Кітап үзіндісі
27/03/2023, 07:25

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

– ...Бұл дүниеде сен екеуміз үйренетін бір-ақ нәрсе бар. Естіп тұрмысың? Оны саған мектеп үйретпейді, бері қара.

– Қызым, оған бұлай айтпағайсың, – деді Файзулла молда.

– Бері қара деймін.

Мәриям басын көтеріп, шешесіне қарады.

– Сенің үйренетін бір-ақ нәрсең бар, ол – шүкір ету.

– Несіне шүкір етемін, Нана?

– Сен шүкір қылатын іс көп, – деді шешесі.

Халед Хоссейни «Жарқыраған мың күн»

 

– Жылап ал, қызым, шерің тарқағанша жылап ал. Жылау – күнә емес.

Халед Хоссейни «Жарқыраған мың күн»

 

– Айтқанымды есіңде берік сақта, қызым. Компастың тілі қашан да солтүстікті көрсететіндей, еркектердің күйе жағатын саусақтары қай кезде де әйелдерге бағытталады. Қай кезде де. Мұны есіңнен шығарма, Мәриям.

Халед Хоссейни «Жарқыраған мың күн»

 

– Жаны жайсыз адамға, ұйқының көмегі шамалы... Өзіңе жүк арқалап қайтесің, бала?! Ешқашан, ешқашан өткен күннің өкпесін арқалама. Эмоцияңды өзің емес, өзгелер билейтін болса, басымнан бағым тайды дей бер... Тәнің қамалса да, жаныңды кісендеуге жол берме...

Аяз би «Катарсис. Кедей болуға мүмкіндік жоқ»

 

Адам баласының бойын жайлап, жегі құрттай жейтін мұңның қандай емі бар?! Өзі біреумен ренжісіп қалса, сол адаммен қашан татуласқанша жанын қоярға жер таппайтын. Ал мынау мұң дегенің жаныңды тыпырлатпайды да, мазаламайды да, тек бар денеңді ұйытып, селт еткізбейді. Кіммен сөйлесіп отырса да ешуақытта өзін оңаша қалдырмайтын осы мұң енді өзінің күндесі сияқты болып барады. «Неменеңе жетісіп отырсың, енді менсіз сен еш жаққа бір қадам баса алмайсың» деп желкесінен желкелеп тұрғандай…

Бибігүл Иманғазина «Тауқымет»

 

Ал бəрi жиналып, бiр адамға Тоқтау (сыбайлас жемқорлыққа қатысты), Жоқтау (қазақтың жерiн жекелеген алпауыттардың талап алуына байланысты), Қайрау (мемлекеттiк тiлдiң мұңы жайлы), Толғау (елдегi саяси жағдай туралы) айтпаған, Сұрау (ауылдың бейшара халi туралы) салмаған, Сынауға (мəдениет пен ғылымның дамуы жайлы) батылы жетпеген, Санау (қазақтың санын, малдың басын) сұрамаған, Қалау (саяси реформалардың байсалды жүргiзiлiп, əдiлдiкке жол беру, қоғамды демократияландыруға жағдай жасау) мен Тiлеу (елдiң бiрлiгiн, дiннiң тазалығын, ұлттың мүдделерiн) айта алмаған ұзын-саны қырыққа жететiн ЗИЯЛЫЛАРДАН ендiгiде не күтемiз?

Гүлбиғаш Омар «Қайда барсаң – саясат»

 

Суға батқан кеменің жолаушыларын аштық пен шөл емес, тамақ пен су жетпей қалады ма деген үрей өлтірді. Жеңілдім деп ойлауың мұң, сол сәтте-ақ жеңіле бастайсың. Мұрнының ұшынан бір тамшы тер үзіліп түсті. Осы қазір қанша сантиметр су жоғалтқанына назар аудару анау дұшпандары құрған қармаққа түсу деген сөз. Бір стақан су буланып бітуі үшін қанша уақыт қажет екені туралы ойланып көру керек екен. Пайдасыз мазалану уақыт аталатын мынау шабан атты қамшылап жарытпайды.

Кобо Абэ «Құм құрсауындағы әйел»

 

Өмірдің өзі – Рамазан

Он бір айдың патшасы мүбәрак Рамазан айы да келді.

Иә, өмірдің өзі – Рамазан...

Арапа күні – мәңгілікке дайындық...

Ал Рамазан айт мерекесі – мәңгілікке қарай аттану, туған-туыстарға, жақын-құрбыларға қауышу...

Мәлік Отарбаев «Таңғы шық»

 

Ораза жақсылықты үйретіп, жамандықтан жирендіреді.

Кей адам ораза ұстайды, кей адамды ораза ұстайтын көрінеді.

Мәлік Отарбаев «Таңғы шық»

 

– Дұрыс өмір сүргенім үшін сыйды осы жерден аламын ба? – деп сұрадым, енді білгім кеп бара жатқан соң.

– Көп сый алуым керек деп ойлайсың ба? – деді әлгінің бірі.

Қайсысы екенін бірақ ұға алғам жоқ.

– Енді, өмір бойы ішімдік ішпей, темекі шекпей, жүріс жүрмей... – деп жатыр ем, әлгінің бірі қайта:

– Оның сыйын тіріңде көрдің емес пе, ұятты болғаның жоқ, айналаңды уайымға салғаның жоқ, теңселіп, адасып, қатардан қалғаның жоқ, – деді байыппен.

– Шүкір еткенім ше? Кейде тамақтан да тарылып, аш қалып жатсам да, мінезімнің көркемдігін бұзбайын деп, үнемі шүкір еткенім ше?

– Оның әрине сүйкімді, бірақ, сәл көптеу талпынып, еңбек етіп, тырысып көрсең нетті? Жолыңды ашып, ыңғайлы бағыт сілтеуге барымызды салдық, іздеуден бас тарттың. Содан ақыр-аяғы сені дәл осы күйді сүйетін болар деп шештік.

Таңырқап отырмын. Өкпем де бар сияқты.

– Солай бола тұра, балаларымның аузынан жырып, мұқтаждарға садақа бергенім ше? – деймін тірімде мақтан еткен ісімнің бәрін тізіп.

– Сонда садақаны «қайырымы болсын» деп беріп пе ең?

– Намазға жығылғаным ше?! Бес уақыт сәждеге басымды тигізіп, ораза тұтқаным ше? «Солай етіңдер» деп өзгелерге шаршамай айтып жүргенім ше?! Ол да есептелмей ме?!

Торғын Жолдасбекқызы «Елес»

 

«Кітапты өртегеннен де өтіп кеткен ауыр қылмыс бар. Ол – кітапты оқымау» депті Иосиф Бродский. Бұған «кітапты оқымаудан да өтіп кеткен ауыр қылмыс бар, ол – оқыған кітапқа пікір айтпау» деп қосар едік. Және ең өкініштісі, бұл сұмдық дағды біздің ұрпаққа және ішінара бізден кейінгі ұрпаққа да жұғыпты...

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

 

Ұққаным – есейгенге дос та азаяды, есейген жан досқа мұқтаж да болмайды. Таңдап сүйген жалғыздығы асау жүйріктей ешкімді маңайлата бермей жанталасады. Өзімен-өзі болғысы келіп, өз жанын өзі бір сәт ұйып тыңдағысы келіп оңаша қалғанды қалайды.

Роза Мұқанова «Менің Таразиым»

 

– Бүйту керек, сүйту керек деп бәрі айта алады. Әлемдегі бірден-бір тәлімгер Дейл Карнегидің өзі жұртқа ақыл айтып, ақырында жалғыздықта өз-өзіне қол жұмсап өлген соң не сұрайсыз?, – деп тұлғалық өсудің түкке тұрғысыз дүние екенін дәлелдемек болдым.

– Дейл Карнегидің не себепті жалғыздықта өлгенін білесің бе?! Интернет кеңістігінде желдей ескен мәліметке сене бермей, себебін анықтап көрсең бұлай айтпас едің?! Дейл Карнеги лимфогранулемотоз деген аурудан көз жұмған. (Ішкі органдары қысылып, жөтел пайда болып, адам терісі іріңдейді). Сол бойындағы дерті қоғамнан алыстауына түрткі болады. Тресслер деген біреу Карнегидің кітабын мазақ қылып «How to Lose Friends and Alienate Peeople» деп кітап шығарады. (Достарыңды жоғалтып және Адамдардан қалай алыстауға болады) Бұл қаңқу сөз сол сәттен бастау алады. Негізінде Дейл Карнеги емес, міне, осы кітаптың авторы өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған.

Аяз би «Катарсис. Кедей болуға мүмкіндік жоқ»

 

Үндістанда бір ілім бар екен деген. Сол ілімнің болжауы бойынша, адам өлген соң оның жаны басқа бір мақұлыққа ауысатын көрінеді. Ол, әйтеуір, бір жануар, тіпті құрт-құмырсқа болуы да мүмкін екен. Әрбір адам өзі әлі адам болып тумай тұрғанға дейін әлдеқандай жәндік бейнесінде өмір сүретін көрінеді. Ол иә құс, иә, аң, тіпті жылан болуы да мүмкін. Сондықтан ол елде тірі жәндікті өлтіру үлкен күнә саналады екен. Жолында не кездессе де, өлтірмей, иіліп тұрып жол беретін көрінеді.

Е, бұл он сегіз мың ғаламда нелер жоқ десейші. Бірақ ақиқатын біліп келген ешкім жоқ. Әлем шексіз, адам бәрін біліп, тауыса алмас.

Шыңғыс Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн»

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 67 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: