30/01/2023, 22:41 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
— Мен білетін педагогика біреу-ақ, — деген Әділгерей оның сөзін бөліп. — Оның түп-төркіні өтірік айтпау, ешкімді алдамау дегенге саяды. Оқу – балалардың еңбегі. Ал, еңбек қашанда әділ бағалануға тиіс. Егер біз жас ұрпақты бесіктен белі шықпай жатып, жалғандыққа, көзбояушылыққа, жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүруге үйретсек, өтірікпен ауыздандырсақ, ертең солар кім болып шығады? Әрі-бірден соң, мәселе тек бағада тұрған жоқ, ең басты нәрсе осы бастан қалыптасатын адамгершілікте, ар-ұятта жатыр. Қабдеш Жұмаділов "Бір түп тораңғы"
Ал бізде білім де, білімді де аз. Сондықтан бір-бірімізді тыңдамаймыз, өйткені бір-бірімізді түсінбейміз. Түсінбейтін себебіміз – білімдінің айтқанын білімі жоқ адам ұқпайды. Ұқпаған соң, құптамайды. Бексұлтан Нұржекеұлы "Әй, дүние-ай"
Меніңше жас адамның ақылы «мен әкемін» деген ұлы сезіммен бірге енсе керек. Сәуірбек Бақбергенов "Адам және көлеңке"
Артында тұяғы жоқ пенде бүтін бір ұрпақтың мәңгілікке құрдымға кетер жолын тауысар күнәһар атанбақ! Төлеген Қажыбаев "Қанкешу"
Қазақстан Республикасының Ата Заңында айтылған «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген заң нормасы баршаға ортақ емес пе? Ендеше, осы мемлекеттің аумағына кіретін аймақтарда, барлық мекемелерде, қоғамдық орындарда мемекеттік тіл үстем болуы керек емес пе? Ал мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қағажу көріп, еңселі үйлердің табалдырығынан да сығалай алмай қалатыны – осы елдің азаматтары ретіндегі Сіз бен Біздің құқығымыздың бұзылуы емес пе? Осыны көріп-біле тұра, өз құқығымызды қорғауға дəрменсіздік танытамыз. Міне, құқықтық енжарлықтың əрі білімсіздіктің айқын көрінісі. Гүлбиғаш Омар "Қайда барсаң – саясат"
Кешегі дегеніміз — бүгінгі, бүгінгі дегеніміз — ертеңгі. Оралхан Бөкей "Бармысың, махаббат?»
Бақытты балалықтың болуы ер азамат үшін көбіне-көп әкенің тәлім-тәрбиесіне байланысты. Тумауымызға қалай шарамыз жоқ болса, әкелерімізді таңдауға да біздің еш дәрменіміз жоқ. Құдай адам баласын дүниеге әкелгенде кімнің шаңырағында тууы керектігін одан сұрамайды. Сіз де Құдайға қарсылық танытуға қауқарсызсыз. Әлбетте, бізді жарық дүниемен қауыштырған әкелеріміз санасында сәулесі бар, мейірімі мен шапағаты мол, иманжүзді адамдар болып шықса Құдайға мың да бір рақмет. Ал, керісінше... зұлым... қызғаншақ... алаяқ... тоғышар... жағымпаз... екіжүзді... имансыз жандар болып шықса ше? Ондай әкелерден туған бала қандай болмақ? Құдай кешірсін, әрине, бірақ, мұндай әкелер ірітіп-шіріткеннен басқа, қоғамға не жақсылық әкеле алады? Айтыңызшы, не? Амангелді Кеңшілікұлы "Әлем әдебиетінің әңгімелері"
Өмірдегі барлық мәселені шешетін басты нәрсе ақыл-ой емес, етік тазалайтын шөтке екен. Әр істі қажетіне қарай оймен, ақылмен істеудің орнына бір кезде қалыптасқан тәртіпті бұлжытпай орындасаң болғаны. Еркіндік жоқ та, ойсыз, санасыз, орындау бар екеніне көзіміз жетеді. Эрих Мария Ремарк "Батыс майданда өзгеріс жоқ"
Бір халықтың ар-намысынан бір доллардың ықпалы күшті. Біздер халық үшін деп әуелі тамаша бір идеяларды тауып аламыз да, артынан сол идея үшін халықтың өзін құрбан еткіміз келеді. Төлен Әбдік "Тозақ оттары жымыңдайды"
«Жалған» қанша кең болса да, адамзат баласы үшін тарлық етеді. Есенгүл Кәпқызы "Ой түбінде жатқан сөз"
Біреуге жасалған қиянат ешқашан жай кетпейді. Камал Әлпейісова "Жақсы көру"
Жар құшағының жалынына шарпылмаған жан, мен де адаммын, мен де өмір сүрдім дегені далбаса. Ол әйтеуір күн көру. Дүниеге неге келдім, неге кеттім? – деп ойлап жатпайтын жетесіздердің жетім тіршілігі. Шерхан Мұртаза "Қызыл жебе"
«Жолаушының ақысы жүрсе бітеді» деген сияқты жол жүргендікі, мақсат талапкердікі, арман қол созғандікі, білім қуғанды, бақыт еңбеккердікі, абырой мен атақ азаматтікі, өнер білгендікі, жол, өмір жолы жүргендікі. «Жүрген аяққа жөргем ілінер» деп ата-бабамыз осыдан шығарып айтқан болар. Сәуірбек Бақбергенов "Адам және көлеңке"
Ес білгелі құлағыма сіңген қасиетті бір ұғым бар — ақ некемен қосылған жұбайыңның көзіне шөп салу үлкен қылмыс. Еркек намысы деген қиын болады, еріңді масқара қылып жерге қаратпа. Тахауи Ахтанов "Шырағың сөнбесін"
Шамасы, өмір заңы осындай болса керек – ізгі ісіңнің өтеуі әрқашан да қайтады! Тек соны күтпеу керек – ізгілікті риясыз жаса! Мәселе мынада, ізгі іс те аманат тәрізді, бір адамнан екінші адамға беріліп отырады. Бір күні сен де біреуге жақсылық жасайсың! Сол кезде осы жақсылықты мен үшін де жасадым деп есепте! Баянғали Әлімжанов "Жүз жылдық толғау"
…Жанымды сөзсіз ұғатын жалғыз-ақ адам бар еді. Алыстаған сайын тұлғасы биіктеп бара жатқаны. Сенген сырласыңды қайтып жек көріп кете алмайсың. Себебі оны жек көру жарты әлемді жек көрумен тең… Әсем Жұмақан "Иллюзия"
Баяғының қазағы, аяғым үзеңгіде, қаруым қолымда, жау қолынан өлсем деп тілейді екен. Қартайып, төсек тартып өлгенді қорлық санайды екен. Енді түсіндім. Қартайғанның, қайратың қайтқанның қорлығы осы екен ғой... Таласбек Әсемқұлов "Талтүс"
– Меніңше адамдардың бойындағы жақсы, керекті қасиеттің бірі – жеңілгенін, жығылғанын мойындау болса керек. Сәуірбек Бақбергенов "Адам және көлеңке"
Шындық – жанып тұрған алау, жақындасаң тəніңді қарып өткенмен, күйдірмейді, жалыны жаныңды емдейді. Гүлбиғаш Омар "Қайда барсаң – саясат"
– Е-е, шырағым, өмір деген сенің дегеніңмен болмайды екен. Әйтпесе, нәпсінің құлы боп, дүниенің қызығын оңды-солды жүріс жасаумен, өмірдің қызығы дегенді еркегі неше әйелдің етегін көтергенімен, әйелі неше еркектің қойнына жатқанымен өлшеген осы екеуімен бір үйде көрші тұрамын деп ойлаппын ба? Енді міне, «апама жездем сай», екеуі жақсы қосылыпты. Көрсем де көрмеген, білсем де білмеген болатыным – олар көз жасына қалған жанның тілегін орындағаным. «Кінәлі жанды Құдай тапсын, сен ештеңені қозғап, әңгіме шығармашы» деп қиылып өтініп еді. Камал Әлпейісова "Жақсы көру"
Басынан бағы тайған жанның естелігінен: "Мадаққа тоймасаң, мазаққа айналуың оп-оңай екен". Жақау Дәуренбеков "Ойдауа" баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 90 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |