Кітап үзіндісі
09/01/2023, 09:19

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Кейде бір сөз, бір дыбыс, бір-ақ сезім, бір ой, бір инсайт не түйін адамның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп, пазл секілді, суретінің толық сен қалағандай құрастырылып шығуы үшін жеткілікті болып жатады.

Қуаныш Шонбай "Құпия"

 

Жаратушы пенделеріне әділ ғой, шіркін! Күллі адамзат баласының ешқайсысын алаламай уақытты бәріне бірдей берген. Тәулігіне 24 сағат! Пайдалан да, іске жарат. Соны түсінгендер, уақытын тиімді пайдаланып, жетістікке жетеді де. Уақытты текке өткізгендер өмірде ештеңеге қол жеткізбей қала беретіні рас.

Сәуле Досжан "Ауылдан шыққан миллионер"

 

Конфуций: "Үш зат ешқашан қайта оралмайды, ол – уақыт, сөз және мүмкіндік. Сондықтан уақытыңды жоғалтпа, сөзді ойланып айт, мүмкіндігіңді жіберіп алма" деген екен. Біздің бабаларымыз да ұрпағына "уақытыңды есіл өткізбе, айтылған сөз – атылған оқ" деп үйретті емес пе?

Сәуле Досжан "Ауылдан шыққан миллионер"

 

Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қып бере ала ма?

Тұрсын Жұртбай "Күйесің, жүрек... Сүйесің!.."

 

Сендерді ертеңге өмірге құмар етіп, еліктіріп тұратын не? Түнде ұйықтарда, тезірек таң атып, ертеңгі күннің келуін не үшін аңсап жатасың?

Санжар Керімбай "Өмірге ғашық болу"

 

Ойхой, өмір шіркінде оңайлық қайда, оның ғылымы мен техникасына ғана емес, күнделікті қарекетіне де бірнеше университеттік білім керек.

Бексұлтан Нұржекеұлы "Бейтаныс әйелдің құпиясы"

 

Қыздарға айтарым

1. Қазір жақсы жігіт жоқ, барлығының ойы жаман дейтін қыздарға айтарым: көшеде қылтыңдап, көлік көрсе жылтыңдап жүрген қыздар бар кезде қандай жігіт дені түзу ойда болсын?

2. Жігіттердің бәрі бірдей дейтін қыздарға айтарым: сен ерекше қыз болсаң, жігіт сен үшін жалғыз болып, ал басқа жігіттерде шаруаң болмайтын еді.

3. Менің артымнан жүгіретін жігіт көп, кез келгенін таңдай саламын дейтін қыздарға айтарым: арзан заттың тұтынушысы да көп болатынын ұмытпағайсыздар!

Олжас Еспанов "Ол – Жас Махаббат"

 

Менің өз тәжірибемнен түйгенім, ең бірінші білім керек екен. Білімнің өзі үнемі жаңарып отырмай ма? Кеше білгенім бүгінге жарамсыз болып қалуы мүмкін. Себебі дүние күнде жаңарып жатады. Екіншіден, адам денсаулығына мән беріп, жағдайының жақсы болуын қадағалағаны дұрыс. Тұрмыстық жағдайың жақсы болмаса, сенің өміріңнің сапасы болмайды, жақыныңа көмектесе алмайсың, балаңа сапалы білім бере алмайсың деген сияқты. Үшіншіден, адамдармен қарым-қатынас мәдениетің өте жоғары болуы керек. Төртіншіден, рухани байлық керек. Тек қана ақшаның құлы болмай, "артыма бір нәрсе тастап кетсем, елім мен жеріме пайдам тисе" деген оймен әрекет етсең, жаман болмайсың. Осы төрт тағанды тең ұстасаң, толық адам боласың!

Сәуле Досжан "Ауылдан шыққан миллионер"

 

Гүл тек қыздыкі емес, көңілдікі ғой.

Бексұлтан Нұржекеұлы "Бейтаныс әйелдің құпиясы"

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 97 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: