Кітап үзіндісі
15/08/2022, 18:38

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Сен Аяулым десе, аяулы едің-ау!.. Атыңа затың сай еді!..

Біз екеуміз беймезгілде кездесіп, бейуақытта қоштасқан ғашықтар... жо.. жоқ... бейбақтар едік!..

Думан Рамазан "Жаралы аққу"

 

"Сізді бір көргеннен ғашық болдым" деген сөзге сенудің орны жоқ. Олай деп оңай "олжа" тапқысы келген қу жігіттер мен шын сезімнен хабары жоқ, жасөспірім, бейкүнә қыздар ғана айтуы ықтимал.

Әзілхан Нұршайықов "Махаббат, қызық мол жылдар"

 

...Өмір – алдымен, Адам! Адамды өмірге әкелетін – Әйел! Ана! Анадан адам шығады! Адамнан – адам шығуы қандай ауыр! Апыр-ай, әйел деген неткен керемет! Неткен төзімпаз! Неткен құдірет! Денесі "үлкейеді" – көтереді! Сүйегі жұқарады – шыдайды! Еті жыртылады – төзеді! Соның бәрі не үшін?! Өмірге – өмір әкелу үшін! Өмірді әрі жалғау үшін! Ұрпақтан-ұрпақ өрбіту үшін!

Әбілфайыз Ыдырысов "Таңшолпан"

 

Құдай-ау, айдаладағы біреудің де жақсылығына жақсылықпен жауап қайтарасың, ал өзіңді дүниеге әкелген, сен үшін отқа да, суға да түскен әкеңе ешқандай жақсылық жасай алмау не деген қылмыс!

Төлен Әбдікұлы "Әке"

 

Кемшілік қоғамда емес, шырағым, адамда... Қоғам – кеме, қалай бұрсаң солай жүреді.

Баққожа Мұқай "Өмірзая"

 

Төңкеріліп құбылған жұрт – бір сағым,

Шынға шыдап, қоса алмас ынтымағын.

Көптің аузын күзетсең күн көрмейсің,

Өзіңді өзің күзет, кел, шырағым!

Абай Құнанбайұлы "Жапырағы қуарған ескі үмітпен"

 

– ХХІ ғасыр – матриархат дәуірінің басы. Енді тізгін де, қамшы да біздің қолымызға тиеді.

– Иә, – деді Мұхит көзін ашпаған күйі езу тартып. – Ел басқару оңай емес, еркек байқұстар бүгінде әбден сілесі қатып, шаршады-ау деймін!

– О-о, сіз оңай жеңілдіңіз!

– Жо-жоқ, бұл жеңіліс – мыңдаған жылдар бойы ішімізден кемірген жасырын соғыстың нәтижесі.

Нұрғали Ораз "Түнгі жалғыздық"

 

ҰБТ-да "Алтын белгі" алуыма 1-ақ балл жетпеген еді. Шешуші сұрақ күмәнді болды. Бірақ оған бола күйінбедім, ешкімді кінәламадым. Себебі одан жақсырақ дайындалуым керек еді дедім. Кінәні басқа біреуге арту – өмірің үшін жауапкершілікті соған беріп қою деген сөз. Бізде өзінің жолы болмағанын мемлекеттен, мектебінен, белгілі бір адамдардан көретіндер, сол үшін шағымданатындар көп. Ол дұрыс емес дер едім. Өз өмірің үшін өзің жауаптысың.

Данияр Жігітбек "Лайфхактар"

 

Сені ешкім ұмытпасын деп "ақылды ағаларың" мына тасты орнатыпты! Сол "ақылды ағалар" тасқынға тап осындай қорғаныс құрмады ма? Ақылының жеткен жері осы ғана екен арсыздардың? Сені мәңгіге бүлдіршін еткен сол "ақылмандар"!

Айзат Рақыш "Өлгендер қайтып келеді"

 

– Жазмыштан ешкім қашып құтылмақ емес, – деді ол шыдамсыздана сөйлеп. – Оның қашан келіп құрығын салатынын да ешкім білмейді. Уақытпен саудаласудан келіп-кетер пайда бар ма? Әсілінде ұзақ өмір дегеннің өзі не? Өткеннің ұзақ жолы. Біздің болашағымыз әрқашан да келесі тынымсызға дейін созылады. Одан соң не болары жұмбақ. Қай-қайсымыз да сәтпен өмір сүреміз. Ал сол сәттен кейінгінің бәрі – тек үміт пен сағым.

Эрих Мария Ремарк "Аманат өмір немесе Тәңірі алдында теңбіз"

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 127 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: