20/02/2023, 07:25 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Таң азанда «қайырлы таң», кешке «қайырлы түн»-ді айтудың қаншалықты зор мәні бар екенін пендешілікпен ескере бермейміз. Түннен түгел шығып, күннің қызылын көру, тағы бір жарық күнді, жаңа күнді үй ішіңмен қарсы алу деген – бақыттылық түсінген адамға. Түн – қашанда тылсым, түннің біз терең түсінбейтін құпиялары, біз білмейтін ауырлығы бар өзінше бір сырлы құбылыс. Адам бейқам балбырап ұйқы құшағында жатып, тілге келмей, соңғы сөзін айта алмай, қайтпас сапарға аттанып кетуі әбден мүмкін. Таңның қаралы болмай, қайырлы болғанына бір үйдегі үлкен-кіші «шүкір» деп, төрт көзі түгел амандықта дастарқан басында отырудың өзі — бір бақыт, — деп сөзін үзді де, мені кабинетінде қалған темекісіне жұмсады. Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты»
Теледидардан бір бүркітші туралы хабар берілді. – Орыстарда «обал» деген сөз жоқ, «жалько» деп айтады, бірақ ол «аянышты» деген мағынаны ғана білдіреді, – дейді. «Орыс ойына келгенін істейді» деген сөз осындайдан шықса керек. Өйткені обалды білмейтін халық сауап іздеуші ме еді... Қонысбай Әбіл «Жадымдағы жазбалар»
Бұзұргмейірдің бәйбішесі оған бір сауал берген екен, ол тосылып қалыпты. Сонда әйелі: — Сенің патша кеңесшісі екеніңді қайтейін, менің бір ғана сауалыма жауап бере алмадың. Өстіп те ақылыңа әжептәуір ақы алып жүрсің-ау,– дегенде, Бұзұргмейір: — Мен тек өз шамама қарай білген-айтқандарым үшін ақы алып жүрмін, Ал білмейтіндерім үшін ақы төлейтін болса, оған патша қазынасының бар алтыны да аздық қылар еді, – депті. Исраил Сапарбай «Бір тамшы көздің жасындай»
Жапон елінде атом стансасы жарылғанда бүкіл дүкен, банк ашық қалды. Жапон халқы ашық жатқан банктен бір иен, дүкендерден бір суыртпақ жіп алмады. Арлы халықты, ар-иманын жоғалтпаған халықты Ел дейді. Жапон халқы Ел екен, қиын-қыстау, ел басына күн туғанда Елдігін көрсетті. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген елдік қасиет бізде де бар еді ғой. Иә, бар-тын, болған. Қазір – жоқ. Қазір: «Атаңды жау шапса, қоса шап!» қағидасы күшіне еніп тұр. Ар-иманын жоғалтқан халық тарих сахнасынан кетеді. Қасиетті Кітапта солай жазылған. Біз де кетеміз. Өйткені арымызды сақтай алмадық. Халық қырылып жатқанда пайда таптық. Халыққа ауадай қажет дәріні тығып, қымбатына саттық. Біз Ел бола алмадық. Омар Жәлел «Махаббатсыз – дүние дос»
Қой енді, бір адамға өкпелеймін деп, барша азаматқа топырақ шашпа, – деді Қамажай сыбырлай сөйлеп, – талайына жазылғаны осындай адам болса, қайтеді? Камал Әлпейісова «Жақсы көру»
Қазақ елiнiң алдында тұрған бiр жақсылық, бiр жаманшылық бар. Жаманшылығынан құтылу қиын. Жақсылығына жету қиын. Жаманшылық – бұл өлкелердегi ұлық, чиновниктер жемнен, шеннен басқаны аңғармайтын керең, меңiреулер. Жақсылық – орыстың өнерi. Бiрақ оның қазiргi қазақ қауымына бар сыры, бар түрi жұмбақ. Бүгiнгi қазақ, орыс дегенде – Селантий, Сергейлердей, Тентек-ояздай өгей күштi ғана бiледi. Бiрақ Абай танып, бiлiп келе жатыр ғой. Орыстың елдiгiнде, оның ар жағында жатқан мүлде бөлек сыр бар. Ол ғажайып, қадiрлi дүние. Орыста, бұл күнде, дүние есептесетiн ғылым бар. Орыста дүние жұрты оқитын кiтап бар. Халықтың шын қасиетiн, шын елдiгiн танытқан, дүниеге танытқан асқар ойлы, даналар бар. Соның бәрi бүгiнгi қазақ қауымына бөтен, алыс, жат болып жатыр. Екi-ақ түрлi шара бар. Қараңғы елдiң Абайдай ерте оянған жалғыздары, өзiне серiктi, сол орыстың қазынасынан таппақ, алмақ керек. Мұхтар Әуезов «Абай жолы»
Жалпы интернет күннің нұры сияқты байға да, кедейге қол жетімді ресурс. Тек сол ресурсты ұтымды пайдалана білу керек! Аяз би «Катарсис. Кедей болуға мүмкіндік жоқ» баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 72 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |