05/12/2022, 20:48 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Көңіл қарлығаштары... Бұл менің бұрын айтпаған сөзім,қайдан тауып алдым, әлде адамның бәрі қуанышты кезінде ақын болып кете ме!? Мүмкін... Қаржаубай Омарұлы "Әке"
«Адам» деген кім? Бұл сауалды шығыстың мәшһүр ақыны Сағдиге қойған екен. Ақын: «Бір тамшы қан мен мың бір түрлі қайғы-қасіреттен жаралған тіршілік иесі», – деп жауап қатыпты. Соған қарағанда қамсыз өмір адамның маңдайына жазылмаған сияқты ғой. Мәлік Отарбаев "Таңғы шық"
Алайда біліп тұрып айтпасаң, ол да – күнә дейді. Сондықтан бұрын қазақта кездеспеген тағы бір тосын көріністі айтуға тура келіп отыр. Ұмытпасам, "Хабар" арнасының "Ана мен бала" жобасынан бесікке салу рәсімін көрсетті. Оны жасы келген үлкен кісі атқарып жатты. Жөн дейік. Өзгені қайдам, өзім үшін күтпеген көрініс – бесік те аппақ, жабдықтары да түгел аппақ. Қазақ салтының жөнін біле бермейтін тәжірибесіз жастар осыны сол күйі қабылдап, кереметтей көруі мүмкін. Өйтпегенде ше, анау-мынау емес, "Хабар" арнасынан көрсетіп жатыр ғой. Дей тұрғанмен, танып көрсетпей ауып көрсетіп, дәстүрге қиянат жасалды. Неге десеңіз, қазақ бесікке ақ жаппайды, ол – жаман ырым. Өйткені ақты қайтыс болған адамға жабады, арулап жуған соң ақ кебінге орайды. Тіпті әрбірден соң ақ түс сәбидің көзін қарықтырып, көру қуатын әлсіретеді. Кішкентай нәресте түгілі, ересек адамның өзі қыстың күні далаға шыға келгенде аппақ қарға бірден қарай алмай көзі жасаурайды. Ал енді бесікті де, жабдықтарын да түгел ақтан жасау қайдан шыққан білгірлік десем, "әлди, әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат, бөпем" дегенді тура мағынасында ешбір ойланбай ала салған. Құдай-ау, бұл жерде түсті емес, бесіктің киелі екенін, пәктігін айтып тұр ғой! Кейінгі уақытта осы "ақ" сөзін кез келген жерге тықпалау үдірісі байқалады. Иә, ақ – тазалықтың, адалдықтың белгісіндей сипатталатын жақсы сөз. Сонда да әр нәрсенің өз орыны бар екенін ұмытпау керек. Зейнеп Ахметова "Күретамыр"
Өмірдің басы да, соңы да жоқ күйбең тіршілігінде ойлауға тиіс, уайымдауымыз керек болған нәрселерді естен шығарып тастадық. Ең дәмді тамақ жеуге, ең тәтті сусынды ішуге, жайлы орындыққа отыруға және ең жұмсақ төсекке жатуға ұмтылуды ешқашан тоқтатпадық. Барлығымыз сауық-сайран құрып, киініп сәнденумен әлек болып және қымбат уақыттарымызды ләззат пен ойын-күлкінің ішінде өткізуге тырысамыз. Елімізде бұдан кейін руханиятымызбен айналысатын ешкім қалмаған секілді. Ертеңімізді ойлайтын идеалист тұлғаларымыз жоғалды. Барлығының уайымы тек бір-ақ нәрсе – тек қалай ақша тапсам, қалай көп пайда тапсам деген күйкі ойдан басқа ойлайтыны жоқ. Барлығы рақат пен ләззаттың ғана соңына түскен. Қазір адамдар өрт орнындағы өрт сөндірушілерге жәрдем етудің орнына, бұзақылық жасап, сол үйдің малын ұрлап, дүниесін тонаған қарақшыларға ұқсап кеткен. Григорий Петровтың "Мінсіз мұғалім"
Қара бауыр қасқалдақ, Қайда ұштың пыр-пырлап? Сазың қалды сәбидің Еңбегіндей былқылдап. Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт, Сиреп қалған тоғайға "Қамықпа" деп көңіл айт! Ұя қалса иесіз, айдын үшін сол – қайғы, Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды... Есенғали Раушанов "Қара бауыр қасқалдақ"
Есесіне ол саған қалай өмір сүрмеу керек екенін өте жақсы көрсетті. Ішімдік ішкен анаңның өмірінің қалай өткенін сенен жақсы білетін жан бар ма? Торғын Жолдасбекқызы "Араша"
Өткеніне ақымақтар ғана өкінеді. Қандай да болмасын ұятты, қылмысыңды "кешіріңіз" деген бір-ақ сөзбен жуып-шайып жүре бер. Қазір кез келген опасыздықты ақтап алар философия ойлап табылған кез. Ендеше, көгершінім, түстен кейін енген есіңнің, бұдан былай, зияннан басқа пайдасы жоқ. Сен бұрын мұңсыз, қамсыз сауық-сайран құрып жүргеніңде әлдеқайда бақытты едің. Көр де тұр, әр ақылды ісің үшін талай азап шегесің. Көр де тұр... Оралхан Бөкей "Бармысың, махаббат?"
Бір мезет оның қармақ жұтып, еш нәр тата алмай келе жатқан үлкен жайынға жаны ашыды, бірақ, балықты өлтірмек болған райынан титтей де қайтқан жоқ. Бұл балық қанша жұртты тойындырмақ! Ал сол жұрт осы балықтың етін жеуге лайық па? Әрине, лайық емес. Мұның етін жеуге лайық пенде жоқ жер бетінде; қараңызшы, аласұрып алыспай, ұлылығын танытып, жайымен қалай емін-еркін жүзіп келе жатыр. Эрнест Хемингуэй "Шал мен теңіз" Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 112 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |