27/02/2023, 07:20 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
– Мазалай бермеші, онсыз да шаршап жүрмін..., – деп бір қыз қатарласа отыра кетті. Ол телефонмен сөйлесіп болғанша көзбен сүзіп, сымбатына тамсанып үлгердім де: – Алматы кімді болмасын шаршатады?!, – деп жаныма жайғасқан аруды сөзге тарттым. – Менікі хроникалық шаршау?! – Қандай? – Өмір бойы шаршап жүретін адамдар, – деді де: – Бұл дертке көбіне жетістіктің соңынан жүгірген қалалықтар шалдығады екен. Адам ағзасында ешқандай ақау болмаса да, арман-мақсаттарын жүзеге асыра алмағандықтан өзін жайсыз сезінеді. Бүгін осы туралы деректі фильм көріп, өзімнің диагнозымды анықтағандай болдым, – деп түк түсінбегінімді сезгендей, түсіндіре кетуді жөн көрді. Аяз би «Катарсис. Кедей болуға мүмкіндік жоқ»
Суреттер – өткен күннің, адамның жүріп өткен өмір жолының белгісі. Суреттерде тұнған сыр бар. Оларды көргенде көкейдегі көмескіленіп бара жатқан кейбір жəйттер қайтадан жаңғырып, жаның жаңарғандай болады. Жанболат Әлиханұлы «Біртуарлар»
....– Балам, үлкендер бiрде тату, бiрде араз бола беретiн. «Күндестiң күлi күндес» дегендi сен бiлмей-ақ қой. Бөжекеңдi көрген жерде сәлемiңдi түзу бер. Бiр кезде жақсы жақының едi. Кiм тентек, кiм мақұл? Қайдан бiлдiң? Әкең дұшпан десе, сен әдiл бол! Жамандыққа кiм табылмайды дейсiң, жан ашырдан айырылма!– дедi... Мұхтар Әуезов «Абай жолы»
Адамдар өзіне-өзі өш. Оң қолы мен сол қолы, оң көзі мен сол көзі мәңгі қас дейді. Оралхан Бөкей «Бармысың, махаббат?»
Өкінішке қарай, қазіргі жас келіндердің көпшілігі "жеріктік" дейтін аса маңызды, жүктіліктің алғашқы айларында болатын табиғи іңкәрліктің мән-мағынасын, қадір-қасиетін ұғына бермейді. Оның бала үшін орны толмас салдары болатынын бағалап та жатпайды. Әлі ана болып көрмеген жас келінге түсіндіріп, жіліктеп ұқтыратын енелер де бұл күнде көп емес. Себебі олардың өзі ұлттық құндылықтардың тегін, тетігін білмейді, байыбына өздігінен үңілмейді. Дайын көмекке жүгінеді. Ол – әйелдер консультациясы. Дәрігерлер ғылыми тұрғыдан, медициналық жағынан ақыл-кеңестерін айтып, арнайы дәрі-дәрумендерін беріп, ай сайын тексеріп қадағалайды. Бұл сөзсіз үлкен қамқорлық, болашақ анаға аса қажетті көмек. Дегенмен әрбір адамның дара жаратылысы, бір-біріне ұқсамайтын мінез-құлқы, жеке табиғаты бар. Бір қарағанда бірдей көрінетін адамның дене бітім құрлысының өзі қайталанбайды. Сөйте тұра "токсикоз" деп бәріне бірдей дәрі-дәрумен беріледі. Оны іштегі бала да қабылдайды. Мен дәрігерлерге жаппай күмән келтіріп отырғам жоқ, ондай астамшылықтан құдай сақтасын. Дәрігерлерсіз күніміз бар ма? Білікті, білімді дәрігерлерді өте құрметтеймін. Өзім дәрігердің отбасында туып-өскенмін. Менің бұл жерде айтпағым мүлде басқа. Ол ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан тектік қасиетке мүлде мән бермейтін салғырттығымыз. Тектік қасиет ұлттық қасиетпен бірге өріліп жатады емес пе! Мұның бәрін естен шығарып тек дәрігердің дәрісіне сену, соларға ғана тәуелді болудың нәтижесінде тәніміз бен жанымыздың өрістік ағысын, өрістік қалауын өздігімізден ажырата алмайтын ішкі сезімдік тоқырауға ұрынғанбыз. Бұл деген ұлттық қасиеттен ауытқуға әкелген. Қарапайым ғана кішкентай мысал келтірейік. Осы күні "мынандай дәмге жерікпін" деп атын атап, түсін түстеп беретін келіндер өте сирек. Есесіне, әйтеуір тәбетін ашу үшін, жерігін басып тұншықтыру үшін тұздалған қияр мен тұздалған помидор жейтіндер екінің бірі. Бұл нені көрсетеді? Бұл жеріктік өрістің тоқырауы, тектік сәйкессіздік, ұлттық болмыстың өзгеруі деуге болады. Өзгерген емей немене, тұздалған қияр мен помидор қай ата-бабамыздың асы еді? Келісерсіз-келіспессіз, бірақ екі айналдырып ойлануға тұратын түйткіл екені анық. Зейнеп Ахметова «Күретамыр» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 87 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |