгімелері"
Білгеніңді сөйлеме, не сөйлегеніңді біл. Мырзагелді Кемел «Мың ой» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 49 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |