26/10/2022, 06:46 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
— Сол кезде бар ғой, есею, үлкен адам болу деген айрықша елестеуші еді. Үлкен адам — дүниенің тұтқасы, үлкен адамның қолынан келмейтіні жоқ, құдіреттей боп көрінуші еді. Ол дүниедегі барлықбарлық жақсылық атаулының таусылмас қазынасындай, жамандық дегеннің қатыгез қасындай боп елестейтін. Ол ел үшін, жұрт үшін тау көтеретін ер Толағайдай тыным таппайтын қайрат иесі сияқтанушы еді. Сол алып та аса мейірімді тұлғаның тыным таппай ылғи күрес жолында жүруі — дүниенің тынымсыз болатынынан, ізгілікпен қатар жауыздықтың да өмір сүретінінен екенін ол кезде байқамайды екенбіз ғой. Асығасың, аптығасың, сөйтіп, ержеткен соң қарасаң, — ол мырс ете түсті, — ер жеткен соң қарасаң, сүреңсіз, бояусыз ырың-жырың тіршілік. Дулат Исабеков "Өкпек жолаушы"
Қапаланба. Жақсылық ешқашан жақсылық боп қайта бермейді, ақырын Алладан ғана күтесің... Дулат Исабеков "Өкпек жолаушы"
Көргені жақсы ғана көңілдегідей іс тындырады. Әттең, сыншы көп те, мінін білдірмес шаруақор жан азайып барады. Дінмұхамед Ахметұлы "Ақиқаттан аттауға болмайды"
Дос көңілде жүрген кісілерге есеп жүрмейді. Дінмұхамед Ахметұлы "Ақиқаттан аттауға болмайды"
Неменеге жетісіп күлеміз. Бақыттан бас айналып па? Сол бақыт деген құсыңда ақыл жоқ-ау, егер ақылы бар болса, кімнің басына қонарын білер еді... Оралхан Бөкей "Қар қызы"
Тегінде көздің жасы жылаушыға ғана ауыр емес, көрушіге де ауыр ғой! Оны сүюге, тамашалауға болмайды, тек түсіну керек. Адам басындағы қайғыға ортақтасу — әрбір бауырмал, адал адамның әдеті. Ал дәл жылап отырған адамның жүзі мен еңірен дауысы ешкімге де сұлу, нақысты боп көріне алмайды. Ондай жүзді жақсы көрудің өзі де қиын. Мұхтар Әуезов "Абай жолы"
– Сол себепті, қара торғайым, саған айтар өсиетім, сөзге сақ бол. Мейлі, өз сөзің болсын. Мейлі, өзгенікі болсын. Өзіңді де, өзгені де ауыр сөзге қима. Тек жақсы сөйле. Мен, міне, тоқсан жасқа келдім. Өміріме өкпем жоқ. Шүкір етемін. Жас күнімде кемпірлердің іш көйлектерінің етектеріне кесте салып беруші ем. Сонда олар маған ылғи "Қатарыңның алды бол!" дейтін. Мен бұл сөздің мәнін ұқпай, өзімді бай болады екем деуші ем. Бірақ өзгеден асып, бай болғам жоқ. Алайда мен қазір қатарымның алдымын. Менімен бір жүргеннің бәрі кетті. Қалғанының жағдайы менікінен өзгерек. Ал менің көзім ашық, құлағым сақ, санам тұнық. Өзің көріп тұрғандай, әлі өзгеге бағынышты болғым жоқ. Үш ұл, екі қыздан, тоғыз немере, он бес шөбере, үш шөпшек көрдім. Бұған жетпеген қаншама? Торғын Жолдасбекқызы "Араша" Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 150 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |