21/12/2022, 18:55 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Көп ойлап қамықпа! Өмірдің ыстығы да, суығы да, күнгейі де, көлеңкесі де болады. Басыңа уақытша қолайсыз жағдай түскен екен, оған жасыма. Бәрі өткінші құбылыс. Өмірдің бар қызығы әлі алдыңда. Кәрім Жұмағалиұлы "Жолаушы"
– Бала оқимын деп отырса, оқыту керек. Әйел әперіп қасыңа байлап қойғанда бірдеңе бола ма? Қазір дүниенің бәрі оқуда. Қатар-құрбысынан қалмасын, – деп тойтарып тастады. Мені оқуға аттандырып тұрып әкемнің айтқан ақылы: – Шырағым, жұрттан озам деп талпынып көзге түспей-ақ, оқуыңды да шамалап оқып, қатарға ілесіп жүрсең болады ғой. Сосын жиі-жиі хат жазып амандығыңды білдіріп тұрсаң болды. Төлен Әбдік "Әке"
– Достық терезесі тең адамдардың арасында ғана болады. Егер осының бәрін жасырып, бір-бірімізге шынымызды айтпасақ, арамызда шынайы достық та, өзара түсіністік те болмайды. Баянғали Әлімжанов "Жүз жылдық толғау"
Ер екендеріңді білейін, қыз деген қызғалдақты мезгілсіз үзбеңдерші! Оралхан Бөкей "Құлыным менің"
Баршаңызға бақыт тілеймін. Мына жүйке жұқартқандай қиын-қыстау күндерде иінді төмен салмай, еңсе көтертер күш-қайрат, мұқалмас жігер, жақсы табыстар тілеймін. Бәрі бір күнгідей болмайды. Сондықтан, арайлап атар әр таңға сеніммен қарайық. Ақжарылқап күндер алдымызда! Мен Тәңірі сыйға тартқан біраз жасқа келдім. Жақсыны да көрдім, жан ауыртқан күндерді де бастан кештім. Ол менің ғұмырым, бірақ, бұл өмірді халықтан бөле жара қараған емеспін. Бозбала шағымда қара бастың қам-қарекеті болса болған шығар, бірақ ат жалын тартып мінген азамат кезден алдыма қойған бар арман, бар мақсат елмен еншілес болды, халқым. Саған қалтқысыз қызмет еттім, аманатыңа адал болдым, соңғы демім таусылғанша еліме, жеріме қызмет етуден танбаймын. Менің тірі пендеге өкпем жоқ, ал менде кеткен өкпе-наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын. Біріншіден, үрейден аулақ болайық. Сенім жоғалмасын. Қиыншылық деген қиюы келмейтін іс емес. Жұмыла көтерейік. Екіншіден, тату үйге тақсірет жуымайды. Бірлігіңе ие бол. Үшіншіден, өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық қылма. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев
Ел аман, жұрт тынышта осыншама халықты қырғандарыңды немен ақтайсыңдар?! Төлеген Қажыбаев "Қанкешу"
Алып қорғанның құлағанын көрдім, Небары алты жасымда, Алып тұлғалар жылағанын көрдім, Бастарын сүйеп ғасырға. Алып таулардың шайқалғанын көрдім, Алты жасымда соны ұқтым: Алып сөздерді айта алғанын көрдім, Ат төбеліндей халықтың... Ерлан Жүніс "Менің атым – Тәуелсіздік"
Желтоқсан cайын қар жауған емес, қан жауған ылғи оқ жауған. Бұл айдың аты – азаттық емес, бұл айдың аты – қорланған. Ұмтыл Зарыққан
Мен өзім жұмасына екі ғана обед етем, оның өзінде де құр шәй мен нан. Киім алғаным жоқ. Киноға, вечерлерге бір мәртебе болсын деп барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным-ала қағаздың беті. ...Хәлім осы. Сонда да қайырмаймын, бір тиыным қалғанша оқимын! Сонан соң тұрмыс қандай жүк салса да көтеремін. Бірақ, көңілім оқуда болмақ. Сұлтанмахмұт Торайғыров "Тарбағатайға хат" Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 91 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |