Кітап үзіндісі
22/08/2022, 14:05

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Әйелдер абыр-сабыр болып, әр үйге жүгіреседі. Әйел қауымы қашанда осы ғой, шіркін. Қайғы болса, шын жүректен қайғыра алады, қуаныш болса, бар ықыласымен қуанады. Адам көңілінің айнасындай ғой әйел деген.

Бауыржан Момышұлы "Ұшқан ұя"

 

Мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл – бір. Екінші – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де осыдан болар.

Мұқағали Мақатаев "Күнделік"

 

Кейде адам жазайын деп жазбайды, жанына жансыз қағаздан медеу іздеп, ішіндегі шерін сыртқа шығару үшін жазады екен-ау.

Зияш Телеуова "Банкирдің өлімі"

 

Ей, балам, ақша жүрген жерде әділетке, адалдыққа орын жоқ, – деп бұрынғылар бекер айтпаған.

Шыңғыс Айтматов "Ақ кеме"

 

"И-и, Алла, бергеніңе шүкір" деп қорлықтың бәріне төзіп, көніп, бес мезгіл тәубеге келеміз. Мен білер қазақ тамұқта отырса да, "И-и, Алла, бергеніңе шүкір!" – деп тәубе етеді.

Герольд Бельгер "Қазақ дәптері"

 

Қолымды жұмсақ ұстап, қайта-қайта қысып айырылды.

 – Жақсы көрген кісінің тілі айта алмаған нәрсені, көбінесе, қолы айтады ғой. Сен оны байқадың ба, Камила?

Жүсіпбек Аймауытов "Ақбілек"

 

Бір кісі аты аңызға айналған қаһарман Бауыржан Момышұлынан:

– Бауке, айтыңызшы, жер бетіндегі ең батыр адам кім өзі? – деп сұрапты. Сонда батыр атамыз еш ойланбастан:

– Жер бетіндегі ең батыр жан – қыз баласы, – деп жауап берген. Оның мәнісін сұрағанда былай түсіндіреді:

– Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елде бір сағат та тұрғым келмей, бойымды үйретуге жүрексініп қашамын. Ал қыз барған жерінде өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіре, сыйлата да алады, қаймықпастан ұрпағын көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді, – деген екен.

Хадиша Ермекқызы "Ана болуға дайындық"

 

Фидель Кастро атам коммунисттердің сөзін түзеп айтқаны бар. Дін емес, дұрыс түсіндірілмеген дін — халықтың апиыны. Әйтпесе, діннің тағылымынан адамзат баласы толеранттылықтың 80-інші баспалдағына әлдеқашан көтерілулері керек еді

Садық Шерімбек "JÜZ"

 

Әр әйелдің өз тағдыры бар, әр әйелдің жүйкесін жегідей жейтін өз қайғысы болады екен, әйел тек төзе беру керек, төзе беру керек екен ғой...

Бибігүл Иманғазина "Тауқымет"

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 121 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: