12/12/2022, 21:21 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
...Жарқырап тұрған жан-жағым – Білдім бе дүние жалғанын? Көтеріп алдым, ау, Аллам, Тағдырымның салғанын... Камал Әлпейісова "Жақсы көру"
Тарихтың өз заңы, өз стихиясы бар. Оны бұзуға сіз бен біздің шамамыз жетпейді. Тіршіліктің даму заңы үнемі адамдардың пайдасына шешілетін шығынсыз сәттіліктен ғана тұрса деп тілеудің өзі қандай аңқаулық десеңізші! Тарихтың мына тұсында бәленше бүйтіп қателеспегенде жағдай басқаша болатын еді деу, алғашқы дәуірдегі динозаврлар табиғат кенет суытып кетпегенде құрып кетпей, тірі қалатын еді деген секілді қиял ғой. Болмаса, сол мұз дәуірінің басталуының өзі белгілі бір қажеттіліктен туып отырған табиғи жәйт емес пе! Төлен Әбдік "Тозақ оттары жымыңдайды"
Баяғыда бір қыз көзі қыли кісіге тұрмысқа шығыпты. Кісі өзіне жараса дәулетті екен. Екеуі тату-тәтті күн кешіп жатады. Араға жеті-сегіз жыл салып малына жұт тиіп, байлығынан айырылады. Тұрмысы жұтап, кедейлік күйге түседі. Күндердің күні күйеуінің жүзіне қарап отырып: «ойбай, сенің көзің қисық екен!», – деген екен әйел. Хикаяның түйіні, қиын-қыстау шақта ерлі-зайыптылар сыналады. Ер азаматқа дәулетті екен деп тұрмысқа шығып, ал қызды ажарлы деп әйелдікке алады. Байлық мәңгі емес. Әйелдің де қыз күніндегі сұлулығы бала туып тағысын тағы себептермен кетеді. Адамның бойында мәңгі қалатын қасиеті оның жұмсақ жүрегі, көзіндегі мейірімі. Сындарлы сәтке дейін бір шаңырақ астында өмір сүріп, бірін-бірі байқамайтын жұптар бар. Олар бір дастарқан басында ас ішіп, бір жастықта ұйықтауды бірге болу деп түсінеді. Екі жарты, бір бүтін болу бір-бірінің ой-пікірін тыңдауы, жан дүниесін ұғыну. Міне, бұл мүлдем бөлек дүние. Махаббатымен қоса уайымын да бөлісетін жар бола білу керек. Себебі, сезімді бөлісу тек сүйіспеншілікте ортақтасу емес, қиыншылықты та бірге бөлісу болмақ. Руслан Қамбар "Үйленбей тұрып үйрен"
Әкесінің әңгімесіне қараса, мақтаншақ та; жалғыз атын көңілі құлаған адамына түсіп беретін жомарт та; қорыққаны мен сасқанын сездіргісі келмейтін намысқой да; өзінікі дұрыс-бұрыс болса да айтқанынан қайта қоймайтын әрі қайсар, әрі қырсық та; өзгенің өзінен асып бара жатқанына көз жұмып қарай алмайтын іші тар да: бүгінгі "е, жарайдысы" ертең өзіне қазылған ор екенін аңғармайтын аңқау да, біреуге сый қылғанды да жақсы көретін, біреуден сый алғанды да жек көрмейтін, әйтеуір, әлемдегі бар жақсы мен жаманды бойына түгел жинап алған жалғыз халық тек қазақ секілді. Ол мақтаса, таудың шыңындай асқақтап тұрған да қазақ; жақтырмаса, құздан құлағалы тұрған да қазақ. Бірде жер-көкке сыйғызбайды, бірде жерден алып, жерге салады. Бір қызығы, әкесінің қай айтқаны да Шәйіге шындық сыяқтанады. Қазақ, расында, ешкімге ұқсамайтын, ертегіге айналып кеткен ертедегі елдің сарқыншағы сықылды халық. Бексұлтан Нұржекеұлы "Әй, дүние-ай!"
Жігіттің қызды жақсы көруінің себептері көп қой. Бірақ оның бәрін ауыз шіркін айтып жеткізе алар ма? Тек жүрек қана қыз жақсылығын қылдай тізіп, көкіректе сақтап жүреді емес пе?.. Әзілхан Нұршайықов "Махаббат қызық мол жылдар"
Қазіргі интеллигенттердің бір шамасын ипподромдағы аттарға теңер едім. Өлшеп қойған кругты айнала шауып келеді де, жемін жеп, уақытында суын ішіп, үсті-басын таза ұстап бүлк-бүлк желгеніне мәз. Адам дегенің бір жерді айналып, шиырлай беретін ипподромдағы үйретілген ат емес. Адамдық ардақты ат — тек алға жүргенде ғана, тек ұзаққа шапқанда, тұяқ тоздырып, арқасын алдырмағанда ғана ақталмақ. Демек, бүгінгі жастың бойынан қазақы жылқының асау мінезін көргім келеді. Сен де осындай ипподром-тіршілікті қызықтап кетпес үшін әдейі айтып тұрмын, ұлым. Оралхан Бөкей "Құлыным менің"
Оған енді айта алмаған алғысыңды да, кеш түсінген білместігіңді де – ештемеңді де айтып жеткізе алмайсың. Үстіңде аспаның, астыңда жерің, ортасында ауаң – бәрі бар. Тек жер-көкте сені ең жақсы көрген, сен үшін жанын қиюға да дайын анаң жоқ. Ешқашан орны толмайтын, орнын ештеңе ауыстыра алмайтын, ешбір асыл мен қымбатқа ұқсамайтын, ешнәрсемен салыстыруға, ауыстыруға болмайтын құдірет! Түсінгені: анасы тіріде баланың бәрі, қанша жасқа келсе де, бәрібір бала екен?! Бексұлтан Нұржекеұлы "Әй, дүние-ай"
Эх. "Ақылды қыз" деп ауызға ілігіп, көзге түссе де, қанша құрмет-мадаққа бөленсе де, мені – жүректі қанағаттандыра алмады. Өйткені құшақ-құшақ мақтау қағаздары мен алғыс хаттарында мейірім мен махаббат жоқ еді. Өйткені бір жетістікке жетіп, "енді мен ғана таңдаулымын" деп отыра алмайды. Бір биікке жеттім деген күні алдынан келесі асу "мен мұндамын" деп тұрады. Перизат Мырзахмет "Өмірдің аты – М"
Сен әлі жассың, бала сүйіп некеге отырғың келеді. Бірақ маған жауап берші: сен өзі бала сүю туралы армандауға қақың бар ма, соны ойладың ба? Тұрсын Жұртбай "Күйесің, жүрек... Сүйесің!.." Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 121 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |