17/04/2023, 08:48 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Ораза деген қазаққа, Құлшылық емес, әдет қой. Еріксіз жүрмей азапта, Пайданы ойла, қам ет, қой. Мағжан Жұмабаев «Оразада»
Заманның өрлеген санасы жалпыға бірдей болмаса, жалғыздардың бойындағы биік сана - бейне бір аласа егіндердің ішіндегі жалғыз тал биік өскен дән сияқты болады. Оның өзгеден артық шыққан бойын қорғаушы болмайды. Соққан жел де, ұйтқыған кұйын да, сұқтанған көз де алдымен соған тиеді. Көп дәннің бірі болғанымен, жебелеп өскен жел кағары болмаса, ол бәрібір жалғыз. Сол сиякты өнерсіз елдің ортасынан шыққан жалғыз өнерпаз да қорғансыз, бәлеге тез ұшырайды. Оның сырын ұғынатын жебелеп өскен жәрдемшісі жоқ. Қазақ ертегілері «Ағаш ат»
Қатыгездікпен кездескенде қайырымдылық деген құдыреттің барын, жамандықты көргенде жақсылық деген құдыреттің барын әруақыт есінен шығармай жүрсе де, иттікті көргенде аспан айналып жерге түскендей мына өмірден бір сәт түңіліп кететін мінезінен арыла алмайтыны өзіне де ұнамайды. Мінез ғой, мінез… Бибігүл Иманғазина «Тауқымет»
Шын адамдықты өзіңмен бірге ақиретке алып кетемін деген жан, бас беруге шыдасын, сыр шашуға бармасын. Қазақ ертегілері «Патша қызының уақиғасы»
Көкек – көктемнін екінші айы, қанша кешіксе де, көктемнің белгісі қазақ жерінің барлық өңірінде айқын білінетін шағы. Алайда, түрлі көктемгі кұбылмалы амалдар да болмай тұрмайды. Осы айда кұс келеді, ұя салады. Қар жапалақтап, кей өңірлерде боран-шашын да болады. Мұны «Құс қанаты» дейді. Көкектің ескіше бірінен, жаңаша он төртінен бастап құс жұмыртқа салады. Ескіше, бірінен бесі, жаңаша 14-19 күндерін «Бесқонақ» амалы дейді. Бұл күндері жауынды-шашынды болса, жақсы, жаз ылғалды, егін, шөп шығымды болады деп ырымдайды. Наурыз көктемнің басы болғанымен, халық «сәуір келмей, тәуір болмайды» деп, жер-ананың жаңаруын осы айдан күтеді. Жер бусанып, көк құлпырып, бозторғай шырқап, су тасып, сең жүріп, үй маңынан көкек үні естіліп, жер-дүние түлеп қалады. Сабыржан Шүкірұлы «Таныс сөздің бейтаныс сырлары»
Қарап тұрсам, адамның өмір жолы да осы табиғатқа ұқсас екен-ау! Бала кезең – көктемдегі арнасынан асығып аққан тентек толқындар секілді, бозбала шақ – жайнаған жаздағы жанарға жайлы, өз ебімен әдемі аққан ағыстай, ересек кез – арнасына даналық пен дархандық дарытқан күрең күздегі өзен іспетті, ал адам өмірінің ақтық демі – қарттық болса – қыстағы тіршіліксіз, қызықсыз, мүлтіксіз қалың ұйқыға кетер алдында тоң, артынан мұз басқан өзендей. Гүлмарал Қабдолашева «Мұқилашым – менің мұңым» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 66 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |