Кітап үзіндісі
03/04/2023, 19:17

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Студенттер – бақытты халық! «Ертең емтихан» деп қобалжып, «ішерге ас жоқ» деп жатақханада ашыққан күндері қаншама жанға – арман?! Тіпті, біреулер үшін мүлдем орындалмас – арман...

Аяз би «Катарсис. Кедей болуға мүмкіндік жоқ»

 

Қуыршақ деген кішкене кісі. Аяғы, қолы бар. Аузы, мұрны бар. Белі буулы, жеңі сұғулы, төсегі салулы. Ішпейді, жемейді. Қолдан жасайды. Базарда сатады. Қыз балалар ойнайды, бірінен бірі алады. Қуыршақ үндемейді. Берсе кетеді, алса келеді. Тіл болмайды, үн болмайды.

Жоқ, бекер, қуыршақ үлкен кісі. Аяғы, қолы бар. Аузы, мұрны бар. Белі буулы, жеңі сұғулы, төсегі салулы. Ішеді, жейді. Қолдан жасамайды, қатыннан туады. Базарда сатпайды, қазақта сатады. Сақалды балалар ойнайды. Бірінен бірі алады. Берсе кетеді, алса келеді. Тіл болмайды, үн болмайды.

Ілияс Жансүгіров «Қуыршақ»

 

Солай, достым. Адам – жақсы және жаман деген екі-ақ ұлтқа бөлінеді.

Айнаш Есали «Махаббатқа сенуге көмектесіңізші»

 

...Ғашық болған кезде шөл құсап бір жерде жатпайсың, жел құсап әлемді кезбейсің, сен құсап бәріне алыстан қарамайсың ғой. Махаббат – бұл ғаламның жанын өзгертіп, құлпырта түсетін күн. Мен оған алғаш рет бойлаған кезде ол маған еш мүлтіксіз болып көрінді. Содан соң мен оның бәріміздің сәулеміз екенін, онда да өзіндік ынтызарлықтар жататындығын, өз соғыстары жүріп жататындығын көрдім. Оны мына біз қоректендіреміз және де біз өмір сүріп жатқан орта біздің жақсы, әйтпесе нашар болғанымызға орай жақсы, әйтпесе нашар болады. Міне, осы кезде махаббаттың күш-қуаты араласады, өйткені, ғашық болғаныңда жақсырақ бола түсуге ұмтыласың.

Пауло Коэльо «Алхимик»

 

Адамдық құндылыққа үрке қарап, жатбауыр боп махаббатсыз дүниені неге сүріп жүргенімізді түсінбейміз.

Ырысбек Дәбей «Әкелеріміз айтатын әңгіме»

 

Оқу – оңай, тоқу, түсіну қиын. Оқу кез келген ақымақтың қолынан келеді, ал тоқу, түсіну екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Мамытбек Қалдыбай

Бауыржан Момышұлы «Мен – халқымның Бауыржанымын!»

 

Абай бұрынғы жас бала күнінде мұндайды аңғарып сезінген де, таныған да емес. Енді байқады. Көздің жасында адамды барлық өне бойымен өзіне қарай құлата тартқан бір өзгеше ыстық күш бар екен. Үлкен құз биіктің басына шыққанда, бір сәт ойға қарай құлап кеткің келетін сияқты, өзіне тартқыш, ұғымсыз күш. Бала жүрегінде бұл шақта көп сезімнің алай-түлей құйыны соққандай.

Мұхтар Әуезов «Абай жолы»

 

Шынайы махаббат қашан да риясыз. Есеп-қисап, алыс-беріс саудаға бағынбайды. «Мен сені сүйемін, сен неге мені сүймейсің?» демейді. Оған өзінің ғашық болғаны да жетеді. Ал романтика мен құмарлық сезімде міндетті түрде мүдде мен сауда жүреді. Құмарлық тән қажетін өтеуді талап етсе, романтика психологиялық көңіл күйді қалайды, яғни саудаласады. Көп жағдайда қызғаныш пен реніш қатар жүреді.

Санжар Керімбай «Махаббаттың мәні»

 

Бұл балалық шақтарында ойналмай қалған ойындары еді. Балалық шақтарында күлінбей қалған күлкілері еді. Қазір сол ойналмай қалған бала шақтың ойыны мен күлкісі бір сәтте жарқ етіп жарып шығып, бір-ақ бұрқ етті. Бойда қалған қайғы-шердей, жинала берген кектей, ойналмай қалған ойын-күлкі де сәті келіп қалса жарылып шықпай қоймайды екен.

Ғабит Мүсірепов «Ұлпан»

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 62 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: