Кітап үзіндісі
14/11/2022, 20:22

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Ізсіз ізгілік

Шоқтай қызарған темірге тамған тамшының ізі қалмайды. Буланып, ұшып кетеді.

Кейде жасаған жақсылығың да сондай...

Мәлік Отарбаев "Таңғы шық"

 

Жаялық. Бесік. Іңгәлау. Еңбектеу. Жату. Сырғанау. Отыру. Тұру. Жүгіру. Былдырлау. Сөйлеу. Тыңдамау. Мұғалім. Мектеп. Дәптерлер. Қоңырау. Сынып. Шектеулер. Жолдастар. Парта. Махаббат. Қоштасу. Гүлдер. Кептерлер. ҰБТ. Мақсат. Армандар. Ашыққан. Қашқан. Тоңғандар. Ғашықтық. Достық. Төбелес. Сессия. Диплом. Қорғаулар. Мамандық. Кәсіп. Игеру. Талпыныс.Білім. Үйрену. Тырысу. Үміт. Имену. Бойдақтық. Көңіл. Үйлену. Жаялық. Бесік. Іңгәлау. Ұйықтамау. Шаршау. Құндамау. Ойыншық. Бақша. Қыдыру. Ескерту. Ұрсу. Тыңдамау. Қоңырау. Мектеп. Гүл. Көрік. Тоқсандық. Бестік. Күнделік. Жұрт. Сөз. Сын. Ақша. Универ. Мақтаныш. Диплом. Пұл. Көлік. Өсіру. Келін. Танысу. Берісу. Намыс. Алысу. Құдалық. Киіт. Табысу. Несие. Тойлау. Жарысу. Жаялық. Бесік. Іңгәлау. Немере. Ата. Жұлмалау. Емхана. Ауру. Дәрігер. Өкініш. Өмір. Жылдар-ау.

Данияр Жігітбек "Мен әлемді көрмеймін сен сияқты"

 

Жамау

Қағазға түскен дүние – тасқа басылған таңба. Болашаққа мұра, келешекке аманат. Үлкен жауапкершілікті талап ететін киелі сөз әлемі...

Ендеше, қисынсыз жазуларға ұлылардың қайталанбас ұлағатты сөздерін жыртық жейдеге жамау салғандай тоқи беру қиянат емес пе?

Мәлік Отарбаев "Таңғы шық"

 

Есті адам ақыл-парасатын қашан қалпына келтірем деп қайғырса, ақымақ байғұс асқазанын қайтсем толтырам деумен әлек.

Исраил Сапарбай "Бір тамшы көздің жасындай"

 

Әттең, бәрін құтқаруға ұмтылу "мені біреу құтқарсыншы" деген жарымжан ойдың шіріген жемісі екенін кештеу түсінді ғой.

Перизат Мырзахмет "Өмірдің аты М"

 

Иә, әкем мені "Жаманға жалынба, адамға табынба, өмір жолындағы өз жүгіңді өзің көтеріп жүр, біреуге салмақ салма, өз биігіңе өзің ұшып шық", — деп тәрбиеледі.

Немат Келімбетов"Үміт үзгім келмейді"

 

– Неге жақсы көрмейін? Балам жақсы көрген адамды менің жек көргенім құдайшылық па?

Бексұлтан Нұржекеұлы "Әй, дүние-ай"

 

XIX ғасырдың екінші жартысында, Детройт қаласында механик жігіт өмір сүрді. Қалалық электр станциясында жұмыс істейтін. Әр күні он бір сағат еңбек етеді. Екі апталық жалақысы он бір доллар. Жұмыстан кейін түннің бір уағына дейін қорада жаңа мотор түрін құрастыратын. Ата-анасы оның бұл ісін бос әурешілік деп санайтын. Жора-жолдастары да құптамайтын. Тіпті келемеждеп мазақ ететін. Алайда келіншегі оның қабілетіне сенетін. Түнде жұмыс істеп отырған күйеуінің жанынан табылатын. Қолдап, жігерлендіретін. Ғажайып дүние ойлап табатынына сенетін. Бұл мотор міндетті түрде оталатынын білетін. Сондықтан ол жігіт әйелін «сенімді әйел» деп атайтын.

Үздіксіз үш жыл еңбек жемісін берді. 1893 жылы отызға толмаған жігіттің қорасынан төрт дөңгелегі бар арба шықты. Арба аттың көмегінсіз қозғалатын. Бұл моторлы арба еді. Машина. Осылайша, Генри Форд әйелі екеуі адамзат тарихында жаңа кезеңді ашты. Г.Форд жұбайы туралы ерекше мақтаныш һәм құрмет сезімімен әңгімелейтін. Бұл жаңалықтың әкесі – Форд, анасы – әйелі екенінде дау жоқ еді. Машина ойлап тапқанына қырық жыл өткенде Фордтан: «Құдай қайта өмір берсе, кім болуды арман етер едің?» – деп сұрайды. Сонда: «Кім болуым мені мазаламайды. Ол үшін алаңдамаймын. Ең маңыздысы әйелім жанымда болса жеткілікті», – деген екен.

Руслан Қамбар "Үйленбей тұрып үйрен"

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 129 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: