28/11/2022, 10:23 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Абыройдан ақ отау тіктім деген кісінің де пенделігі аз болмайды. Дінмұхамед Ахметұлы "Ақиқаттан аттауға болмайды"
Атқанда оғы жетіп, айтқанда сөзі өтіп, қабірге кіргенше қадірі қашпайтын қариялар қайдан шығады? Қапысын тауып қадірлей білген, салт-дәстүрі саралы, ұл мен қызы саналы елден шығады. Ұларбек Нұрғалымұлы "Дайағашшы"
Адамға өзі сүйген ісінің сүйінішін сезінуден асқан бақыт бар ма?! Дінмұхамед Ахметұлы "Ақиқаттан аттауға болмайды"
«Темекі өлімге апарады» деген жазуды күнде көрсе де, темекісін тастап жатқандар шамалы. Былай қарасаң, темекіні тастауға одан басқа қандай мотивация керек? Тірі қалу – ең үлкен мотивация. Демек, «мотивация болса, әрекет етем» дейтіндердің сөзі орынсыз. Бір нәрсеге жеткің келсе, бір нәрсені өзгерткің келсе, бірақ өзіңді орныңнан қозғалта алмай жатсаң, оның бір ғана емі бар: әрекет ет. Ол әрекеттің үлкен болуы да шарт емес. Кішкентай қадамның өзі жеткілікті. Себебі бірінші әрекет келесі әрекетті тудырады. Яғни, алғашқы кішкентай қадамды жасап алсаң, физиканың инерция заңына сәйкес, сенің келесі қадамдарды жасауың жеңілдей береді. Данияр Жігітбек "Лайфхактар"
Аузы дуалы ақсақалы, қазыналы қариясы аз, шау тартқан шалдары көп қоғамда өмір кешіп жатырмыз. Ұларбек Нұрғалымұлы "Дайағашшы"
Аузымызды қу шөппен сүрте бергенше барды бар, жоқты жоқ деп анық та ашық айтуды үйрене алмай-ақ келеміз. Дінмұхамед Ахметұлы "Ақиқаттан аттауға болмайды"
– Төрт бала, төрт баласы қалды ғой артында. Қалай ғана үстінен аттап жүре бердіңдер?! – деп күйіне тіл қатты. Сол сәтте бұл сөз өзгеге емес, дәл мына маған қаратып айтылғандай естіліп, жәймен кері бұрылған мен: – Мен оны "бомж" екен деп ойладым, – деп ақталғанымды өзім де аңғармай қалдым. Артынша өз сөзімнен өзім шошындым. Алақанымнан суық тер бұрқ ете түсті. Қашан? Қай кезде? Қалайша мен осыншалық тас жүрек боп кеткем? Адамды "адам" және "адам емес" деп бөлуді қайдан үйренгем? "Көмекке лайықты", "лайықты емес" деп алалауды қашан бастағам?.. Торғын Жолдасбекқызы "Араша"
"Дүние-байлық – қолдың кірі" дейді қазақ. Сөйтеді де Құдайдан көзін ала бере байдың алдында құрдай жорғалауды сөкет көрмейді. Өйткені "Кедейдің тоя жегені — шала байығаны". Құлқынға құлша жегілген байғұс бір күннің берешегі үшін мың күннің көрешегін ойланбастан құрбандыққа шалып жіберуге құба-құп. Алты қат аспанның аржағындағы Алланы ол нағылсын?! Көп қазақ, мен білсем, осылайша өмір сүріп келеді. Бұрын да, бүгін де. Ертеңге көзім жетпейді... Исраил Сапарбай "Бір тамшы көздің жасындай"
Қадірсіз әкені көріп өскен қыз күйеуін де қадірлей алмайды. Сағадат Ордашева "Жұмадағы раушан"
– Қазақ ұлдың тағдырына онша қам жей бермейді, өйткені ол өз тағдырын өз елінің ішінде өткізеді, ал қыздың тағдырын ақ сақалды атасынан тартып асық ойнаған баласына дейін уайымдайды, өйткені оның бақыты сырт ел, жат босағаға байланысты. Бексұлтан Нұржекеұлы "Әй, дүние-ай!" Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 91 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |