02/05/2023, 23:29 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Адам ақылды жануар дегенді кім айтты екен? Не деген асығыс айтылған пікір! Адамда не жоқтың бәрі бар, ақылдан басқа. Әрі осылай болғаны өте дұрыс та!.. Оскар Уайльд «Дориан Грейдің портреті»
– Әже, барлық жігіттер маған бірдей сияқты болып көрінеді. Расында, солай ма? Танысқаннан кейін-ақ, бәрі бірдей әңгіме айтады, бірдей қалжыңдасып, жанасуға ұмтылып, ақырында кетіп тынады. – Немерем-ай, еркектердің бәрі ешқашан бірдей болған емес. Бірдей болып көрінетіні – әйелдер ылғи өзіне ұқсас адамдарды іздейді. Мысалы, саған қарапайым, үйкүшік еркектер ұнайды ма? Олай болса, төрт қабырғадан ұзап ешқайда барғысы келмейді, күйбең тірлігі бітпейді деп ызыңдама. Жүрген ортасында жарқылдап, жора-жолдас жиып, күліп-ойнағанды жақсы көретін жігіттер ұнайтын болса, онда олардың достарын түн ортасында да күтіп алуға, шығарып салуға, тіпті арасында пайда болатын «құрбыларымен» оны бөлісуге дайын бол. Егер романтиктерді жақсы көрсең, ол саған айлы түндерде өлең де оқып, шам жарығында шампан атып, өзімен бірге шарықтатар-ақ. Алайда, оның да ауық-ауық жан күйзелісіне көніп, ізім-қайым жоғалып кететін күндеріне төзесің. Бұл қылықтарын ол тек «шығармашылық күйзеліске» түсіп жүргенімен ғана түсіндіретін болады. Егер де, артыңда қорған болар қамалдай мықты жігітке жар болуды аңсасаң, онда ол қабырғадан еркіндікке шығу да оңай болмайтындығын еске ұстағайсың, балам. Айнаш Есали «Махаббатқа сенуге көмектесіңізші»
Білесің бе, аяулы адамыңмен айырылысу деген де жақсы ғой, өйткені соңында табысу бар. Сонда өмір бұрынғыдан да сүйікті болады. Сонда өмір сүре бергің, сүре бергің, сүре бергің келеді. Кейде мен мәңгі өлмейтін сияқты боламын, ал кейде тез өліп қалатындай сезінем. Осы соңғысы дұрыс қой деймін. Өйткені, мен өмірге өлгенше ғашықпын, өлгенше… Дулат Исабеков «Гаухартас»
— Көресің бе, қызым, дүниедегі ең басты нәрсе - ошақ, ошақтың төңірегіндегі үй ішің. Ги де Мопассан «Өмір»
Ұл мен қыздың айырмасы жоқ. Ата-аналарына бірдей қымбат, бірдей қадірлі болса керек. Ұл сүйгенін алсын. Қыз сүйгеніне барсын. Міржақып Дулатұлы «Балқия»
Анда-санда жабығып алған да дұрыс шығар. Табиғат берген құбылыстың бәрін адам баласы аңсауға тиісті. Мейлі ол қуаныш болсын, мейлі уайым болсын. Үйткені адам үшін ең жаманы – зерігу. Зерігуден басқаның бәрі салыстырмалы түрде айтқанда түгел жақсы. Төлен Әбдік «Тозақ оттары жымыңдайды»
– Ешкімге сенуге болмайды. Бәрі өз пайдасын ойлайды, – деп ауыр күрсіндім. – Енді... Өз пайдасын ойламағанда кімнің пайдасын ойлайды?! Адам болмысынан аз беріп, көп алғысы келеді. Бергенге бесеу көп, алғанға алтау аз болатыны содан емес пе? Барлығы біздің ығымызға жығыла беруге міндетті емес шығар?!, –деп менің айтқанымды жоққа шығарды. Бұл сөздерден кейін өзімді жайсыз сезініп, қып-қызыл боп кеттім. Расымен айналамдағылар не себепті менің пайдамды ойлауы керек? Құдды бір олар үшін күйіп-пісіп жүрсем, бір сәрі?! Аяз би «Катарсис. Кедей болуға мүмкіндік жоқ»
Әрбір адам, қоғамның әрбір тобы өзінен дәрежесі жоғарыларға ғана еліктейді. Қоғамда кімнің дәрежесі жоғары? Еңбек етпейтін қарекетсіз байлардың дәрежесі жоғары. Олар белгілі бір тиянақты жұмыспен айналысып жүрген адамның білетінін біле алмайды. Сондықтан ондай нақты сөзді тыңдаудан зерігеді, жерінеді, тіпті оны кәсіби әңгіме деп, ұят деп айттырмайды. Әңгіме тақырыбын бағыттайтын да солар. Олардың ойынша: жаңа опера туралы, жаңа романдар, карта һәм бильярд ойыны, коктейль, автомобиль, желқайық, ат көрмесі, аңшылық пен саятшылық, форель аулау жайлы ғана сөз болуға тиіс, – яғни, байқайсыз ба, – еңбексіз өмір кешкен, еріншек адамға ғана жақсы таныс нәрселер сөз болмақ керек. Ең қызығы бұл арада ақылды кісілер немесе өзін ақылдымын деп санайтындар сандалбайлар мен ақылсыздардың пікіріне мойын ұсынады. Маған салса, әркімнің бойындағы ең асыл қазынасын өзіме жаратқан болар едім. Мұны кәсіби әңгіме дей ме, тұрпайы сөз дей ме немесе тағы не дейді, бәрібір маған. Джек Лондон «Мартин Иден» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 53 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |