Кітап үзіндісі
26/09/2023, 22:48

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Жақсы көрген жаныңнан үйренген әдет жадыңнан шықпайды екен-ау.

Әзілхан Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар»

 

Өнеге алуға болатын кісімен араласу

 

Сен үшін достарыңмен ара­ласу білім мектебі, ал әңгімелесу – ұнамды үйрену болсын: достарыңа ұстаз ретінде қара және оқудан келер пайданы әңгімеден алар ләззатпен ұштастыр. Ақылдылардың достығы өзара пайдалы: әңгіме айтушы тыңдаушы­ның мақтауын естіп көңілі өседі, ал тыңдаушыға ақыл қосылады. Бірақ әдетте біз мұны ұмыт қалдырамыз, өйткені менменшілдігіміз оған бөгет жасайды. Есті адам күйкі тірліктің емес, өнегенің мекені болатын жарқын жүзді адамдармен араласады. Көзі қарақты сөзімен және ісімен өзде­рі ғана өнеге беріп қоймайды, сондай-ақ олардың төңірегіндегілер де ізгі істерімен ерекшеленеді.

Мырзагелді Кемел «Ақыл қалта»

 

Пенденің екі аты бар. Ер және әйел. Осы екеуінен өзгені пенде демеген. Екеуіне сезім ортақ. Ой ортақ. Арман ортақ. Қайткен күнде де Құдайдың есебі түгел. Әлмисақтан әйел қылды не, еркек қылды не, әйтеуір бойға күш-қуат, ойға белгілі бір миссия, жүрекке қолымыздан келетін амал жүктеген. Әлем заңдылыққа бағынады. Заңдылық – туады мен өледі. Шыр етіп туыласың. Жетілесің. Өсесің. Өнесің. Соңында өлесің.

Қай пендесіне де Құдай қайғы берген жерде қуаныш, өмір берген жерде өлім берген. Мейлі ер, мейлі әйел уақыты келгенде «АР» алдында есептесеміз. Кінәларымыз һәм күнәларымыз үшін сұраламыз. Әйел бір саты төмен деп, еркек бір саты жоғары екен деп, қыздың жолы жіңішке яки ұлдың жолы ұлы деп ешкімді де жауаптан босатпасы хақ. Екі пенде де тең дәрежеде амал-әрекеттері үшін сұралады. Сол үшін де,

бір-біріміздің «АҚЫМЫЗҒА» кірмейік. Ерді де құрметтейік! Әйелді де қадірлейік! Ізгі қоғамға ұмтылайык!

Әсел Қасенқызы «Қыз ғұмыр келте неткен?»

 

Қадыр Мырза Әлінің қаламынан туған мына жолдар еске түседі де тұрады: «Сұлулар өте бергенде, қиылып келіп қарайсың, ажарлы қызды көргенде, ақылды қызды аяйсың». Ақыл қалыс, сезім шалыс болған заман-ай деп бас шайқап, алдағы алыс күндерге жасқаншақ жанармен үңілесің.

Өтеген Оралбай «Серпер сезім»

 

Интеллект бәсекесі қызып тұрған, ал бұрынғы техникалық дағдылардың көбі автоматтандырылған әлемде өзгелермен тіл табыса білу, жанашырлық таныту, бәлкім, бірінші орында ойлаудың икемділігі сияқты нәзік те икемді дағдылар бәсекелік артықшылық болып саналады.

Морган Хаузел «Ақша психологиясы»

 

— Адам деген өз бойында қанша күш барын білмейді екен ғой. Таусылдым дейтінің әшиін-ақ нәрсе екен. Адам күші көзі бітелген бұлақ сияқты, аршысаң шыға береді.

Тахауи Ахтанов «Боран»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 67 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: