15/05/2023, 11:45 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Түйеқоңыр келерден бір күн бұрын ауылдың ақсақал, көксақал, жігіт-желеңі жиналып тағы бір кеңес болып жатты. Жаман айтпай жақсы жоқ, алда-жалда Кертөбел кейін келіп қалса қайтеміз деген кеуіл де айтылды. Бәйге ұзын жолға шабатын. Таңертең ерте ат айдаушылар айдап әкетеді, кеште бірақ келеді. Жігіттер жағынан біреу «Кертөбел Ішігеннің жазығына түспей-ақ желке жағымен төтелей тартса, аз болса да жол қысқартады» дей беріп еді, «тәйт» деді әкемнің ағасы Мәден атамыз. «Хайуаннан хайуанды арамдық істеп оздырғанды қай атаңнан көріп едің? Алла көріп тұр ғой. Бағынан көрсін!» деп тыйып тастады. Төрде отырған Атсейіс Әділбек «Түйеқоңыр сәл де болса жол жүріп болдырып келеді ғой, Кертөбел бабында, Құдай сақтасын, бәйгені бере қоймас» деп еді, отырғандардың бәрі де кең тыныстап керегеге арқа сүйесті. Ұларбек Нұрғалым «Дайағашшы»
Мейлі, басқаға бұйырғанды сұрап ала алмадым. Бірақ бәрібір ризамын. Осы бергені аз ба? Көбін берген құдай азын да береді. Өмір берген, тіршілік берген Құдай басқасын да береді. Тек күту керек. Таласбек Әсемқұлов «Талтүс»
Шыны-аяқ сылдырламады десек, өтірік болар еді. Мен ондай шақта осы қызға іңкәр болған жас күндерімді есіме түсірсем, ашуым тарқап, табысқанша асығамын. Оның толып жатқан «замечаниелерінің» барлығы өз басыма деген қамқор-құрметтің нәтижесі екенін ұққан сайын оның қадірін біле түсемін. Жүрсін Ерман «Алыстан және жақыннан»
Ғашықтық ақыл аңғарынан жоғары, қол жетпес шырқау биікте тұр. Ол өмірдің өзегі, мазмұны, өмір тіршілігінің ең жоғарғы сатысы. Ол екінің бірінің басына қона бермейтін бақыт құсы. Өзі ұнатқан авторларының ғылими философиясы оған ғашықтық дегеннің тағы бір қырын – биологиялық мәнін ұғындырған. Солардың негізгі қағидаларын өз тәжірибесіне салыстыра келгенде анық болғаны: адам баласының тәні сүйіспеншілік сипатында ғана өзінің әзелдегі мақсатын орындай алашақ, сондықтан сүйіспеншілікті өмірдің ең ізгі игілігі деп білу керек те, ізетпен қабыл ету керек. Джек Лондон «Мартин Иден»
Біздің уақытымызда адамдар барлығының құнын жақсы біледі, бірақ нағыз құндылықтың не екені мұрындарына да бармайды. Оскар Уайльд «Дориан Грейдің портреті»
– Бала деген бапкер қолындағы бәйге аты екен ғой. Оның бабын тауып, бағын ашу бапкердің яғни ата-ананың міндеті. Қазақ «әке балаға сыншы» дегенді бекер айтпаған, мен осыған әке балаға сыншы ғана емес, бапкер дегенді қосар едім. Құнанбай медресеге жібермегенде Абай да осыншалықты білімге жетер ме еді? Балқожа бидің көрегенділігі болмағанда Ыбырай, Ыбырайлық дәрежеге көтерілер ме еді? Тіпті осы күнгі Бақтияр Артаевты әкесі бокс үйірмесіне жетелеп апармағанда, оның күнделікті жаттығуын қадағаламағанда, жеңісіне қуанып, жеңілген сәтінде демеу бермегенде Бақтияр Олимпиада биігін бағындыра алар ма еді? Өткенде газеттен Денис Тен туралы оқыдым. Оның әке-шешесіне ескерткіш қойса да артық емес. Солар бала Денисті ары-бері сүйрелеп, жылт еткен ұшқынды жалынға айналдыра білді. Ақшасын аямады. Ақыры кеткен қаржы мен төккен тер ақталды. Әнекей қаршадай Денис мұз айдынының королі болып жүр. – Балаға салынған инвестиция ең қайырлы инвестиция, – дедім сөз арасына килігіп. – Қайырымды ғана емес, қасиетті шаруа. Әке-шешенің борышы. Бірақ инвестиция дегеніңмен келіспеймін. Инвестиция экономикалық термин, оның астарында нарықтық пиғыл, бір тиынды екеу қылсам деген бақай есеп жасырынып жатыр. Балаға салған ақша мен еңбектің қайтарымын дәметсек, онда біз алып-сатар комерсант болғанымыз. Балаға бергеніміз ол біздің әке мен шешеден алғанымыз. Біз біреуден алғанымызды біреуге беріп қана отырмыз, болған біткені осы... Қарға да баласына боқ шоқуды үйретеді, қасқыр да бөлтірігін аңшылыққа баулиды. Сондықтан «сені оқыттым-шоқыттым» деп баласына міндет қылатын ата-аналарды түсінбеймін. Әрине, балаға берген тәлім-тәрбие, шығындаған уақыт пен қаржының қайтарымы сөзсіз болады. Ұл мен қызың өмірден өз орнын тауып, азамат болып кетсе, сол емес пе қайтарымы. Есболат Айдабосын «Тибет аруы»
Сабырдан келер пайда болса, мен сабыр еткелі жүздеген таң атып, жүздеген күн батты. Менің шыдамым сынға түскелі қашан! О, сіз түсінбейсіз оны... Шерхан Мұртаза «Дәрігердің үшінші қаруы» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 55 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |