19/09/2022, 21:34 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
– Бастық-қостықтардың көңілін тауып, қашанғы жақсы мұғалім атанбақсың! Осы сені ар-ұятың мазаламай ма? – Қымбаттым, өмір заңы солай! Иіліп-бүгіліп өмір сүрмесең, күнің қараң! Сенің қауқарсыз айбатыңнан мен ықпаймын! Ұят-ұят деп жүріп, бір күні жұмыссыз қаңғып қаларсың! Айзат Рақыш "Өлгендер қайтып келеді"
Иә, нағыз ұлы адам өзінің ұлылығы туралы басқа біреулер айтып, марапаттап жатқанын сүймейді. Өйткені ұлы адам өзіне-өзі сенеді. Өзіне-өзі сенбеген ұлысымақтар ғана дәріптеуді, марапаттауды, қолдан ұлы жасатып, қолпаштауды қажетсінеді. Шерхан Мұртаза "Қызыл жебе"
БЕЙСЕННІҢ СЕГІЗ ҚАҒИДАСЫ ⠀ 1. Біздің отбасымызда сыйластық бірінші кезекте тұру керек. "Үйленген күннен бастап отағасына "сіз" деп тіл қатасың", – деп келістік. ⠀ 2. Сенің ата-анаң – менің ата-анам, менің ата-анам – сенің ата-анаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтам, келіншегім қайнысына ұрысса, туған інісіне ұрысқандай ұрысады. ⠀ 3. Қандай сыйлы қонақ келсе де, үйімізге ішімдік кіргізбейміз. ⠀ 4. Баланы мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, мектеп кезінде шәкірт сияқты тәрбиелейміз, мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз. ⠀ 5. Ренжісіп қалсақ, бес минуттан соң сөйлесеміз. "Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше". Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз. ⠀ 6. Үйде ер-азамат есеп бермейді. Телефон соғып: "Қайда жүрсің? Қашан келесің?" деген сұрақ қойылмайды. ⠀ 7. Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел, саған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды. ⠀ 8. Біздің үйде ағайын-туыс туралы өсек-аяң болмайды. ⠀ Санжар Керімбай "Бейсен және болмыс"
Жұманазардың мүрдесін жігіттер ескі киізге салып, монша үйге көтеріп алып барып, алба-жұлбасы шыққан сырт киімдерін, әбден кір басып, бит өрген ақ жейде, ақ дамбалын шешті. Беліне тас қып орап алған, беті сарғайып кеткен екі құлаш ақ бөзді көргенде Тарғын: – Есіл ерім-ай! Сонша шайқаған дүниеңнен ақыретіңді ғана алып, аттанып кете бардың. Дәм-тұзым таусылса, бір мұсылман осыған орап көмер, кебінсіз кетпейін деген екенсің ғой. Жаның қысылғанда, бір үзім нанға айырбастамаған кебінің кебін емес, ана дүниенің ақ сауыты болғай, – деп күңіреніп, күйзеліп кетті. Ырысбек Дәбей "Жылқы атылған жаз"
Сен осы қайда жүрсің – Мұңайтып мені осынша, сағындырып, Жанымды, жүрегімді жалын қылып, Ешкімге ұқсамайтын күн бейнеңді Іздетіп шартарапты сабылдырып? Фариза Оңғарсынова "Сен қайда жүрсің?"
Тағдырым жымиып қарамаса да, мен өмірге күліп қарағым келеді. Өмірден мән табу үшін де, өмірді сүйем. Күн сайын өзімнен артылған тамақты көрші кемпірге апарып берем. Ол көшеге шығып, қайыр тілеуге де жарамайды. Төрт жылдан бері төсек тартып жатыр, – деп көршісінің кезінде өзіне көп көмегі тигенін айтып жатқанда есіме оған садақа бермегенім түсті. Аягүл Мантай "Соқыр сана"
АЙНАЛАЙЫН, қарыз алып, оны мерзімінде қайтара білесің бе? Жо-жоқ, қарыз жалғыз ғана ақша емес. Ең үлкен қарыз — уәде мен сенім деп білемін. Біреуге уәде — қарыз. Уақытында орындамасаң сенімнен айырыласың. Қадірің қашады, қадірің қашса азаматтық бейнеңе нұқсан түседі. Көп ортасында бетіңе шіркеу жамылады. Сен әке-шешеңнен өзіңе деген ғұмырды, тәлім-тәрбиені, бойыңа дарыған қуат пен парасатты, пайымды, мінезді, жақсылықты, дархандықты қарызға алдың. Ендеше осы ізгі қасиеттерді шашау шығармай бауырыңнан өрбіген ұрпағыңа беруге тиістісің. Бұл қарыздың — парызы. Егер оған әлің жетпесе, азаматтығың тартпаса обал-сауабы мойныңда қалады. Біреуге айтқан жылы сөзің де — қарыз. Кейде өтеуін тосасың. Ал, ақша — күнделікті тұрмыста жиі кезігетін қарыздың түрі. Оның да салмағы ауыр. "Қарыздың азы борышты қылады, көбі жек көргізеді." — дейді Сенека. Қайыра алмайтын адамға берген қарызың көмек емес, жасаған жамандығың. Түптің түбінде өз басыңа төнер қатер. Алған тез ұмытады, берген еш уақытта ұмытпайды. Қазірде миллиондап қарыз алып қайтармай, шетел аса қашып, қарыз иесін атып, асып кетіп жатқандар аз ба? Әркім қарызды (қай түрін де) бойына шақтап алса екен. Сонда тiрлiгi уайымсыз болар-дүр. "Иә, Алла, маған қолымнан келетін істі атқаратын қуат бер, қолымнан келмейтін іске ұмтылмайтын ерлік бер, осы екеуін бір бірінен ажырата алатын ақыл бер", — деген даналық сөз бар. Сіз кімге қарыз едіңіз? Матайқызы Ділдә Тасмағамбеткеліні "Айналайындарым менің..."
Еңкейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол құдайдың ұлы емес. Жұмабай Қайранбай "Біз студент едік"
Ислам дінінде кісі өлтіру ең ауыр күнә болып саналады. Ал ана құрсағындағы кеудесінде жаны бар: жүрегі соғып, саусағын аузына сала алатын, барлық ішкі құрылысы қалыптасқан шарананы адам емес деп кім айта алады? Камал Әлпейісова "Жақсы көру"
Сенесіз бе, менде қазір адал дос, ақ көңіл жолдас қалмады. Кей күндері жұмыстан шығып, көше-көшені кезіп ұзақ қыдырамын. Алғашқыда дәл осылай беймәлім бағытпен, беймәлім мақсатпен жүре берсем, жүре берсем, әйтеуір, бір күні қарсы алдымнан мен іздеген, әлде мені іздеген беймәлім бір жұмбақ адам жолыға кететіндей көрінетін... Бірақ, өкінішке қарай, оның бәрі де бос әурешілік болып шықты. Шынтуайтына келгенде, көше-көшедегі адам-ағыстың ішінен басқа біреуді емес, тап өзімді, иә, өзімді іздеп жүргенімді ұқтым... Нұрғали Ораз "Түнгі жалғыздық"
Өсек — ол ағаш тамырына түскен құрт тәрізді емес пе? Дер кезінде бір шара қолданбасаң, үңгіп жей береді де, сап-сау ағашты құлатып бір-ақ тынады. Бердібек Соқпақбаев "Балалық шаққа саяхат"
Қалқам, өмір деген ұзақ сапар. Қуанышты болсаң, қалай өткеніңді білмей қаласың. Қайғылы жүрсең, қанша асықсаң да шетіне жете алмайсың. Қайғы деген жыландай ұзын келеді... Демек, өмір сүру көбіне адамның өзіне байланысты. Сен әлі жассың, жас адамға жастық өмір жарасады. Бұл дүниеде не кездеспейді. Ұзақ жолдың қуанышы да, қайғысы да аз емес. Қайғысына қарайлай берсең, қуанышына көзің түспейді. Қалқам, қайғылануыңды қой, жұрт қатарлы өмір сүр... Ілияс Есенберлин "Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар"
– Құдай мүгедек, қаріп-қасірлерді сау, бірақ рухани адамдар күш-қуат, энергия алсын деп жаратқан демексің бе? Егер солай болса, бұл қаншалықты әділетті? – деп оған да, өзіме де сұрақ қойдым. Аягүл Мантай "Соқыр сана"
Мұғалiмге сөз өз ойын сапырыстырып айту үшін берiлмейдi, басқаның ойына қозғау салу үшiн берiледi. Ертай Жиенбайұлы "Қанатты тарихи сөздер"
Сен бүгін өміріңнің жаңа белесіне қадам басып отырсың. Өз алдыңа отау құрып, От- Анасы болам деп бекінген батылдығыңа қайранмын. Тілек етем ұстаздық жүрегіммен: жарқын жүзің налуды еш білмесін! Досың даттап, дұшпаның табалап күлмесін! Шаңырағыңа мәңгі қонақ ет "бақыт" атты еншіңді! Болат жарың "жаным" десін, "ардақ тұтар арым" десін! Махаббат әні еш үзілмесін! Айзат Рақыш "Өлгендер қайтып келеді"
Өзі мұсылман дінінде төрт мәзһаб бар. Соның ішінен қазақтардың еншісіне тигені Әбу Ханифа мәзһабы – Алла тағаланың ақ жолымен жүруге үйрететін жол. Пайғамбар жер-жерге мұсылманшылықты таратуға сахабаларын жібергенде "Дінді зорламаңдар. Барған елдеріңнің халқының тұрмысына бейімдеңдер" деген хадисі бар. Соған орай, біздің ата-бабаларымыз ұстанған дін қазақтың көшпелі тұрмысына, психологиясына, тарихына байланысты қалыптасқан. Жүрсін Ерман "Алыстан және жақыннан"
Өмір дегеніміз – "бар" мен "жоқтың" арасындағы балансты сақтау. Аягүл Мантай "Соқыр сана"
Ол өзін кінәлі адамдай қипақтап, "Жаратқан ием, Тәңірім, дүниеқоңыздығымды, көрсеқызарлығымды кеше гөр" деп күбірледі. Аягүл Мантай "Соқыр сана"
"Соғысты жариялау деген халықтық мереке сияқты өткізілсін, музыка тартылып, ойын-тойдағы өгізбен айқас кезіндегідей билет сатылсын", — деп ол өзінше ұсыныс тастайды. Содан кейін ортадағы алаңға жауласушы елдердің министрлері мен генералдары дамбалшаң шықса, әрқайсысының қолына шоқпар беріліп, бір-бірімен өзара шайқасса деп армандайды. "Тірі қалғаны өзінің елін жеңді деп жариялайды. Бұл әрі оңай, әрі әділ. Ал қазіргі мына соғыста әділет жоқ, майданда қан төгушілер соғысты тілеген жандар емес", – дейді. Эрих Мария Ремарк "Батыс майданда өзгеріс жоқ"
Бәрін басқалай шешу үшін бізде бір ғана жол қалған болатын. Әйтпеген жағдайда, өміріміз шырмауық түстес бір торға шырмалып, барлық рақаттан құр қалатын едік. Жеребеге сеніп тапсырдық, бүк – онда біз үйленеміз, шік – онда біз мәңгілік айырылысамыз. Монета тасталды. Жер үстінде айналып, толғанып барып тоқтай қалды. Бүк. Екеуміз еш түсінбей қарап қалдық. Артынша, бір уақытта бір сөзді айтыппыз: "Мүмкін, тағы бір мәрте?" Джей Рип "Тағдыр"
— Біздің бала кезімізде Барақат деген шал болатын, — деді Зейнеп аздап көңілді қалыпқа түсіп. — Өзі сіңірі шыққан кедей, жалаңаш денесіне жүн шекпенін киіп жүре беретін еді. Жекеменшік мал бағатын. Сол шал таяғына таянып тұрып былай дейтін: "Мына дүние әлемде он сегіз мың жанды тіршілік бар. Сол он сегіз мың жанды тіршіліктің бірі етіп жарату үшін де алла тағаланың мейірім-шапағаты түсуі керек екен. Мені сол он сегіз мыңның бірі етіп жаратқаныңа шүкір, құдай! Ит қылам, шошқа қылам, маса, шіркей, құрт-құмырсқа қылам десең де қолыңда еді, бірақ айрықша ықыласың түсіп, қолыма таяқ ұстатып, мал бақтырып, Адам етіп жаратқаныңа тәуба, жаратқан ием!" деп тұрушы еді. Бәлкім сол шалдың сөзінде көп мән жатқан шығар. Тереңге ұмтыламыз деп саязда жатқанды, әріге ұмтыламыз деп беріде тұрғанды көруден қалған шығармыз. Дулат Исабеков "Өкпек жолаушы"
— Қазақтың қарны қай жерде екенін білесіз бе? — деді күліп. — Ойбай, білсем құдай ұрсын, — деп Зейнеп те әзілдей жауап берді. — Төбесінде шығар! — Жо-оқ, таппадыңыз, — деп Айтөре кеңкілдей күлді. — Қазақтың қарны, міне мында, саусағында. — Ол екі қолын дəл Зейнептің алдына әкеп, саусақтарын жыбырлатты. — Көрдіңіз бе? – Жоқ. Саусақ тұр, қарын көрінбейді. — Міне, міне, гәп сонда! Егер қарныңыз саусағымыздың басында салбырап тұратын болса, оны бір-бірімізден сұрамай-ақ білмес пе едік. Қазақтың қарны саусағының басында дейтінім — оның саусағы ыстық ет пен қамырға күймей қарны ешқашан тоймайды. Міне, философия қайда жатыр! — Айтөре мен Зейнеп бұл сөзге мәз-мейрам боп қосарлана күлді. Әркім өзінше күліп тұрып бірбіріне іштей сүйсінді, бір-бірінің жақсы түгілі жатқа да жамандық ойламайтын, ойлай алмайтын жайдары мінезге бай жандар екенін қас қағым сәт арасында ойлап өтті. — Сонда немене, ет турағыңыз кеп тұр ма? — деді Зейнеп пияздың ащылығынан жасаураған көзін жеңімен сүртіп қойып. — Дәл таптыңыз! Сізде бар ғой, адам ойын дәл таба білетін ерекше бір қасиет бар екен! Дулат Исабеков "Өкпек жолаушы" Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 116 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |