Кітап үзіндісі
29/08/2022, 12:51

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Біз – әртіспіз!

Біз – әншіміз!

Ақынбыз...

Ойнап жүріп ақылдымыз,

Ойнап жүріп батырмыз.

Ойнап жүріп көріктіміз,

Ойнап жүріп жақынбыз...

"Жер" аталған үлкен-үлкен пәтерді

Жалға алып, өмір сүріп жатырмыз.

Назира Бердалы "Сүйген жүрек "

 

— Жұрты құрғыр кісіге жақсылық ойлаушы ма еді? Сен мал тауып байып бара жатсаң, көре алмайды. Өнебойы жұрттан қорқамын деп, сыбағаңнан құр қалып жүрме, арсыз болмай — абыройлы болмайсың деген!— деп, өмір бойы айтып көрмеген өсиетін баласына енді айта бастады.

Мұхтар Әуезов "Оқыған азамат"

 

М.Шахановтың Шыңғысхан туралы жақсы пікірде емес екені мәлім. Көптеген мақалалары мен сұхбаттарында ол Шыңғысханды "соғысқұмар", "қанышер" деп жазғырған пікірлерімен Көпен Әмірбек келіспей, өзінің мақалалары мен күлдіргі әңгімелерінде ақын ағасының атына бір-екі рет наз айтқан екен.

Оған ренжіген Мұхаң Көпенге:

 - Әй, бала! Сен неге маған тиісе бересің?! - десе Көпен.

- Ал, сіз менің Жездеме неге тиісе бересіз?! - депті.

 

– Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, Халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!

Мұқағали Мақатаев "Күнделік"

 

Келін деген сөздің өзі де, аты айтып тұрғандай, "кел", "біздің үйдің адамы бол" дегенді білдіреді ғой; ол бұл әулетке кейін келген, жаңадан қосылған адам болып есептеледі. Яғни басқа әулеттен шығып, жаңа әулеттің жігітімен бас қосқан ұрғашы осы үйге, осы ауылға келін атанады. Сөйтіп, өзі келін боп түскен жердің салт-санасына лайық мәміле жасайды, жүріс-тұрысына ықтият болады, үлкендерден именеді, сыйлайды, бара-бара үйренісіп, ел ішіне сіңіп кетеді.

Шыңғыс Айтматов "Балалық шақ"

 

– Әртіс, – деп күліп жіберді Сталин.

– Бәріміз де әртіспіз, жолдас Сталин. Дүние – үлкен сахна. Біз сол сахнада жүрген әртістерміз.

Шерхан Мұртаза "Қызыл жебе"

 

Бірінші күн, класқа тұңғыш кірген күнім, әлі есімде. Қарсы алдымда біреулері томсара, біреулері күлімсірей қарап кілең жас бүлдіршіндер отырды. Олардың киімдері де, кескіндері де, мінез-құлықтары да біріне-бірі ұқсамайды. Сол алуан түрлі жас адамдар менен көз алмай жаутаң-жаутаң қарайды. "Біздің тағдырымыз сенің қолыңда" дегендей болады. Дәл сол минутта бар денем шымырлап, бойыма бір ағалық сезім, жоқ, тіпті, ағалық та емес аталық сезім пайда болды. Кейін албырттық сезімдерін орнына осы жаңа сезім — ата сезімі ірге жайып келе жатқанын аңғара бастадым. Әр күн мектеп есігін ашып, көздері жаудыраған бөбектерді көрген сайын, осы аталық сезім адам алдындағы борышымды даттады маған.

Мұқан Иманжанов "Ақмоншақ"

 

Кейбір адамдар шабан ат сияқты. Не жүріп жарытпайды, не шауып бәйге алмайды.

Жұмабай Қайранбай "Біз студент едік"

 

Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын,

Жаратқан жоқ жатсын деп бір Құдайың.

Ойласын деп ой берді, көруге көз,

Аяқ берді, тапсын деп басқан сайын.

Шәкәрім Құдайбердіұлы "Мал жимақ"

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 120 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: