02/10/2023, 09:17 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Ер адамды – қыран етіп самғататын да, жыландай жолды жолсызбен жорғалататын да әйел. Көзге қораш, көңілге олқы көрінгенмен одан асып түсетін ер аз. Оның үстіне ол дүниеге ұрпақ әкеледі. Ана! Анаға бас имеген бала бейбақ! Бейбақ бақытты болған емес! Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі» (Қамшының сабы немесе айқаспаған кірпік)
Бай елдердін бай болатын себебі олар шамамен соңғы үш ғасыр ішінде өздері үшін инклюзивті институттарды дамыта алды. Бұл институттар кері байланыс үдерісінің арқасында нығая түсті. Бастапқыда тұрақсыздау және өте шектеулі мағынада ғана инклюзивті болғанымен, олар үдерісті іске қос- ты, соның нәтижесінде олардың инклюзивтілік деңгейі біртіндеп арта түсті. Дарон Аджемоғлы, Джеймс А. Робинсон «Мемлекеттер неге дамымай қалады?»
– Дін дегенде қызық-ау өзі. Дінді уағыздаушылардың шығармайтыны болсайшы бұл. – Әңгіме мұнда дінде, діндарлықта емес. Дін деген бұл жерде желеу ғана. Түп-тамырына қарағанда бұл адам баласы өмірінде тым болмаса бір рет өз ар-иманымен бетпе-бет келіп өзіне өзі жан-жүрегін жайып салуды аңсаудан туған құбылыс. Күнделікті пендешіліктен бір сәт қол үзіп өзімен өзі сырласуын мұрат тұтқандықтан болса керек. – Фудзиямаға тек өзімен өзі сырласу үшін ғана шықпайды, құдайға мінәжат етіп табыну үшін шығады. Құдай дегеніңіз шырқау биікте. Адам атаулыңыз оған құрт-құмырсқа сияқты өрмелеп, азаптанып жетеді. Сөйтіп өзі жасаған бар қылмысын жалбарынып жайып сап кінәсінен ақталады. Адам баласының өмірге деген ынтызарлығымен бірге ұлылығы да осында жатыр. – Сенің құдай туралы байыптауың «құдай көкте, адам жерде» деп құлдық ұрған орта ғасырдағы көр сауат шаруаның ұғымынан айнымайды екен. Ал құдай дегенің сайып келгенде тек қана атау, құдай сол өзіңнің арың – сол арыңның алдында есептесу ғана болса қайтесің? Әркімнің бір құдайы болса ол өзінің ары. Мүмкін, адам баласының өзің айтқан өмірге ынтызарлығы да жасаған кінәларын өзіне өзі кешіруге дәрмені жетпеуден туған шығар. Қалтай Мұхамеджанов «Көктөбедегі кездесу»
Несіне тырбаңдаймыз? Бәрі де өтеді. Өтпейтін тек уақыт қана. Адамдар: «Уақыт өтіп барады», – деп өкінеді. Шынында өтіп бара жатқан уақыт емес, өмір өтіп барады. Ал уақыттың басы да жоқ, аяғы да жоқ. Уақытты жылға, айға, сағатқа, минөтке, секөнтке, ғасырға бөліп жүрген адамдар ғой. Уақыт – мәңгілік. Мәңгілік басталмайды да, аяқталмайды да... Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 49 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |