Кітап үзіндісі
09/10/2023, 09:27

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Егер Қазақстандағы орыстар осы жердi Отаным деп бiлiп, осы жердiң азаматы екендiгiн мойындаса, осы елдiң заңын сыйлай бiлсе, оларға кiм тиiспек? Əлде мемлекеттiк тiлдi бiл деу – олардың құқығын аяққа таптау болып есептеле ме?

Гүлбиғаш Омар "Қайда барсаң – саясат"

 

Орысша сөйлеген сатушының тауарын ұнатсам да, бетiне бiр қарап, қасынан өтiп кетемiн. Ана тiлiме өзге тiлде жауап алып, өзiмдi қор сезiнгiм келмейдi...

Гүлбиғаш Омар "Қайда барсаң – саясат"

 

Дәстүр халықпен бірге туады, бірге қалыптасады, бірге дамиды. Ұлттың дәстүрі ұлтпен бірге жасасады. Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар. Ол заманына қарай жасарып, жаңарып отырады. Оған діннің де жасампаздығы әсер етпей қоймайды. Қазір біздің кейбір ағайындар дін мен дәстүрді шатастыра бастаған секілді. Кісі өлсе денесін суытпай жер қойнына бере салу керек дейді. Ал біздің ата-салтымызда өліктің де рухын қадірлеген, қастерлеген. Алыс-жақын, ел-жұрты жиналып, арулап жер қойнына берген. Ол – тірілердің дүниеден өткендерге жасайтын ең соңғы парызы. Осының өзінде үлкен мән-мағына жатыр, үлгі-өнеге жатыр. Тәубаңа кел, сен де осы дүниеге келген бір қонақсың деген ұғым бар. Адамнан асқан құдірет бар ма? Ал сол құдірет өмірден өткенде өлекседей көме сал деу санаңа сыя ма? Сыймайды. Ол аз десең, сол өлген кісінің «жетісін, қырқын, асын берме» дегендер де шығып жүр. Бұл не сонда? Бұл діннің ісі емес қой. Бұл ұлттың салт-дәстүрі емес пе? Баяғы заманнан бері келе жатқан әдет-ғұрпымызға қиянат болып есептелмей ме? Осылай кете берсек, салтымыздан адасып, қалпымыздан жаңылып қалмаймыз ба? Бұл – халықтың дәстүрі, оның дінге қатысы жоқ. Түрік дәуірі, түрік қағанаты – бұл қазақ қағанаты деген сөз. Түрік қағанатының іргетасын қалаған, оны құрған негізгі рулар мен тайпалар кейін қазақ халқын құрады. Содан бері жалғасып келе жатқан ата-салтымыздан бір мысал келтіре кетейін. Кейінгіге сабақ болсын. VIII ғасырда Күлтегін батыр дүниеден өткенде басына ерлігінің куәсіндей ескерткіш орнатады. Батырдың ерлігін өшпестей етіп тасқа қашап жазады. Бабалар аңыр тасқа ойып жазып кеткен сөздерге назар салыңыз: «Күлтегіннің асында оның төрт мың жылқысын, ірі қара малын, алтын-күмісін, дүние-мүлкін тұйғындар елге таратты» деп жазылған. Бұл діннің ісі емес, халықтық салтымыз ғой. Ендеше, халықтық салтымызды дінмен шатыстырып, қалың қауымды адастырмайық.

Сүлеймен Мәмет "Көңіл көзі"

 

Қайда барсаң да уағыз айтатындардың өлім туралы зарлап жатқанын көресің. Түбінде өлетінін әркім-ақ біледі ғой, соншама елге үрей тудырудың керегі не? Сонда біз жас ұрпақты «сен өлесің» деп тәрбиелеуіміз керек пе? Бақытты, мағыналы өмір сүр, еліңнің айтулы азаматы бол, жақсы кісі бол деуіміз керек емес пе? Ес кіре бастағанынан балаға «өлесің» деп отырсақ, оған өмірдің не керегі бар? Ақыры өледі екенмін ғой деп ол бала ажалынан бұрын пәлеге ұшырауы мүмкін.

Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі»

 

Қазір басына ақ орамал, ақ көйлек киген әйел, тақия киген бала да уағыз айта беретін болды. Бұрынғылар ата-салтқа сүйеніп, Пайғамбар жасына жетпеген еркек уағыз айтпайды деуші еді. Уағыз айту ақыл айту деген сөз. Ғибратты сөз айту. Ақыл айтатын адам өмірді көрген жасамыс, білімі бөлек болса керек еді. Ой өрісі де биік болуы қажет қой. Анасының құрсағынан шықпай жатып уағыз, ақыл айтатындар көбейіп кетті.

Сүлеймен Мәмет "Көңіл көзі"

 

Бiз қазақтың намысына келетiн сөз айтсақ, ешкiм өре түрегелiп оның намысын жыртпайды, керiсiнше, бiрге жамандасады, ал руының намысына келетiн сөз айтсақ аттандап, жаға жыртысуға дейiн барамыз. Демек, бұл бiздiң ұлт ретiнде қалыптаспағандығымыздың көрiнiсi емес пе?

Есенгүл Кәпқызы «Ой түбінде жатқан сөз»

 

– Біздің қанымыз бір, ал ол сендердің ұстаған туларыңның түсінен маңыздырақ! Ақ па, қызыл ма, бай ма, кедей ме, қай рудан шыққан, қай жерде туған – осының біріне қарамастан қазақ қазақ үшін – туысқан!

Баянғали Әлімжанов «Жүз жылдық толғау»

 

Асыл жандар, мұғалімдер, ұстаздар,

Шын шеберлер, өнерпаздар, іспаздар,

Әр шәкірттің кеудесінде бір ту бар,

Сол бір туды жығып алмай ұстаңдар!

Ғафу Қайырбеков «Ұстазбен сырласу»

 

Батырлардың бас сүйегін әкелсе болашақ өзінен өзі реттеліп, қазақ жұрты дүр сілкінетіндей сезіледі. Өткенде Кейкі батырдың басын әкелді. Бірақ ештеңе өзгермеді. Ел жаңалық ретінде оқыды да қойдық. Шынымен де елге БАС әкелу тиімді болса, марқұмның емес, тірі қазақтың басын әкелген дұрыс шығар. Мысалы, жазушы Мұхтар Мағуиннің, энергетик Мұхтар Жәкішовтың, ғалым Саят Ыбырайдың, саясатшы Жақияновтың, тағы басқа алтын басты азаматтардың ұзын-сонар тізімін айта беруге болады.

Санжар Керімбай «Өмірге ғашық болу»

 

Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды.

Гүлбиғаш Омар «Қайда барсаң – саясат»

 

«Көтерiлiс пен төңкерiстiң айырмашылығы неде?» деп сұрапты бiреу. Оған берiлген жауап:

«Төңкерiс дегенiмiз – мақсатына жеткен көтерiлiс».

Гүлбиғаш Омар "Қайда барсаң – саясат"

 

Француздың атақты жазушысы Андре Моруадан: «Тарихты кім көп өзгертті: Цезарь ма, Наполеон ба?» деп сұрапты. Сонда әйгілі қаламгер: «Тарихты көп өзгерткен тарихшылардың өздері» деп жауап беріпті. Осындай жағдай біздің елдің де басында бар. Өз тарихымызды өзге елдің «тарихшылары» жазғанда біз өзіміздің кім екенімізді білмей, өзімізге үрке қарап, әке тарихымызға павликморозовтық пионерлік дүниетанымнан қарағанымыз да, өкінішке орай, күні кеше еді ғой.

Өтеген Оралбай «Серпер сезім»

 

«Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің»

Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі»

 

Қала базары тола қайыр сұраған қазақтар. Кенет ашқұрсақ жасөспірім баланың бірі базаршының жарты бөлке нанын ала қашқан екен. Нан иесі қуып жетіп, желкесінен бір-ақ түйгенде әлгі бейшара табанда жантәсілім еткен көрінеді. Сонда: «Ау, «тәбәріш»(«товарищ» – «жолдас» – Н.Ү.), мұның қалай? Біреудің ер жетіп қалған баласын өлтірдің ғой? Кәне, құнын төле немесе заң алдында жауап бер!» – деген бір ауыз сөз айтылмапты. Себебі, Сталин «жолдастың» нұсқауымен, Голощекиндей қандықол қарақшының аса белсенділігімен, қызыл Орталық жүргізген осы бір сұрқия саясат кесірінен қазақ баласының құны, жасөспірімінің өмірі жарты бөлке нанға да татымай қалған заман еді. Әттең дүние-ай!...

Болат Бодаубай "Қарт тергеушінің әңгімелері"

 

Бала – бақыт, береке емес пе? Ол гүлдей нәзік қой. Ал ата-аналық махаббатын арнай алмай, оған жөнсіз ұрса берген, тіпті қол жұмсағандарға не деуге болады? Еркелеп, елпеңдеп келе жатқан алты жасар Мақсаттың қолындағы кесе түсіп кетіп, сынып қалды. «Кеше ғана сатып алған дүнием еді-ай» деп шешесі ашуға булығып, кішкентай баланы шапалақпен салып жіберді. Мақсаттың жандауысы шықты. Еңіреп жылап ол кетті...

Кесе сынса сынар, тіпті тағы біреуін сатып аларсың. Балаңның өр рухы сынса, оны еш жерден сатып ала алмайсың ғой?! Міне, осыдан соң отаншыл емес, жігерсіз, жасық, жалтақ жандар қайдан шығады дейміз.

Әкім Ысқақ «Алтыным»

 

Әбіш Кекілбайдың сол кездегі Жоғарғы Кеңесте (1992 жыл) сөйлеген мына бір сөзі әлі де есімізде: «кеше ел басына күн туғанда, тар үйімізден орын ығысып, төрімізді ұсынғанда, тартыңқы дастарханымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемізді ауыздарыңызға ұстағанда, біз күндердің күнінде, бүгінгідей демократия орнатып, кемелденеміз деп жатқан заманда өз үйімізде өз тілімізде сөйлеу үшін мына сіздерден бүйтіп жылап тұрып рұқсат сұраймыз ғой деп ойлап па едік?!» Сол кездегі орыс тілді Жоғары Кеңес қазақ тіліне мемлекеттік статус беру туралы мәселе күн тәртібіне қойылғанда ол «рейхстагты шабуылдағаннан да қиын болды».

Өтеген Оралбай «Серпер сезім»

 

Сақал қойғанның бәрін молда деп, ораза ұстап, бес уақыт намаз оқығанның, дінді насихаттап жүргеннің бәрін діндар деп айта алмаймын. Дінді бала жастан, ұзақ жылдар үйрену, игеру керек. Дін санаға, қанға, сүйекке сіңу керек. Дінді насихатқа айналдырып жүргендердің көбі Құранды оқи алмайды, бұзып оқиды. Еліктеушілер, ұрынушылар сондайдан шығады.

Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 45 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: