Кітап үзіндісі
23/01/2023, 20:23

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Пенде біткеннің бәрі де біреуге табынады.

Бірі — Құдайға. Олар діндар жандар, діндарларға сенуге болады.

Бірі — ережеге. Бұл санаттағылар қоғам ережесін бұлжытпай орындап, басқалардан да соны талап етеді.

Үшінші біреулер күштіге табынады, жеке адамдарды әулие тұтып, соның ыңғайымен өмір сүрмек.

Ешкімге табынбайтындар да баршылық. Бұлардың бірі барлығына қарсылар. Көзі көргенді, құлағы естігенді — бәрін қаралап, бәрін күйелеп тастайды. Ал табынбайтындардың енді бір тобы — ішкі сарайлары тап-таза, жап-жарық, ап-анық. Ешкімге бас та ұрмай, ешкімге жамандық та ойламай өмір сүреді. Олар адалдық пен тазалыққа табынады.

...Мен дінге сенемін бе?.. Сенетін сияқтымын. Әкелерім діндар кісілер еді. Бір Тәңірге, Бір Аллаға, Бір Жаратқанға табына өмір сүріп келе жатқан сияқтымын...

...Мен мұсылманмын ба?.. Мұсылман сияқтымын. Үгіттей жүремін, абыройын қорғауға әрқашан дайынмын.

...Бірақ мен де бір ойға беріле беремін. — "О жақта" ақырет күні басқа түскенде, періштелер әр пенденің тіршіліктегі сауабы мен күнәсін салыстырар кезде олардың діні есепке алынбайтын секілді. Адамның адамгершілік көрсеткіші — жасаған жақсылық ісі мен ойлаған адал ойы болатын болар деп үміттене беремін...

Сайын Назарбекұлы "Сенім мен дін"

 

Бір ұстаз шәкірттерінің құлағына ылғи да мынаны құйып отырады екен:

— Қанағат — жамағаттың шын жанашыры. Ішкенде де, жегенде де, тіпті, сұлуға ғашық болғанда да оны жадыңда ұста.

Исраил Сапарбай "Бір тамшы көздің жасындай"

 

"Төңірегіңе төре болудан шаңырағыңа ие болу – қиын", — депті қазақтың ақылды бір қариясы.

Зейнеп Ахметова "Теңбіл тіршілік"

 

Жақсы адам болғаны үшін жақсы жазушы боп жүргендер көп.

Жақау Дәуренбеков "Ойдауа"

 

Достарды таңдап алыппын ба? Әлде сен ойынқұмарсың, сен алқашсың деп араласпай кетейін бе? Ойынқұмар болса да, оның жақсылығы маған өткен. Тіпті, мен сенен ондай жақсылық көргенім жоқ. Алқаш дейсің? Шешесі қайтыс болып, әкесі басқа әйел алып, хабар-ошарсыз кеткен соң, ешкім іздемеген соң, күйіп ішеді. Адамның жанын түсінесің бе?

Әлішер Рахат "Туған күніңізбен, анашым!"

 

Біздер, көзі бар соқырлармыз. Сырттай қарасаң бәрі тамаша, бәрі де орнында секілді — мұңсыз-қамсыз тірлік. Ал, іштей үңілсең... іштей үңілсең, өлгің келеді, бірақ асфальтта өлу де қиын.

Оралхан Бөкей "Құлыным менің"

 

Бес күндік өмірде табысқа жету үшін білім алып, он бес жыл арнаймыз.

Ал мәңгі өмірде бақытты болу үшін қанша уақыт жұмсаймыз?

Мәлік Отарбаев "Таңғы шық"

 

Қастандықтың бәрі бірдей қастандық, жақсылықтың бәрі бірдей жақсылық емес. Таңдау біздің еркімізде...

Торғын Жолдасбекқызы "Араша"

 

Махаббат мәңгілік болуы үшін, оның оты өшпеуі үшін оған жұп боп қосылған екі жақ кезек «тамызық» тастап отыруы парыз. Мұның өзге ешбір математикалық формуласы жоқ.

Махаббатта бір-ақ формула бар, ол - тұрақтылық.

Махаббаттың да досы мен қасы бар. Досы: ұят, ар, борыш. Осы үшеуін ренжітпей, өзіне сенімді серік еткен махаббат қана зайыптылық заңына берік болады. Қасы: ашу, қызғаныш, кикілжің. Осылардың әзәзілі - арақ. Жас жұбайлардың бірін-бірі сүйіп қосылуымен іс бітпейді. Олар қосылғаннан кейін де өз махаббатын гүлдей мәпелей беруі тиіс. Сүйіктісін қуантуға тырысу, соны риза етерлік бір нәрсе істеуге ұмтылып отыру - мәпелеудің бір түрі осы. Сүйгеніңнің көңілін қалдырмау үшін оның тілегін мүлтіксіз орындау да ғанибет.

Әзілхан Нұршайықов "Махаббат, қызық мол жылдар"

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 85 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: