Кітап үзіндісі
31/10/2023, 16:08

 Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

— Өмірдің жалғыз жұбанышы —  махаббат! Сүйікті әйеліңді құшағыңа қысу — адам рақатының ең биігі сол!

Ги де Мопассан «Сүйкімді дос»

 

«Дүниеге сәби келген сайын Тәңірдің төзіміне таңғаласың! Пәк әлемнен осы дүниеге періштедей сәбиді туғызған сайын Тәңірдің адамзаттан әлі де көңілі қалмағынын көрем. Осының өзі маған үміт пен серпін сыйлайды» деген еді. Сол сияқты жарқ етіп сәуле шашатын саналы адамнан үмітің үзілмесін.

Санжар Керімбай «Өмірге ғашық болу»

 

Ер жігіт отаншыл, халықшыл болуы үшін ең алдымен өз отбасының амандығына бас ауыртады. Бұл шығыстық, қала берді ұлттық идея. Басы аман, бауыры түгел ердің артына алаңдауы да аз болады. Сөйтіп, елін-жерін өзгеден ерек қорғайды.

Есенгүл Кәпқызы «Ой түбінде жатқан сөз»

 

Құрандағы «ұятты, әурет жерлеріңді жауып жүріңдер» деп жазылғандығы жайлы. «Бет-аузыңды түгел бүрке» деп айтылмаған. Қос бұрым, он екі өрім шаш ұятты жерге жата ма екен? Бұл не деген ауажаюшылық? Қазақ қыздары тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салмаған. «Басына орамал түсті» деген «ақ некелі әйел болды»  деген ұғым. Тұрмысқа шықпай тұрып орамал салу Қазан төңкерісінен кейін комсомолмен бірге келген. Қазақ қыздары кәмшат бөрік, моншақты сораба, үкілі тақия секілді керемет сәнді баскиімдерді киген. «Қыздың көркі —шаш» деп шаш күтіміне айрықша мән берген. Шолпы, шашбау сияқты әшекей бұйымдар таққан. Қазақтың арулары келін болып түскенде сәнді сәукеле киеді. Бір жыл жас келін ретінде сәукеленің жібек желегін салады, күнделікті үй шаруасына орамал тартады. Жыл толғанда апа-әжелер, абысын-ажын арнайы дастархан жасап, келінге кимешек кигізу рәсімін жасайды. Бұл да бір өнегелі дәстүр, атаулы күн саналған. Атақ-дәрежесі бар адамдардың келіндерінің кимешегіне алтын, меруерт, лағыл тастар қосылған. Бұлар – той-томалақта, Рамазан айт, қонаққа барғанда киетін біркиерлер. Күнделікті отбасында ыңғайлы әрі қарапайым тігілген кимешектер киген...

Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты»

 

Жан – Алланың аманаты, жазу – аруақтың аманаты. Алмаса – міндет артқаны, жазбасаң қарызға батқаның. Орнымен жұмсалмаған тіршілікте мән жоқ. Сол, сұрықсыз қалыпқа түсіп бара жатқан мәнсіз тіршілікке қайтадан өмір шырағын жағу қажет еді.

Мұхтар Мағауин «Мен»

 

Тұманбай Молдағалиевтің: «Бір ауыз сөз үйреніпсің бүгінде, менің ана тілімде, қазақ болып туғаннан соң, бөбегім, қазақ болып өлген жақсы түбінде» деп ұлына айтқан сөзін ұлтына айтқан ұран сөзі деп қабылдасақ.

Өтеген Оралбай «Серпер сезім»

 

Мен саған бір мысал айтайын: біздің колхозда қазақтан басқа ұлттар да тұрады. Бізде орыс, неміс, украинец, чечен, татар бар. Олар арыз бермейді емес, береді. Бірақ арыз бен арыздың айырмасы бар. Мәселен орыс арыз береді, үй салуға материал бер, участок бер дейді. Неміс арыз береді, үйімді салып алуға қарыз бер дейді. Чечен арыз береді, туған жеріме қайтам, жол қаражатым аз, соған көмектес дейді. Татар арыз береді, баламды балалар бақшасына орналастыр, өзімнің сүйетін жұмысымды бер дейді. Мұндай арыздарды, өтініштерді оқығанда сүйсінесің, қайткенде де қол ұшын беруге мүмкін болған жағдайды туғызуға асығатын. Ал ащы да болса жасыратыны жоқ, біздің жігіттер арыз береді, анау ішіп қойды, анау жеп қойды, мынау қап алып қойды, ана біреу қымтып қалды, пәленнің әкесі құлақ болған, түгеннің шешесі байдың қызы болған, анау неге магазинде істейді, мен неге қызылша отаймын... Міне, арыздардың түрі осындай боп кете береді. Оқи бастасаң ақ бетіңнен отың шығады. Кейбіреулер қорада тұрған иттері шешіліп кетіп, таласып қалса, содан бастап араздасады да, ақырында бір-бірінің бетін қып-қызыл шиедей етіп алады, енді қайтып көріспестей боп бір-бірінің үстінен төгеді ақ көп арызды!

Сәуірбек Бақбергенов «Адам және көлеңке»

 

Жақсы адамдар жауыздыққа қарсы тұрмаған кезде жамандық көбейедi.

Гүлбиғаш Омар «Қайда барсаң – саясат»

 

Адамды уақыт алдында жеңіліске ұшыратпайтын екі нәрсе бар, ол – кейінге мирас етіп қалдыратын ісі және ұрпағы.

Болат Бодаубай «Қарт тергеушінің әңгімелері»

 

Жаман халық болмайды, жаман саясат болады! Жаман адам жоқ, жаман әрекет бар. Адамдардың жаман әрекетке баруы – тәрбиенің нашарлығынан.

Баянғали Әлімжанов «Жүз жылдық толғау»

 

Біз – өмірге қонақпыз. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз.

Мырзагелді Кемел «Мың ой»

 

Жебе – садақшының қолымен жүзеге асатын, нысанаға бағытталатын ниеті; яғни ол еркін, әрі өзі үшін алдын ала таңдалған жолмен ұшады.

Оған тартылыс күші мен жел кедергі келтіреді, бірақ не айтсақ та, бұл оның траекториясының бір бөлігі; дауыл ағаштан сындырып әкетті екен деп, бұта – бұта болмай қалмайды.

Адамның ниеті де сол сияқты. Ниет таза, түзу, анық әрі айқын болуы керек. Тағдырын бөліп тұрған кеңістікті жүріп өткен кезде оны ешкім тоқтата алмайды.

Пауло Коэльо «Садақшы»

 

Бұл өмірдегі ең үлкен еркіндік «өмірімдегі таңдаудың барлығын (мейлі дұрыс болсын, бұрыс болсын) өзім жасадым» деген жауапкершілікті мойныңа алу болса керек. Әйтпесе соларды түзеу еркің жоқ, өзгенің, жазғанның, жағдайдың, тағдырдың құлы ғанасың.

Торғын Жолдасбекқызы «Пана»

 

Грек халқының ойшыл данышпаны әрі қоғам қайраткері Хилоннан не нәрсе қиын деп сұрағанда:

«Құпияны ішінде сақтау қиын», – деген екен.

Несіп Қалымбетова "Тағдыр мен тағылым"

 

Ғұлама айтады:

— Қарсыласың қаншалықты қауқарсыз болса да, сен оны мықты деп біл және одан үнемі абай бол. Күшті досыңды, керісінше, әлсізге сана. Жеме-жемге келгенде, оған арқа сүйеймін деп дұшпаныңнан оңбай таяқ жеп жүрме.

Исраил Сапарбай «Бір тамшы көздің жасындай»

 

Ұят ісіңді ұлағатты сөздермен де жуып-шая алмайсың.

Жақау Дәуренбеков «Ойдауа»

 

Біз қазір бойымыздағы кез келген кемшілікке, кертартпа қылық, томаға тұйық мінез, ұялшақ қасиет, агрессия, қандай да бір кері әсерін беріп жатқан дүниеге ата ананы кінәлауға бейімбіз. Қазіргі психология тенденциясында ата ананы кінәлау арқылы өзімізден жауапкершілікті алып тастаудың төте жолы бар проблеманы балалыққа итеріп тастау. Өзіміздегі кемшіліктің негізін балалықтан іздеуге етіміз үйреніп қалды. Қай психологқа барсақ та, әуелі "балалық травма" деп бастайды. Екі күн қазбалаймыз. Себеп іздейміз. Өзімізше оны санадан өшірген боламыз...

Әсел Қасенқызы «Қыз ғұмыр келте неткен?»

 

Сөз – жебе. Кімге аттың? Кімге тиеді?

Торғын Жолдасбекқызы «Пана»

 

Бәрің сондай арамсыңдар, еркектер. Әйел байғұсқа жаппайтын жалаларың жоқ. Жанаса кетсе, жабыса қалады деп ойлайсыңдар. Ол да біреудің бұлалап өсірген қызы емес пе, ол да біреудің алақандарына салып мәпелеген адалы емес пе. Сыртынан ғайбат сөз айтуға ұялмайсыңдар ма?

Әкім Тарази «Қорқау жұлдыз»

 

Сендер, бүгінгі жастар, неге тым жеңілдікке әуессіңдер. Бесіктен белдерің шықпай жатып рахатқа күмп бергілерің келетіні қалай? Ондай рахатқа батып та жүрсіңдер. Мәселен, мына сен әкеңнің арқасында табаныңа тас батып, тама ғыңа қара тікен қадалды ма? Болмаса арқаңа ауыр жүк түсіп, бұғанаң бекімей белің бүгілді ме? Жоқ, бұның барлығын заманында сенің әкең, сенің әкең сияқты анау қаусаған қара шалдар көтеріп алған. Соны түсінудің орнына болғанның үстіне болса екен, бергеннің үстіне берсе екен дейсіңдер. Жарқыным-ау, судың да сұрауы бар ғой... Біздің ең қиналатынымыз, оқуға түсіп, бірден маман болғыларың келеді. Артық айтсам айып етпе, ондай маманның пұты беш тиын, айналайын!..

Дидахмет Әшімхан «Он бірінші күз»

 

Айдың арғы бетiне үңiлсек, атасын ошақ басынан алыстатқан бала кiмнен туды, неден ондай болды? Оған қатiгездiктi кiм үйреттi? Исламда «бала – ата-анаға аманат» дейдi, ендеше ата-ананың ең басты мiндетi – балаға жақсы тəрбие беру. Балаға жақсы тəрбие бере алмаған ата-ана қартайғанда одан рахат көрмедiм деп неге ренжидi?

Гүлбиғаш Омар «Қайда барсаң – саясат»

 

Өттерің жарылса да айтайын! Тәлімгер деген, мұғалім, ұстаз деген кіршіксіз таза болса, жаны таза, киімі таза, үлгі болса, жарасып тұрмай ма? Тәлімгер деген —ол жұрттың ақылды ағасы, ол... ол... баяғыда қожа-молда қараңғы жұртты алдағанда: "Мен Құдайдың жердегі өкілімін" дейді екен. Біз дінге сенбейміз, әрине, біз Құдайға сенбейміз, әрине. Бірақ егер Құдай бар болса, мұғалім, ұстаз, тәлімгерді мен өз басым сол Құдайдың жердегі өкілі дер едім, шын мәніндегі өкілі дер едім. Ал сендердің жүрістерің анау.

Әкім Тарази «Қорқау жұлдыз»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 46 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: