Кітап үзіндісі
03/01/2023, 18:56

 Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

– Шыбыным, әйтеуір, ешкімге тимей, ұрынбай, жайыңа жүр. "Тек жүрсең, тоқ жүресің" дейді атаң қазақ. Сенің тентектігіңді менен басқа ешкім де көтермейді. Әйтеуір, саған айтар ақылым, – тыныш жүр, балам, тыныш жүр. Біреудің ала жібін аттаушы болма. Мешкей деген жақсы ат емес.

Бердібек Соқпақбаев "Менің атым Қожа"

 

Егер біреуді жазғырғың келсе, өз бойыңдағы сәл артықшылығың дүниедегі пенде атаулының барлығында бола бермейтінін әсте есіңнен шығарма...

Фрэнсис Скотт Фицджеральд "Ұлы Гэтсби"

 

Ескерту

Көпті көрген ақсақалдың мінбеге шығып әкімге айтқан сөзі: "Кім болдым?" деме, "кім боламын?" деп сұра! Бүгінгі жеңісіңмен мастанба, ертеңгі күніңді есептеп, кішіпейіл бол! Әрбір өсудің түсуі бар екенін есте сақта!

Мәлік Отарбаев "Таңғы шық"

 

Анам марқұм айтып отыратын: "Түптеп келгенде анаға жаны ашитын қыз бала болады екен" деп. Білмеймін, сіздерде мұндай әңгіме бар ма, жоқ па... О дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір барлық адамның күнәсі мен сауабын таразыға сап тартады екен дейді. Басы жұмыр пенде емес пе, адам атаулының күнәсі көптеу болатын көрінеді. Әке-шеше байғұс жан-жағына жалтақтап қол ұшын берер пенде іздейді екен. Оған кім көмек көрсетсін, бәрінің де жетісіп тұрғаны шамалы. Құданың құдіреті, жан қалтада жүретін бет орамал о дүниеде үлкен әжетке жарайтын көрінеді. Сауабынан күнәсі бір мысқал ғана ауыр боп, әке-шешесі тозаққа түскелі жатқанда, қыз байғұс қана шырылдап кеп: "Қайтейін, тозаққа күйсем күйермін" деп өз орамалын таразының сауап жақ басына тастайды екен. Сөйтіп, қыздың арқасында ата-ана тозаққа түспей аман қалады деседі... Қыз бала деген сол...

Дулат Исабеков "Өкпек жолаушы"

 

Он екі айды шұбыртып ертіп тағы бір жыл өтіп кетті, ә?! Тағы бір он екі ай!.. Тағы бір үш жүз алпыс бес күн!.. Үйде едік, бос едік, ояу едік. Бәрі бір аңдамай, сезбей қалғандаймыз. Өмірден суырылып, жұлынып кеткен он екі ай оралмасқа кеткенін бүгін ғана ұғынғандаймыз. Сонымен келер жылы да осы өкінішке кездесеріңді біле-тұра баяғы бейжай күйде қала бергендейсің!..

Ғабит Мүсірепов "Ой-сезім сәттері"

 

Жол! Сапар! Бұлар – әр пенденің өз тіршілігінде әрқилы бастан өткеретін өмір іздері. Жалпы алғанда, әр пенденің бір ғана өз өмір жолы болады. Оның ол өмір жолының шектері "өлшеулі": қысқа да, орташа да, ұзын-ұзақ та. Бірақ оның қаншалықты ұзын-қысқалығы әр пенденің тағдырында пешенесіне жазулы. Оны өзгертуге ешкімде де шама жоқ.

Ал сапар – әр пенде өзінің өмір жолында қаншама рет шегетін бұралаң-бұрылыс, сүрлеу, соқпағы. Олар қысқа да, ұзақ та болуы. Сапарда пенде бұрын көрмеген, білмеген қаншама басқа пенделермен кезігеді. Қилы қызық жайға, оқиғаға жолығады. Ондай жайлар мен оқиғалардың мына пендеге ерекше көрінуі де, ерекше ықпал етуі де ықтимал нәрсе. Сапардағы мына пенденің кім екені, қандайлықты адамгершілікті екені, оның кезіккен пенделерімен, жолыққан жай, оқиғаларымен қатынаста айқын танылады. Жалпы өмір жолы, оның бұралаң сүрлеу-соқпағы – әp пенденің кім екенінің өлшеуіш безбендері.

Әбілфайыз Ыдырысов "Таңшолпан"

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 94 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: