Кітап үзіндісі
05/06/2023, 22:01

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Мен өзімнен көп кішілердің ғана ойларын құрметтеймін. Жастар біздің алдымызға баяғыда шығып кеткен. Ең тамаша сыйларын өмір соларға тартатын болады. Ал қарттарға үнемі қарсы шығамын. Мұны әдейі істеймін десем де болады. Олардан кеше ғана болған оқиға туралы ойларын сұраңызшы, тамақтарын кенеп алып, осыдан бәленбай жыл бұрын, бір мың сегіз жүз жиырмасыншы жылдары билік құрған идеяларға сүйеніп, еркектер ұзын шұлық киіп, адамдар барлығына құдайдай сеніп, бірақ ештеңені анық білмейтін кездегі ойларын айта жөнеледі дерсің...

Оскар Уайльд «Дориан Грейдің портреті»

 

…Бізді бала күннен үндемеуге үйретеді. Төзуге тәрбиелейді. Ұлды да, қызды да. «Қайғырсаң - әлсізсің», «мұңайсаң - сүмелексің», «шыдамасаң - шұлғаусың», «жыласаң - жарамайсың». «Батыр бол, қасқыр бол, алып ұр, шалып жық… әйтпесе сені езіп кетеді». «Қанатың талса, тәнің қалжыраса, рухың әлсіресе, жүрегің сыр берсе - үндеме, тістеніп ал да тырбана бер». Бір сәтке де әлсіздік білдіруге болмайды. Үлкен-кіші, еркек-ұрғашысы бәрі де мықты екендерін дәлелдегісі келеді. Кімге? Бір-біріне ме? Құдайға ма? Шайтанға ма? Әйтеуір батырлыққа таласқан жұрт. Әйтеуір білек қаруын, жүрек күшін сынауға құмар ел. Қараңғы жатырдан шығып, қараңғы көрге енгенше жанталас. Сонда бәрінің баратын жері біреу. Сонда бәрінің киетін соңғы киімінде қалта жоқ. Сонда бәрі құрт-құмырсқаның жемі. Онда неменеге мықты боламын деп өзеурейміз? Азды-көпті ғұмырды үндемеуге, сыр білдірмеуге арнаймыз. Ал егер бір сәтке тоқтап, шынымен үндемей қалсақ ше, мына қым-қуыт әлемде шынымен тыныштық орнаса ше? Біз миллион-миллиард жүректердің ауыр жүктің астында жаншыла ыңырсыған даусын естір едік. Кез келген адамнан «тәніңдегі ең үлкен жара қайсы?» деп сұрасаңыз, «ең үлкен жара - жүректе» деген жауап аласыз…

Перизат Мырзахмет «Өмірдің аты – М»

 

Бақыт деген бар ма дүниеде? Әлде қиялшыл адам баласының өзі ойлап тапқан сандырағы ма! Мен түсінбеймін! Егер бақыт дейін десең, барлық адам баласына неге ол бірдей емес? Неге біреулер өте бақытты, біреулер аса бақытсыз? Бұған жауап берер кім бар? Мейманасы тасыған байды оған «бақыт құсы қонған» деседі, бұл сөзде не сыр, не жұмбақ бар?! Өмірде тірі пендеге қиянат етпеген осы ауылда не себепті бақытты адам жоқ. Таңның атысы, күннің батысына қарамай маңдай терлерін бес сыпырып еңбек азабын тартқан осы жандар неге бақытты емес? Неге аш-жалаңаш, ауру-сырқау. Бақыт деген құс болса да, әділ болмас па! Қиянат озбырлығы көп, залым адам неге бақытты болады? Мұның мәнісі қалай?

Жұмағали Саин «Жол үстінде»

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 55 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: