05/09/2022, 09:25 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Балаға деген махаббаттың қасында еркекке деген махаббат әшейін ғана өтпелі сезім екенін мен жақсы білемін. Әйел мен еркектің арасындағы лапылдаған сезім қимастыққа, достыққа, сыйластыққа ғана айналады. Оның өзі де жиі кездесе бермейді екен... Көбінесе ит пен мысықтай өмірлерін өткізіп жатқан ерлі-зайыптыларды көргенде мен ең алдымен солардың балаларын аяймын. Бибігүл Иманғазина "Тауқымет"
Жыл сайын Қазақстанда 4 мыңға жуық адам көлік апатынан қайтыс болып, 30 мыңнан астам адам әртүрлі деңгейде жарақат алады екен. Біздің адамдар басына түскен кезде соның барлығының себебін жол жүріп келе жатып заңның аясынан шығудан емес, құдайдың жазып қойған тағдырынан көреді. Біздің елдегі көлік апаты Еуропа елдерінен 11 есеге дейін көп. Бәлкім, бұл жағдайдың тағдыр мәселесіне мүлдем қатысы жоқ болар?! Садық Шерімбек "JÜZ"
Сыйынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын. Баққожа Мұқай "Өмірзая"
Тілегім – тек әйтеуір, қазақ қызы, Қамықпа, Қайғы кешпе, Қара киме!.. Исраил Сапарбай "Қазақ қызы"
– Жаным балам, бұл заманда еңсеңді түсіре берсең, ес жия алмай есеңгіреп кетесің. Заманбек Жәкенов "Аяулы қарындас"
– Қанағатсыздық – бұл өте үлкен күнә. Сіздің көзіңіз көреді ғой, – деп орыс қыз маған шошына қарады. – Сіз көбелектің гүлге қалай қонғанын, құстың қанатын жайып ұшқанын көре аласыз. Сіз аппақ ұлпа қардың аспаннан жерге қалай қонақтап жатқанын көре аласыз. Мен жаңбырдың астында жүрсем ғана, қар бетіме келіп, қонақтаса ғана оның қалай жауып жатқанын сезем. Менің көзім ешқашан көрмейтінін білем, бірақ мен мына әлемді бір-ақ рет көргім келеді. Құдай маған жанарымның нұрын бір сағатқа сыйласа, өзімді, адамдарды, балалардың күлкісін, табиғаттың сұлулығын, мейірімнің бейнесін, бәрін-бәрін көрер едім. – Мейірімнің бейнесін дейсіз бе? – деп мен одан таңдана сұрадым. – Иә, мейірімнің бейнесін көрер едім, – деді ол ерекше сенімді дауыспен. – Маған ылғи бір әйел келіп, мейірленіп, садақа береді. Оның жалғыз ұлы мүгедек екен. Маған қайырымдылық жасап, Жаратқаннан өз баласына денсаулық сұрайды. Сол мейірімді әйелдің бейнесін көргім келеді, – деді ол. Аягүл Мантай "Соқыр сана"
Қыз бен жігіттің арасында әлдебір жұмбақ, әлдеқандай ғажап байланыстың болатынын бұлдыр да болса балалық шағымыздан білдік. Біреулер үрейлендіріп айтты, енді біреулер барынша қызықтыруға тырысты, қалай айтса да сол жұмбақ дүниемен жолығуды аңсап іштей асығып өстік. Соның сырын білсек, бәрін де білетіндей көрдік. Ол жайында ұрланып естідік, жүрексіне сұрадық. Махаббат туралы ойлау бұған әлі ерте деді, қызығуымызды тәртіпсіздік санап, хат жазуға, "махаббат" деген сөзі бар ән айтуға тыйым салған мұғалімдеріміз де болды. Бірақ қанша жерден тыйым салғандарымен де тыйыла қоймадық. Қысқасы, махаббатты іздей жүріп есейдік. Бексұлтан Нұржекеұлы "Бір ғана махаббат"
Балалардың ерлік, мықтылық туралы дұрыс ұғымы калыптаспағанда, өз "мықтылығын" әлсізге күш көрсету арқылы дәлелдейді. Алма Қыраубаева "Жаным садаға"
Мәселе тілде де, дінде де тұрған жоқ. Түсінісудің кілті – жүректе. Оралхан Бөкей "Мынау аппақ дүние" Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 108 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |