Кітап үзіндісі
19/06/2023, 20:33

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Өйткені талант – табиғат сыйы, бойына талант дарыған жан – пайғамбар іспеттес, оған ерекше миссия жүктелген; оның өмірі өзінікі емес, елінікі, сондықтан күйкі тірлікпен күн өткізбей, бойындағы бар күшін ретімен, қажетті істерге ғана жұмсап, ақылы мен білімін, дарынын бір-ақ мақсатқа – халқына қызмет ету жолына ғана бағыштауға тиіс; өзінің бойында үлкен қабілет барын біле тұра бос шашылған адам – қылмыскер: ондайлар тамұқ отына қақталып, отанын сатқан азғындармен қатар жаза шегуге лайық. Мұны түсіну қиын емес, бұған онша көп ақылдың керегі жоқ. Ой кім білсін... Мейлі, әркім өз ақылымен бай, әркімнің өз жолы бар, тіпті кейбіреулер бірнеше жолмен қатар жүргісі келеді. Ал менің ұстанған мақсатым, жүрер жолым біреу-ақ. Ешқандай күш мені ол жолдан тайдыра алмайды, ешқандай әзәзіл ол мақсаттан айныта алмайды...

Мұхтар Мағауин «Көк мұнар»

 

Келгені қандай қуаныш болса, қайтқаны да сондай қасірет. Бауыр басқан адамы кеткеннен кейін дүние реңсіз тартады.

Таласбек Әсемқұлов «Талтүс»

 

Біз тұрмыста «кімнің болмасын кемшілігі болады» деп жиі айтқанымызбен бірақ сол кемшілігімізді өзгелер тұрмақ, өзіміз қабылдағымыз келмейді-ау?! Бір таныс қыз психологқа барып, тұрмыс құра алмай жүргенінің себебін сұрапты. Психолог болса: «Сен, егер өзің жігіт болсаң, өзіңе үйленер ме едің?» дейді. Әлгі қыз: «жоқ» деп жауап беріп, өзінің кемшіліктерін тізіп айта бастаса: «Өз кемшіліктеріңді өзің қабылдай алмасаң, өзгелер қалай қабылдайды? Өзіңді жақсы көрмей, ешкім саған жүрегін ұсынбайды» деген екен.

Аяз би «Катарсис. Кедей болуға мүмкіндік жоқ»

 

Қымбатты балақайым, әйелдер ешқашан мінсіз болмайды. Олар өмірдің әшекейі. Олардың әлемге айтуға тұрарлық ештеңесі болмаса да, сөйлеуді ешқашан қоймайтын тіршілік иелері, әрі мұны өте әдемі жасай білетіндер ғана. Әйелдер дегеніміз рухты басынып, басына отырып алған материя десек, еркектер дегеніміз керісінше, моральды жеңіп шыққан ақыл-ой иелері.

Оскар Уайльд «Дориан Грейдің портреті»

 

Алла Тағала азды-көпті дәулет бұйыртыпты. Жар құштырып, бала сүйдіртіпті. Елге еге болар, ақыл айтып, жөн сілтейтін сана беріпті. Бәрін берген Жаратушыға қай қылығыммен жағам? Дені саудың бәрі оқитын бес уақыт намазыммен бе? Әлде тоқтықта ұстаған оразаммен бе? Ауыл үйден шықпай, бала-шаға, мал-жанның қасынан ұзамай омалып отыра берсем, менің кім болғаным? Тәуба, дәулетім бар. «Қажетің жетсе, қажыға бар» деген атам қазақ. Қажетім жетеді екен. Жетпейтіні тәуекел еді, оған да бел будым. Бойға қонақ шыбын жан шығып кеткенше, бес парызымды толық өтей алсам, Жаратушыдан одан артық не сұрайын?

Ырысбек Дәбей «Жылқы атылған жаз»

 

Дел-сал болған данышпанмын,

Қайғы жұтқан кемеңгермін.

Ойыма мұң мінгесуде,

Тәңірім-ау, есірке бір:

Тақуа боп күн кешуге

Тати ма екен осы ит өмір?

Жүрсін Ерман "Алыстан және жақыннан"

 

– Қалайша, әже, мен ол жігітті өлердей сүйем. Махаббатымды сақтау үшін күресуім қажет емес пе?

– Ол жігітті өтірік айтуға мәжбүрлегің келмесе, одан енді ештеңе сұрай көрме. Жұмыс көп болды, хабарласуға қол тимеді деген сылтау айтар. Ең болмағанда жаныңды жаралайтын шындықты естімеу үшін есті адам өзі айтпай тыйылады.

– Қалайша, әжетай, менің өмір бойы іздеген адамым осы сияқты болды ғой. Мен оны бір көргеннен ұнатқам. Ондай махаббатты ұмыту мүмкін емес. Шын ғашықтар туралы кітаптар біздің өмірімізден алынған секілді болатын...

Айнаш Есали «Махаббатқа сенуге көмектесіңізші»

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 48 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: