Кітап үзіндісі
12/09/2022, 20:56

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден гөрі, аз болса да, анықтап үйрету абзал.

Ахмет Байтұрсынұлы "Тіл – құрал"

 

Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды: жазумен дүнияның бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық. Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында қалай өзгеріліп, қалайша біріне-бірі қиындасып, жалғасатын дағдысын білу керек.

Ахмет Байтұрсынұлы "Тіл – құрал"

 

Құдайдың мекені белгісіз, өзі көзге көрінбес. Тіршіліктің басталуы бар, аяқталуы бар. Туу бар, өлу бар. Бір-біріне қарсы, қайшы құбылыс. Адамзат санасын осы қайшылыққа амалсыз көндіретін бір құдайдың әмірі. Құран дұғасы сол үшін ойлап табылған. Е, құдай, тудырған екенсің, адамды неге өлтіресің? – деп құдайға айқайлап айтып жеткізе алмайсың ғой, ол бәрібір естімес, естісе де үндемес. Дүние дүние болғалы адам баласы өлімге қарсы бола тұра, амал жоқ, көніп келеді. Содан бері дұға да өзгермес, дұға сөзі: ей, адам, бекер ғайбаттанба, құдайдың салғанына көн, деп жұбату айтады. Сондықтан да мыңдаған жылдар бойы саф алтындай сараланған дұға сөзі тірілердің өліге айтатын ең ақырғы сөздерінің ішіндегі ең соңғы сөзі. Салт солай.

Шыңғыс Айтматов "Ғасырдан да ұзақ күн"

 

"Алматыға келіп түскенімде "Осы қалада Мейрамбек тұрады ғой" деп ойладым дейді

Сәкен "Жұлдыздар отбасы" журналына берген сұхбатында. "Сәкенді бүкіл Қазақстан халқы жақсы көреді ғой" деді "Жайдарман" телехабарында Мейрамбек.

"Өмірде де, өнерде де осы ағаларымды үлгі етемін" деді Кенжебек бұдан бір-екі жыл бұрын Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттермен болған кездесуде.

Мұндайда біздің халық "Өсер елдің баласы бірін бірі "батыр" дер" дейді, білдің бе?

Камал Әлпейісова "Жақсы көру"

 

Етті көп жегеннен гөрі овощты көп жегеннің, арақ ішкеннен гөрі сүт ішкеннің, машинамен жүргеннен гөрі жаяу жүргеннің, тойып ап жата қалғаннан гөрі ұйқы алдында серуендеп алудың пайдалы екенін құлаққа құя бергенді біледі. Ал ең болмаса бір рет: "Осы сылдыр-сұйық уақыттың иегінің астында жүре бермей, бірауық басымызды көтеріп, жан-жағымызға дұрыстап бір қарап алайықшы!" — деп айтуды неге білмейді. Неге...

Әбіш Кекілбайұлы "Соңғы аялдама"

 

Көр де тұр, сен барған бойда, даусыңды ести салысымен тәуір болып кетеді... Ең бастысы, сен келгеніңді білдіріп, дауыстап сөйлесетін бол... Жылағың келсе, жыла! Әйтпесе, бізде бір жалған намыс бар ғой "еркек жыламауы керек" деген. Бос сөз! Ананың алдында жылау да, күлу де ерсі емес...

Камал Әлпейісова "Жақсы көру"

 

Көңіл-күйің болмағанда, "кімге қалай жәрдем берсем болады" деп ойлан: жадырап сала бересің. Энергияң таусыла бастағанда, біреуге көмектес: қуаттанып аласың. Ісің қиындаса, басқалардың ісін жеңілдетуді ойла: арқаңнан ауыр жүк түседі.

Данияр Жігітбек "Лайфхактар"

 

Ұлды армандағаныңды білемін. Бірақ сенің арманыңның – арман емес, өмірдің бар мәнін перзентіңнің жынысымен есептейтін ауруға айналғаны өкінішті... Сондықтан... жолыңа кесе көлденең тұрып қайтем?.. Бар... жолың ашық... Бірақ, "ойнастан туған ұл оңбас" деген сөздің бекер айтылмағанын ұмытпа ...

Камал Әлпейісова "Жақсы көру"

 

Өмір бақи өзіңді өзгелерден кем сезініп жүріп, соны жасырып жүріп, тығылып кеп, жақыным деген кісінің құлағына сыбырлайсың. Ал оны ең соңында қару ретінде пайдаланып кетеді.

Алишер Рахат "Parallel"

 

Аборт жасататын қыздардың басым көпшілігі қазақ қыздары болғандықтан мен оларды үш нәрсе үшін кінәлаймын: біріншіден, өте аңғал-аңғыртсыңдар, қыздарым. Айлалы арамзаларға оп-оңай алданып, қолжаулық болып жүресіңдер. Екіншіден, сауатсызсыңдар, болары болып, бояуы сіңгенше ештеңеге ұмтылғыларың келмейді. Медициналық әдебиеттерді аз оқисыңдар, әлдекімдерден естігендерің бойынша өздеріңді өздерің емдеуге әуессіңдер, соның салдарынан аурулы болып жүргендерің көп. Үшіншіден, тым ұялшақсыңдар, дәрігер-гинекологтардан ақыл-кеңес сұраудан қашасыңдар. Осының бәрінен арылу керек.

Камал Әлпейісова "Жақсы көру"

 

Қарадан шығып хан болған Құнанбайды, Құнанбайдың алтын ізі Абайды, Төле мен Әйтеке биді, Абылай мен Қасымды, Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбайды, аяулы Алаштың зиялыларын, тау тұлғалы Тұрарды, батыр Бауыржанды, қабырғалы қаламгерлер Қадыр Мырза-Әлі мен Шерхан Мұртазаны қазақтың қара келіншектері 9 ай құрсақта көтеріп, дүниеге әкелген еді. Олардың батыр, дана, би, көсем, шешен болып қалыптасуларына ошақ басындағы қарапайым аналарымыз ықпал етті десек, асыра айтқанымыз емес. Сәбиін еміреніп емізіп отырған ананың арманы, ниеті, тілегі, ықыласы, сөзі, тәрбиесі, ұмтылысы көп нәрсені өзгерте алатынына тарих куә.

Хадиша Ермекқызы "Ана болуға дайындық"

 

Сексенінші жылдардың аяғында американдық акушер-гинеколог Бернард Натансон ультрадыбыс аппаратурасының көмегімен таңғажайып фильм түсіреді. Таспаға 12 апталық ұрықтың аборт жасау кезіндегі қимыл-қозғалысы жазып алынған. Кадрларды көрген адамның төбе құйқасы шымырлайды: Болашақ тіршілік иесі өз өміріне төнген қатерді сезіп, жанұшыра айқайлағандай, аузын кең ашады; Бұлт-бұлт етіп, пышақтан бұғып қалады; Микроаспаптан өзіне өлім қаупі төнгенін сезген ұрықтың бейне бір хируртың пышағынан қашып құтылғысы келгендей жанталасқанын, жүрегінің соғысы минутына 200-ге дейін жеткенін жазып алған.

Б.Натансон ұзақ жылдар бойы аборт жасау клиникасын басқарып, өзі де осындай мыңдаған операциялар жасаған. Күндердің күнінде әлдебір психологиялық жағдайдың әсерімен, кәсіби хирург өз ісінің этикалық жағы туралы ойланып, ана бойындағы ұрық өмірін зерттеу туралы шешімге келеді. Ол түсірген фильм ғылым мен имандылыққа бірдей қатынасы бар мәселенің басын ашып алу жөнінде ғалымдар мен дәрігерлерді ойландырған алғашқы ұмтылыстардың бірі болды. Фильмді көргеннен кейін абортқа қарсы қозғалыс пайда болып, көптеген дәрігерлер мұндай операция жасаудан мүлдем бас тартқаны белгілі.

Камал Әлпейісова "Жақсы көру"

 

Қалқам, сен біреуді жақсы көруің мүмкін, біреуді дос санауың да ғажап емес, ал бәз-баяғы біреуге сенудің де орынды. Бірақ осының бәріне адамға ең алдымен сабырлылық пен тұрақтылық керек. Біреуді жақсы көреді екенсің, заматта күйіп-жанба, отқа қызыққан көбелек қанатын күйдіреді. Ләззәтыңды да өзіңді-өзің ұстай біл. Ал шын жақсы көреді екенсің — тұрақты бол. Махаббатта тұрақсыз болу — ол үлкен күнә. Досты да таңдай біл. Шын дос болады екенсің — ұстамды бол, оның қатесін, кемшілігін кешіре біл. Біреудің білместігін білмеген адам шын дос бола алмайды. Ал біреуге сенеді екенсің, артын күт. Сенімді ақтау — өте қиын сын, бұл екінің бірінің қолынан келмейді. Әсіресе сенің өзіңе сенген адамның сенімін ақтау — бұл адамның ең ұлы қасиеті.

Ілияс Есенберлин "Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар"

 

Және жеңешем ылғи құлағыма құйып отыратын: жігіттердің азғырғанына ерме! Ерсең бұзыласың. Әуелі оқу оқы. Күйеуге тиетін кезде жігітке көз саларсың...— дейтін.

Жүсіпбек Аймауытов "Ақбілек"

 

Ер адам әйелінің, балаларының алдында беделді болған отбасы бақытты. Ал бедел адамға білім арқылы, сол білім қалыптастырар бай жан-дүниесі, терең танымы, бала-шағасын асырай алар кәсібі мен отбасына жасар қамқорлығы арқылы келеді. Біз "әйел ерге қарайтын" елміз ғой. Ерлеріміз жерге қарамайтын болуы үшін, ең алдымен ұлдарымыздың тәрбиесіне көңіл бөлейік, оларды оқытайық, кәсіпке баулиық, қымбатты ата-аналар.

Камал Әлпейісова "Жақсы көру"

 

Сен – сенгенім!

Сенсіз жерде түседі еңсем менің.

Қапияда көз жазып қалам ба деп,

Көтере алмай еңсемді,

Кемсеңдедім.

Емшім менің!

Тағдырымнан тиген сәл еншім менің

Сені ойласам ұмытып мен өзімді өзімді-өзім демедім,

Сенсің дедім.

Күнім менің!

Сенен басқа бар еді кімім менің!

Сен от басып қалар деп ойда жоқта

Көрсең еді жүрегім тілінгенін.

Тілінгенін, ей, жалғыз, ұлым менің!

Жүрсін Ерман "Алыстан және жақыннан"

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 118 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: