Кітап үзіндісі
17/10/2023, 11:16

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Журналист – халықтың көзі, билік пен екі арадағы көпір іспеттес адам

Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі»

 

Ұлтымыздың ертедегі тамаша дәстүрінде, ұғымында алыс жерге қолдан ұзатылған қыздың бүкіл сәнді, салтанатты жөн-жоралғылары жасалып, яки құдалар бірін-бірі шақырып, тағы да басқадай салт-дәстүр түрлері орындалып біткен соң екі-үш жыл қыздың артынан іздеп бармайды екен. Қыздарын сағынбағандықтан емес, оның сол жерге бейімделіп, үйреніп, әбден сіңіп кеткенін қалаған. «Бір қолдап тамақ ішкеніңде көрісерміз», – деген екен, яғни балалы бол, оған дейін бізді күтпе деген ескертуі болған көрінеді. Сөйтіп, қазақ қыздары сол әулеттің намысын, атақ-абыройын арттыратын, өзінің ата-анасына кір келтірмей, тәрбиесін келген жеріне көрсетіп үлгерген кезін күтеді екен. Балалы болып сүйінші хабар келсе ғана барған. Осылай туысқандықтың тамыры тереңге кеткен кезде іздегенді мәртебе, жөн санаған. Тәйтің-түйтің, берекесіз іздеудің құнсыздығын білген, жөнімен байқаған дейді.

Несіп Қалымбетова "Тағдыр мен тағылым"

 

Сталиндік экономикалық өсу жолы ерекше болған жоқ; өнеркәсіптің дамуы мемлекеттің бұйрығы мен ауыл шаруашылығынан түскен орасан зор салыққа тәуелді болды. Бірақ коммунистік мемлекет ұтымды салық жүйесін жасай алмады, сондықтан тікелей салық салудың орнына, Сталин ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жолын таңдады. Ұжымдастыру дегеніміз —  жерге жеке меншікті жою, бұрынғы меншік иелерін — шаруаларды Коммунистік партия басқаратын алып колхоздарға зорлап кіргізу болып шықты. Бұл Сталинге жүздеген жаңа зауыт салған жұмысшыларды тамақтандыру үшін ауылшаруашылық өнімін оңай тартып алуға мүмкіндік берді. Бұл саясаттың салдары ауыл тұрғындарына, шынымен де, нағыз апат алып келді. Колхозда ықыластана еңбек етуге жұмылдыратын ешқандай ынталандыру шаралары болмай, шаруалардың өнімділігі күрт төмендеді. Өнімнің үлкен бөлігі тәркіленді, қалған бөлігі тамаққа да жетпеді. Ашаршылық басталды. Ең ақырында, мәжбүрлеп ұжымдастыру үдерісінде алты миллионға жуық адам қайтыс болды, ал жүздеген мың адам өлім жазасына кесілді немесе Сібірге жер аударылды.

Дарон Аджемоғлы, Джеймс А. Робинсон "Мемлекеттер неге дамымай қалады"

 

Алла адамзатты тең етіп жаратқан. Әрине, Тәңірдің жазуымен кем кетіктер бар шығар. Бірақ жақсы болу, жаман болу пенденің өз қолында.

Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі»

 

Махаббат сөздерінің бәрі бірдей, мәселе оның кімнің аузынан шыққанында.

Ги де Мопассан "Сүйкімді дос"

 

Әлемдегі барлық соғыстардың жартысынан астамы діни жатсынудан шыққан. Сонда жалғыз хақтың құшағына сыймаған адам қай құдіреттің аясына аялдайды? Әркімнің өз құдайы, өз ақиқаты болса, жер басып жүрген 6 миллиард пендені түгел ұйытатын шындық, сірә да, табылмақ емес пе?! Бәлкім, тарих үшін, ғалам үшін, болашақ үшін адамзатты табыстыруды құдайларды табыстырудан бастау керек шығар.

Алдан Смайыл "Саяси-әлеуметтік публицистика"

 

Дін – біле білгенге рухани азық, білмегенге – от.

Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі»

 

Күлкілі, бірақ Уинстон ойын қағазға түсіру қабілетін жоғалтып алғанымен қоймай, күнделікке не жазғысы келетінін де ұмытып қалған болатын. Ол дәл осы сәтті бірнеше апта бойы күтті. Алайда жазу үшін батылдық пен тәуекел аздық ететінін ойламаған еді. Жаза салу түкке тұрмайды деп ойлайтын ол. Бар болғаны, жылдар бойы санасын сенделткен ішкі монологін қағазға түсірсе болды. Алайда сарыла күткен сәтіне жеткенде монологі жоқ болып кетті.

Джордж Оруэлл «1984»

 

Қоғам екітілді дейміз. Алайда екітілді тек қазақ қоғамы. Орыс қоғамы – екітілді болуға ұмтылмады, ұмтылғысы да келмейді. Өйткені оларға бұның қажеттілігі жоқ. 20 жылда қазақша сөйлеу қажет, үйрену керек деген сананы сіңіре алмауымыз – кімнің трагедиясы? Билік күн өткен сайын жиындарды, мəртебелі мінберлердегі жарыссөздерді орысша өткізуді көбейтпесе, азайтпай отыр.

Есенгүл Кәпқызы «Ой түбінде жатқан сөз»

 

Мемлекеттiк тiл мəселесiн түбегейлi шешудiң жолы, ұлттық прогреске жетудiң ең басты шарасы – осы заманғы бiлiм берудiң барлық деңгейiн қазақ тiлiне көшiрудi қамтамасыз ету.

Гүлбиғаш Омар «Қайда барсаң – саясат»

 

Шынында өлім деген, өмір деген немене? Адам өлмек үшін туған. Бүгін өлдің не, ертең өлдің не? Өмір — қабақтың қаққаны. Ендеше, аз күн тіршілікте өмірден қандай қызық, қандай ләззат болсын, алып қалу керек. Өлген соң түк те жоқ.

Жүсіпбек Аймауытов "Ақбілек"

 

«Түн ішінде адасып кетсең ішкі түйсігің мен астыңдағы атыңа сен. Тізгінді босатып, атты еркіне жібер, керек жерге өзі-ақ апарады. Ең сенімді бағдар – Темірқазық жұлдызы, ол үнемі солтүстікте тұрады!»

Баянғали Әлімжанов «Жүз жылдық толғау»

 

Мансаптың биігіне ұмтылу — ол өсімдіктің күнге ұмтылуы секілді табиғи құбылыс.

Бердібек Соқпақбаев «Балалық шаққа саяхат»

 

Қол байлау болып тұрған басты проблема – ұлттық намыстың азаңдығы. Мемлекетшілдіктің мазаңдығы. Елшілдіктің еренсіздігі. Туған тілді білуге деген перзенттік болмыстың әлсіздігі. Ана тіліне деген адал да аршыл ниеттің жетіспеушілігі.

Өтеген Оралбай "Серпер сезім"

 

Даланың перзентi болғандықтан, қастасқанда да, достасқанда да iшек қырындысына дейiн көрсетiп ақтарыла сөйлеу, шешiлiп сыр айту – қазақтың мiнезi.

Гүлбиғаш Омар «Қайда барсаң – саясат»

 

Балам-ау, түйедей нәрсені қалай байқамағансың, мә, бәрін де қайтарып бер, кісі ақысының сұрауы жаман болады.

Дулат Исабеков «Дермене»

 

Сүйікті болу қандай жақсы. Әсіресе өз көңіліңе ұнаған қызың сүйсе...

Тахауи Ахтанов «Боран»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 50 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: