10/04/2023, 08:29 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Баяғыда, өмірде көпті көрген кісіден жігіт: Әйелім жанымда емес, менімен бірге екенін қалай білем? – десе керек. Ел ағасы: Он белгісі бар, соны жұбайыңнан тапсаң жан-тәнімен сенімен екеніне имандай сен. Бірінші: Көңіліңнен шығатын әрекет жасап, ашуың келетін шаруадан алыс болуы; Әйеліңнің ой-пікіріне сенің ойың теріс болса, ашуланбауы; Үйде болмаса уайымдап, босағадан аттасаң қуана қарсы алуы; Көңілің жоқ кезде, ол да жабырқау күйге түсіп, ашулансаң ренжуі; Қарапайым сыйлығыңа балаша мәз-мейрам болуы; Табысыңның аздығы көңіліне қаяу түсірмеуі. Әрі, сенің жұмысың мен қызметіңнен ұялып қысылмауы; Ойың мен пікіріңе ниеттес досың болып, жетістігіңе сенен артық қуануы; Өзіне қатысты мәселеде шешім қабылдаудан алдын сенімен кеңесуі; Айтарға ортақ әңгіме таусылса, сенімен сөйлесу үшін тақырып тауып сырласуға құмар болуы; Сені бақытты ету жолын ізденуден шаршамауы, – деген екен. Руслан Қамбар «Үйленбей тұрып үйрен»
Мен өзімді бақытты санаймын, бірақ өзін бақытты санайтындардың бәрі менше ойлап, менімен пікірлес шығады деуден аулақпын. Менің ойымша, бір адамға екінші адамның өзі де, өмірі де, мінез-құлқы мен ой-пікірі де айна-қатесіз ұқсай бермейді. Бақыттылардың бақыты да, бақытсыздардың бақытсыздығы да бір-біріне ұқсамайды. Сөйтіп бір-бірімізге ұқсамаған сайын, бірақ бір-бірімізді түсіне алған сайын өмір қызық. Ал түсінісу үшін түптің түбінде қалайда бір ұқсастық қажет. Ол ұқсастық, менің ойымша, адамдардың тәні мен жанында, яғни жаратылысында. Біз қаншама қылығымызбен, ой дәрежемізбен, бір-бірімізге ұқсаймыз десек те, түп негізіміз ұқсас: адамбыз. Адамдар бірін-бірі адам болғаны үшін де сыйлауға міндетті. Өйткені өзгені сыйлағаның – өзіңді сыйлағаның. Сүйіспеншілік, махаббат дейтін асыл сезімдердің де ең арғы өрбитін жері сол – өзгені сыйлау! Өзгені сыйлай алмайтын адам жар сүйе алмайды. Сүймегеніңді сыйлай аласың, ал сыйламайтыныңды ешқашан сүйе алмайсың. Бексұлтан Нұржекеұлы «Ерлі-зайыптылар»
Бір рет жамандық жасаған адамнан жақсылық күтуге болмайды. Байқамай айтылған сөзді кешіруге болады, ал, сенің қалтаңа қолын салатын ұрыны, жаныңды жаралаған өтірігін қалай кешіруге болады? Бибігүл Иманғазина «Тауқымет»
«Бәріне рақмет» деген сөздің де айтылар кезі жақындағандай... Көңілінің есігін ашқан адам есікті ашық қалдырып шығып кеткендей... Сырыңды біле тұра, көңіліңді сезе тұра, «рақмет, керек емес» дейтіндей... Алишер Рахат «Махаббатым Constant»
Қайран, енді оралмайтын күндер-ай!.. Қайта айналып соқпайтынына көзің жеткенде, адам өз өміріндегі азапты сәттерін де аңсайды екен. Өйткені, менің алдымда жаңа қуаныш, жаңа бақыттың нышаны да жоқ. Дулат Исабеков «Пері мен періште»
Ник Вуйчичті мүгедек деп айтуға аузым бармайды. Оның жанында біз мүгедек сияқтымыз. Ол әлемге мүгедектігінің арқасында емес, қайтпас қайсарлығының арқасында танылды. Ол бір сөзінде: «...нәтиже шыққанша талпынуды тоқтатпаңыз. Ата-анам менің спикер болам деген арманыма сенбейтін. Мен оларға оратор болғым келетінін айтқанда, олар маған бухгалтерлік бойынша білім алу керектігін айтты. Мен ол салада оқи жүріп өз арманымды жүзеге асырдым. Бірақ оратор ретінде мені бірінші мектеп шақырмай тұрып, елу екі оқу орны менің ұсынысымды қабылдамаған болатын. Елу екі рет сәтсіздікке тап болдым. Мақсатыңыз болса сәтсіздікке дайын болыңыз» – дейді. Елу екі рет ұмтылу... Біз өз ойлаған мақсатымызға қанша рет ұмтылдық екен?! Кейде талпынбай жатып сағымыз сынады. Дамылсыз балталай берсең алып бәйтерек те құлайды. Таудай талап болса, талпына бергенге не жетсін?! Аяз би «Катарсис. Кедей болуға мүмкіндік жоқ» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 66 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |