16/01/2023, 20:25 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Дос болу оңай нәрсе емес. Достасушы бір-бірінің бойынан өздеріне лайық, әркім өзіне ұқсаған өзіне тән әйтеуір бір тәуір нәрсе таба білгендіктен де дос болады. Осымен дос бола салайын дегенмен дос болып жараса кету қиын. Мұндай достық ешқашан алысқа барған емес. Сәуірбек Бақбергенов "Адам және көлеңке"
Міне, содан бері бірталай жыл өтті. Қыз болып сырға да тақтық, көйлек те кидік. Сыйлық та алдық. Бірақ... Бірақ, бір байқайтыным: жыл санап сыйлығымыздың сапасы да, құны да артқанымен, оны алған, пайдаланған кездегі қуаныш солғындап келеді?! Неге? Сырғаның күмісі де, алтыны да болды. Бірақ, дәл сол көк сырғадай жүрегімді дір еткізіп, бір мезетте қызығушылық, мақтаныш, қуаныш, қызғаныш сезімін бірдей сыйлай алмайтыны неліктен?! Жалпы, сыйлық жайында ғана емес, өмірдің әр жетістігіне, сыйына жете шаттанбай, салғырт қарайтынымыз неліктен?! Есесіне, қолымыз жетпегенге ерекше күйінеміз... Жалпы, оқи-тоқи, білім жинай келе, бала жүрек, кең көңілді өз қорқақтығымыздың кесірінен сол балалық шақта қалдырып кететініміз өкінішті-ақ... Торғын Жолдасбекқызы "Араша"
Мен жалғыздықтан қорықпаймын. Бірақ жалғыз қалмау үшін көрінгеннің жанында болудан қорқамын. Жалғыз қалмау үшін үшінші, төртінші адамды бақытсыз етуден қорқамын. Мен айналам толы адам болса да, жалғыз адамды аңсап тұратын жалғыздықтан қорқамын. Перизат Мырзахмет "Өмірдің аты – М"
Ар диктатурасынсыз заң диктатурасы орнамайды. Жақау Дәуренбеков "Ойдауа"
Бұл қабірде өршіл мақсат пен үлкен арман иесі жатыр, бұл қабірде өмірге келе алмаған жас сәбидің анасы жатыр, бұл қабірде қадіріне жете алмаған Ыбыштың адал жары жатыр. Бұл қабірде ешқашан айтылмаған, ешқашан айтылмайтын менің аяулы махаббатым жатыр. Қош, Салтанат! Дулат Исабеков "Гауһар тас"
Жастайымнан атқа міндім. Біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік кештік. Жақсылыққа мастанбасқа, жамандыққа жасымасқа бел буып өстік. Кем-кетіксізбін деуден аулақпын. Барды емес, жоқты іздедік. Жоқ іздеген кісі бұрынғы жоғын табатын кезі болады. Меніңше, оны ойға тоқып қана қоймай, бойға сіңіре білуден асқан байлық бар деп білмеймін. Жоғыңа жолыққан сайын көп нәрсеге қолың жете береді. Алысың жақын, жатың дос-жаранға айналады. Дінмұхамед Қонаев "Өтті дәурен осылай"
Жер бетіндегі тіршілік иесінің бəрі де өмір сүруге шексіз құмар. Бұл құмарлық олардың бойындағы табиғи соқыр сезімнен туындап жатпай ма? Ажалды соншалықты үрейлі етіп көрсететін нəрсе де сол өмірге деген құштарлыққа байланысты шығар. Егер дана-табиғат оларға осы бір қорқыныш сезімін сыйламағанда не болар еді? Онда бірде-бір тіршілік иесі өзіне төнген қауіп-қатерден қорғанып, өзін-өзі сақтап қалуға əрекет жасамас еді. Ал, қорықпаса, қорғанбаса, онда олардың бəрі жер бетінен əлдеқашан-ақ жойылып, жоғалып кетпес пе еді? Гауһар! Сен мынадай бір нəрсеге назар аудардың ба? Əдетте өз бетінше жабайы өскен өсімдіктер мен ағаштардың тікенегі сұмдық көп болады ғой. Ал, бау-бақшада қолдан егілген гүлдер мен жеміс ағаштарында тікен жоққа тəн. Неге? Себебі жабайы өсімдіктерге инедей өткір тікендер керек-ақ. Өйткені олар өлмей, тіршілік етуі үшін өзін-өзі қорғауға мəжбүр. Қурап қалмау үшін олар барын салып, жеті қабат жер астына бойлап, тереңге тамыр жайып, су іздеп табады. Бұл өмірге құштарлық емес пе?! Ал, бау-бақшадағы өсімдіктер тым нəзік келеді. Кезінде бап-тап, суарып тұрмаса, тез қурап қалады. Себебі ол адамның мəпелеуіне "арқа сүйеп кеткен". Немат Келімбетов "Үміт үзгім келмейді"
Қазақ тiлiнiң мəселесi айтылмау үшiн, орыс тiлiнiң мəселесiн жалау етiп көтерiп, «орыс тiлiнiң мəртебесi аяққа тапталып жатыр!» деп шу көтеруден де тайынбайтындар бар. Мұндайларды ара-тұра көрiп те, естiп те жүрмiз. Бiз де орыстiлдiлерге қарсы уəж ретiнде өз сөздерiн айта аламыз: «Мемлекеттiк тiлiдiң мəртебесi дегендi неге орыс тiлiн шеттету деп түсiнесiздер? Қазақстанда орыс тiлiне ешкiм қарсы əрекет жасап жатқан жоқ. Орыстар өзара орысша сөйлесе берсiн, оған кiм кедергi? Бiрақ мемлекеттiк органдарда, қоғамдық орындарда мемлекеттiк тiлдiң мəртебесi жоғары тұруы керек! Бұл – баршаға ортақ заң. Мұны бiз тек орыстардан ғана емес, Қазақстанға келiп жұмыс iстеп жатқан ағылшындардан да, қытайлықтардан да талап етемiз. Орыс тiлiне жау тиiп жатқандай дабыра айғай кiмге керек?». Ақыр аяғы, орыс тiлiн Қазақстандағы өзге тiлдерден бөлiп, Ата Заңның өзiнде «Мемлекеттiк органдарда ресми түрде мемлекеттiк тiлмен бiрдей қолданылады» дегендi жазып қойдық емес пе? Гүлбиғаш Омар "Қайда барсаң – саясат"
Адамды өлтіретін – уайым. Көп жұрт емге бойсынбай сары уайымға өздерін жеңдіріп алады. Дәрігерге сеніп‚ өзін-өзі тоқтатып‚ дәрі мен кесел‚ дәрігер мен емделуші арасында жібек жіптей есілген түсіністік болса‚ беті бері қараған "еркек" ауру қауіпті емес. Аурудың да "еркегі"‚ "ұрғашысы" болады. Қуандық Түменбай "Түрмедегі торғай" баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 89 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |