29/05/2023, 21:28 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Балаларға өзгенің алдындағы хақысын емес, құқысын үйретіп өркөкіректендірдік. Ұларбек Нұрғалымұлы «Дайағашшы»
– Шылғи өтірік, – деді Баймұқан сәл ойланып барып, – Кешегі біз көрген емес, мүлдем басқа соғыс. Біз азуын айға басқан неміспен соғыстық. Ал мында... біздің әскер сырнайлатып-кернейлетіп келе жатыр, немістер қашып бара жатыр. Мен... немістей қажырлы ерді көргем жоқ. Және немістей тәртіпті елді көргем жоқ. Кейде күшіміз жетіп айдап шығамыз. Сонда қазған окоптарын көріп таң қаламыз. Кәдімгі адам тұратын үй. Барлық жайы бар. Қаруы да керемет. Әсіресе соғыстың басында қатты келді ғой. Кейіннен әрине, бізде де қару жақсарды, әр адамға бір мылтықтан келетін болды. Жеңіс Баймұқанға таңдана қараған. – Бір мылтығы несі, жездеке? – Соғыстың басында әскерге қару жетпеген. Кейбір әскер қарусыз отырып-ақ қырылып қалған. Екі адамға, үш адамға бір мылтық. Автомат деген кейін келді. Таласбек Әсемқұлов «Талтүс»
Ең жақсысы, тіпті де үйленбеген, Дориан. Еркектер жалыққаннан үйленеді, әйелдер күйеуге қызық көріп шығады. Неке екі жақтың да көңілін қалдырады. Оскар Уайльд «Дориан Грейдің портреті»
Баяғыда бір кемеңгер етікшінің үйіне түнепті. Түн жарымда жанып бітуге шақ қалған шырақтың жарығымен жұмыс істеп отырған етікшіден: «Шырақ сөнуге шақ қалды. Сен, неге әлі жұмыс істеп отырсың?» – деп сұрайды. Етікші: «Шам жанып тұрғанда, бірдеңені ретке келтіруге болады» – деп жұмысын жалғастыра береді. Арада біраз уақыт өтісімен халық әлгі кемеңгердің «шам жанып тұрғанда, бірдеңені ретке келтіруге болады» деп етікшінің сөзін қайта-қайталап жүргенін естиді». Сол айтқандай-ақ әлі тірі болсақ шам жанып тұр. Шам жанып тұрғанда, бірдеңені ретке келтіріп, әр күннің жемісті аяқталуына күш салғанымыз жөн! Тайм-менеджменттің қысқаша түсіндірмесі – осы. Аяз би «Катарсис. Кедей болуға мүмкіндік жоқ»
Ұнатқан адамым менен соңғы кезде қашқақтайтын сияқты. Еш нәрсе айтпайды, телефоны сөндірулі, тіпті бұрынғыдай кездейсоқ та кездесіп қалмаймыз. Неге? Қалайда жолығып, осының бәрін білгенше жаным байыз табар емес. – Егер хабарласқысы келмесе, кездесуді қаламаса, мұның себебі қарапайым, балам. Мұның жай кеше жауған қар сияқты еріп кеткен сезім екенін өзің-ақ жаныңды азаптамай түсінуге тырыс. Бұл махаббат емес екенін мойында. Шын жақсы көрген азаматқа сүйгенін іздеп келуге ештеңе де кедергі бола алмайды. Ессіз ғашық болған адам күндіз көлеңкең сияқты қасыңнан қалмай, түнде терезеңді аңдыған болар еді. Сондықтан да кездесіп, неге қашқалақтап жүргенін білудің еш қажеті жоқ. Айнаш Есали «Махаббатқа сенуге көмектесіңізші»
Алтыным! Өмір – әркімге өз деңгейінде берілген биіктік. Біреу қырды, біреу тауды бағындырады. Біреу суды, біреу батпақты сүйеді. Әкім Ысқақ «Алтыным»
Психологияда «Наполеон комплексі» деген болады. Жастайымыздан мазақ қылып, кемсіте бергендіктен ерегескенде биікке ұмтыламыз. Қай жағынан болмасын бәрінен биік болуға тырысамыз. Аяз би «Катарсис. Кедей болуға мүмкіндік жоқ» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 50 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |