26/09/2022, 12:13 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
– Əй, балам-ай, оқисың. Оқу керек. – Оқымаймын! – Оқығанның кім, оқымағанның кім екенін көрмедің бе жаңа? Деректірдің кей сөзін түсініп, кей сөзін түсіне алмай, дал болып келеміз, міне, енді. Оқымасаң көрген күніміз – осы. Әлдихан Қалдыбаев "Оқуды аңсаған Арал"
Адам қиындыққа кезіккенде сабыр етеді. Бірақ бұл қиындық қолдан жасалған кедергі ме, әлде Алланың жіберген сынағы ма? Сол арасын анықтауға тура келеді. Егер сынақ болса Алладан тіке түскен пәрмен болады. Яғни қасақана сізге ешкім қолдан қиындық туғызбайды. Ситуациялар тоғысы сізді бір тығырыққа қамайды. Шығарға мүлде жол қалдырмайды. Сыртқы қолдаушы да, ішкі қайратың да ол сынақтың алдында дәрменсіз. Өзгеріске қылдай да шанс жоқ. Мұны тағдырдың салғаны деп, мойындаған соң сабыр мақамына өтесің. Яғни Аюб сияқты сынақтың шарықтау шегін асқан сабырмен күтесің. Егер қиындық қолдан жасалса, тағдырдың тізгінін қиянатшыға бермейсің. Ол кезде майдан ашып, күреске кіресің. Тирандар мен автократтар елді осы жерде манипуляцияға ұшыратады. "Бұл қиындыққа сабыр қылыңдар! Сабыр түбі сары алтын. Мұның түбі жақсылық" дейді. Қолдан жасалған қиындыққа сабыр етіп отыра беру трагедияға барып тіреледі. Рағбузи "Қисса сүл-әнбия"
Адам болмайтын кісі ғана — адал болады. Сонан соң өмір бақи қапа шегіп, өз адалдығы өзін азаптап өтеді. Оралхан Бөкей "Қар қызы"
Білгісі, үйренгісі келген адамға оқудан артық ешнәрсе жоқ. Әр білген нәрсең, әр оқыған жаңалығың – жан рахаты. Оқыған, білген сайын біртіндеп биікке шығып бара жатасың. Биіктей бергің келеді. Биіктеген сайын білмейтініңді білесің, көрмей келгеніңді көресің. Көкжиегің кеңиді. Өзің де байқамай өзгере бастайды екенсің. Не болса соны айта салмайсың: басқалар оған қалай қарайды, түсіне ме, жоқ па деп таразылайсың; қалай болса солай киіне бермейсің: жұрт бұл түрімді қалай бағалайды деп ойлайсың; көрінген жерге бара бермейсің: ол арада кімдер болады, менің барғанымды қалай бағалайды деп күдіктенесің. Қысқасы, не істесең де ойланып істейтін боласың. Бексұлтан Нұржекеұлы "Әй, дүние-ай!"
Адамдар қызық. Артынып-тартынып, сонша жерден табиғатқа шығады. Межелі жерге жете сала дастарқан жайып, тамақ істеп, қарын тойдырады. Бос сөзбен уақыт өткізеді. Тамақ ішіп болған соң кері қайтады. Ештеңе көрмейді, ештеңе естімейді. Табиғатқа шыққан адам бір сәт болса да, ішкі жан дүниесін сұлулыққа толтыруы керек емес пе? Санжар Керімбай "Бейсен және болмыс"
– Итке тастау керек менің жүрегімді, бір кесек ет секілді итке тастау керек... содан кеудем ауырады... бар азабым содан... – Осы жүректің қажеті не? – Тоғыз ай бойы құрсағымда көтердім, емшегімді еміздім, қаншама жыл өбектеп, қамын жедім. Ендігі жетпегені сол үшін тағы азап шегуім еді... – Тоқтай тұр. Өз балаларың өссін. Олар да сенің сүтіңді еміп, қаныңды сорып қояды әлі. Керегін алған соң жолға лақтырып тастай салады, жүрегіңнің қан жылап жатқанында олардың жұмыстары болмайды. Мулуд Маммери "Апиын мен таяқ"
Мәскеуде оқитынын мақтаныш қылып Жұмаштың өзі қайта-қайта айта беретіні бір түрлі тыжырынтатын. Мақтаншақ деуге қимайтын, өркөкірек деуге батылы бармайтын. Әйтеуір сол мінезінен ыңғайсызданатын. Ал Ғабдол Жұмаштан әлдеқайда көрікті, қара торы, сұңғақ жігіт. Жұмаш қой, мәселен, әрнені айтып, көп білетінін білдіріңкіреп, қасында жүрсең, құлағыңа тыныштық бермейді. Ғабдолда керісінше өйтіп айтатын әңгіме жоқ. Бірдеме айтайын-ау деген ниет те болмайды. Онымен қыдырсаң: "Баршын, әңгіме айтсаңшы! Баршын, бірдеме деші!" – деп, өзіңді мазалайды. Оның қасында ішің пысып өлесің. Жуас па, жасық па, бір түрлі. Жоқты күткенше, бар екеуінің бірін таңдағаны дұрыс па? Бексұлтан Нұржекеұлы "Беу, қыз дәурен!"
Міне, мынау жұдырықтай кішкентай құс оған қазір: "Сен ешкімнен жасқанба. Өзіңді-өзің қор тұтып, өзгелердің алдында тым төменшіктей көрме. Өйткені сен де Алла тағаланың жаратқан пендесісің, сондықтан Алла тағала жаратқан мынау жарық дүниеде сенің де үлесің бар. Басқаларға көп, маған аз берілді екен деп ойлама. Алла тағала бәрімізді бірдей етіп жаратқан. Көрмейсің бе, мына мен қандай кішкентай болсам да үлкен тоғайды тербетіп, құйқылжыта ән саламын. Өйткені бұл тоғай менің мекенім, тіршілігім, тірегім!" деп, қуат беріп, тілекші көңілмен сайрап отырған тәрізді. Нұрғали Ораз "Даладан қалаға келгендер" Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 112 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |