Кітап үзіндісі
17/10/2022, 20:49

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

О.: Әдеп деген көріктің әдемі серігі емес пе?

Г.: Е, әлбетте! Әдеп көрікті түзеймін деп жүргенде, көрік әдепті тұңғиыққа тартып үлгермек. Бұрын бұл ерсі көрінетін, енді сол дәлелденді. Мен бір кезде сізге ғашық болғам.

О.: Рас, ханзада, мен соған сенгем.

Г.: Сенбеу керек еді. Ізгілікті қанымызға қанша сіңірсеңіз де, ішімізде жан күнәсы жата береді.

Уильям Шекспир "Гамлет"

 

Мұңая берме!

Мұң-ойын адам тауса ма?

Қайғырма!

Сабыр!

Ауырлық қайда ауса да.

Қолшатырыңды қолыңа ал да, қымбаттым!

Күте тұр! Күнді,

Жаңбыры қанша жауса да.

 

Балшықты кешпе!

Балақты тағы былғайсың,

Сеніммен қара,

Сынаққа шыдап, сынбайсың.

Баратын жерді,

Білмейтін болсаң, бұл жолы,

Тура сол тұста,

Қозғалмай ғана тұрғайсың...

 

Күте тұр! Күнді,

Жаңбыры қанша жауса да.

Бек Жылқыбаев

 

Көрімдік жақындықты, көңіл жетер сыйластықты, өзгенің қуанышын өзінікіндей еттене қабылдау белгісі ретінде танылады. Сондықтан болар, жол-жосықты білетін адамдар көрімдікті сұратпай-ақ өз қалауымен ұсынып, абыройын асырып жатады. Тегінде көрімдік – жандыға, ал байғазы – затқа, нәрсеге арналған салттар. Бұл күнде екеуінің мән-мағынасы бірігіп, жандыға да, жансызға да көрімдік сұрап, көрімдік беру үйреншікті дағдыға айналған. Тұрмысымызға әбден сіңіп қалыптасып қалған әдеттi қайтадан өзгерту де оңай емес. Дегенмен әр нәрсенің бастапқы маңызын, түп қазығын білген де жөн болады.

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Жорғалаған қара тышқанға қастандық жасама, бәрібір айналып өзіңді табады. Бұл дүниеде қаншалық жақсылық жасасаң — о дүниелік болған соң жер бетіне соншалықты береке болып, қайтадан өніп шығады. Ал зұлымдықта солай, балам.

Оралхан Бөкей "Сайтан көпір"

 

Мүмкін, әлі алда талай бақытымды сынармын,

Сүрінермін, намысыма сүйенермін, тұрармын.

Ерік берсең орға жығып кетер бір күн асау қан,

Сақта тәңір қателікті біле тұра жасаудан...

Мұхтар Шаханов "Танакөз"

 

Бәріміз күнкөрістің қамы үшін жүрміз...

Нәпақа табудың, тіпті байлыққа қол жеткізудің табиғи түрде үш жолы бар: өндіріс, сауда және ауыл шаруашылығы. Менің пайымдауымша, елге қызмет ету арқылы дүние-байлыққа қол жеткізу – табиғи түрде баюдың жолы емес.

Кімде-кім қызметкерлік міндетін пайда табудың көзіне айналдырса, ел алдында нақ қайыршының өзі болады. Өйткені елге қызмет етем деп лауазымды жұмысқа кірiскен адам елді ғана ойлайды, ұлты үшін ғана отқа түседі.

Мәлік Отарбаев "Біз күткен бақыт"

 

Уәдеде тұрыңдар! Қолдан келмеске ұмтылмаңдар! Мақтанғаннан, әсіресе бос мақтанғаннан сақтаныңдар! Өздеріңді өздерің құрметтемесеңдер, біреу де сендерді құрметтемес.

Әміржан Әлпейісов "Ана жүрегі"

 

— Екі адамға осынша көп асқаныңыз қалай? Мұның бәрін жеп бітіре алмаймыз ғой.

— Қазақ піскен асты көпсінбейді. Ол — жаман ырым. Асты көпсіну — арғы тегінің жарымағандығын көрсетеді.

 — Сізге қарсы дау айту мүмкін емес, тұла бойыңыз тұнып тұрған даналық! Дегенмен, — ол ыстық еттен бір кесіп аузына салды да, шайнамай-ақ жұтып жіберген адамдай іле-шала қайта сөйледі. — Дегенмен, сіз екеуміздің бір кешкі тамағымызға франция жұрты отыз адамдық ағылшын делегациясын аттандыра алар еді.

— Ә-ә, солай ма?! — деді Зейнеп жас баладай қасақана таңданып. — Амал қанша, отыз ағылшынның жұмысын екі-ақ қазаққа таңып қойса, тәңірге не дерсің.

Дулат Исабеков "Өкпек жолаушы"

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 85 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: