06/02/2023, 20:43 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Ниет Бір күні құмырсқа қажылық парызын өтеу үшін жолға шығады екен. – Мына жүрісіңмен қашан жетесің? – деп құмырсқадан кекетіп сұрайды. Құмырсқа: – Иә, жете алмайтыным рас. Бірақ осы жолда өлсем, қам жемеймін, – деген екен... Мәлік Отарбаев "Таңғы шық"
Дөңгелек үстел басындағы ғылыми деген жиындардың және оған қатысушылар мен сөйлесушілердің көптігі сондай, Ғылымның өзіне орын тимей, сыртта қалды. Жақау Дәуренбеков "Ойдауа"
Қазақ халқы тұсауды кез келгенге кескізбеген. Жүрісі сылбыр жайбасарға, дімкәс аурушаң адамға, қимыл-қозғалысы ауырлап қалған қарт кісіге, "жолы әлі ашылмаған" деп үйленбеген жігітке, тұрмысқа шықпаған қызға тұсау кескізбеген екен. Қай кезден бастап үдіріс алғанын білмеймін, қашан көрсең жасы үлкен әжелер тұсау кесіп жатады. Оны телеарналар жиі жарнамалап жариялайды. Теледидар көрсеткеннің бәрін шындық пен ақиқатқа балайтын қарапайым жандар "тұсауды жасы келген адам кеседі екен" деп қабылдап, ары қарай жалғастырып әдетке айналдырып жіберген болуы керек. Сөз жоқ, көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген ұлағатты әжелер батасын беріп, ала жіпті баланың аяғына байлайды. Ал тұсауды қыз бала болса жүрісі ширақ, істеген ісін тиянақты тындыратын қағілез, ақжарқын мінезді келіншекке, ұл баланың тұсауын жақсы аты ел аузында жүрген, қолға алған шаруасын нәтижелі атқаратын еті тірі еңбекқор азаматқа кескізеді. Бұл жерде қалау – ата-ананың ықтиярында, көңілі түскен адамын оның қадір-қасиетіне қарай таңдап, тұсау кескізеді. Зейнеп Ахметова "Күретамыр"
Адам баласын бақытты ету үшін аспандағы айды ерттеп мініп, жұлдыздарды жетектеп келу шарт емес екен. Нысап пен нəпсі бар. Нысап – тойым, нəпсі – тойымсыз. Құдай тойымсыздан сақтасын. Шерхан Мұртаза "Ай мен Айша"
– Менің үнемі сенен осыны қалайтынымды сен жақсы білесің, оқы, оқи бер, Фатма! Оқып-оқып бір күні оянарсың, Фатма! Мына өмірде істеу керек көп нәрсенің барын сонда ұғынарсың... Көп нәрсе бар... Орхан Памук "Үнсіз үй"
– Қызым, сен әкеңнің үйінен кетіп барасың, есіңде болсын, еркектерді көп тергеуге болмайды деп жатады. Мысық сияқты көп аңдыспа. – Жарайды, әке, ол жағын білем ғой. – Байқа, қызым, тағы да айтарым бар, еркектің тірлігіне араласпа! Сосын ешнәрсеге өкінбе! Орхан Памук "Үнсіз үй"
Мен осы кезге дейін ажалды өмірден тұтастай бөлек, оған қатыссыз жаратылыс деп қабылдадым. Ерте ме, кеш пе, ажалдың құрығына ілінеріміз күмәнсіз. Бірақ сол бір қолына түсетін күнге дейін ол бізге жоламайды. Қарапайым қисынды шындық дегеніміз осы болып көрінді маған. Өмір мына бетте, өлім ана бетте. Мен ана бетте емес, осы беттемін. Харуки Мураками "Норвег орманы" баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 80 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |