08/08/2022, 19:22 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
Жазушыға үш кеңес: 1. Қызыға жаз, қыза жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз; 2. Ойланып жаз, ойлы жаз, ой сала жаз, ойландыра жаз; 3. Ызамен жаз, кекпен жаз, кектендіре жаз. Осы үшеуінсіз шығармаға жан кірмейді. Ғабит Мүсірепов
– Мeн сізбeн қалай oйнаймын? – Нeсі бар eкeн? – Сіз мұғалімсіз ғoй! – Oнда тұрған нe бар? Мұғалім адам eмeс пe? Кeйдe ылғи мұғалім бoлу жалықтырып жібeрeді, oқыта бeрeсің, oқыта бeрeсің. Үнeмі – ананы бoлады, мынаны бoлмайды. – Лидия Михайлoвна әдeттeгідeн гөрі көзін сығырайтыңқырап, oйлы жүзбeн тeрeзeгe қарады. – Кeйдe мұғалім eкeніңді ұмытып кeткің кeлeді, өйтпeйіншe, “а” дeп, “б” дeп oтырғанда, адамдарға сeнімeн сөйлeсу дe көңілсіз бoлып кeтeді. Мұғалім үшін, мүмкін, eң бастысы өзін-өзі тым тeрeң қабылдамау, oның тіпті аз ғана нәрсeлeрді үйрeтeтінін түсіну. – Oл сeргіп, тeз көңілдeнді. – Мeн кішкeнтай күнімдe тeнтeк бoлдым, ата-анам шаршайтын. Мeнің қазір дe сeкіріп, қарғып, бір жаққа жүгіріп кeткім кeлeтін сәттeрім жиі бoлады, сабақ кeстeсінeн, жoбалардан тыс, көңілім сoққан бір нәрсeлeр жасағым кeлeді. Кeйдe үйдe сeкіріп алатын кeздeрім бoлады. Адам көп жасағандықтан қартаймайды, бала бoлудан қалған кeздe кәрілік кeлeді. Валентин Распутин "Француз тілінің сабақтары"
Бір адамның басында үнемі бақыт тұра бермейді, бақытсыздық та сондай. Алла тағалам жомарт, бірақ Алла тірлік ететін, біреуге қиянат жасамайтын, адал адамдарға ғана бақыт береді. Бақыт деген өте нәзік болады, оны қадірлеп, қастерлеп ұстай алмаған адамнан бақыттың айналып кетуі оп-оңай. Шарасыздықтан шығудың жеңіл жолын іздеген адамға бақыт қайтып оралмайды. Атам ылғи да: "Өзімді алсаң ал, қанағатымды алма дейтін. Менің көзімнің жеткені – Алла тағала адамды жазалар алдында қанағатынан жұрдай етеді", – деп еді-ау. Бибігүл Иманғазина "Тауқымет"
Қоқыстың арасынан сыртқа шығу үшін басыңды көтеріп те қараған жоқсың. Бар ғаламның кереметі сенің алақаныңа сиятын еді. Бірақ, сен алақандай жерге өз санаңның ғарышын байлап қойып, бейне шопанның есегі сияқты ғұмыр кештің. Ендеше, ертең өзіңнің жастығың туралы не айта аламын деп ойлайсың? Ойланып қарашы, досым! Біздің бар миссиямыз кей ақылды ағаларымыз айтпақшы, 1 әйел 2—3 баланың нөкері болып өмірден өту ғана ма? Егер, әлі де, жастығыңнан үмітің болса, қазір-ақ орныңнан тұр да, арманыңа қарай ең болмаса жарты қадам жаса. Садық Шерімбек "JÜZ"
Баспасөз беттерiнде жарияланып жүрген неше түрлi хабарлардан әлдебiр жан түршiгерлiк рухани күйреудiң нышандары сезiледi. Ал солардың бәрiне адамдардың еттерi үйренiп, тiтiркенбеуi, шiмiрiкпеуi, ештеңе болмағандай, жайбарақат жүруi одан бетер зәремдi алады. Маған олар адам өлiгiн селт етпей қолымен түртiп, қызықтап жүрген жарымес жасөспiрiмдер секiлдi елестейдi. Газет оқудан қалдым. Бетiн ашсаң болды, не бiр сұмдық оқиғалар тасқыны сенi жаңқа ғұрлы көрмей ала жөнеледi: Өзiнiң анасын зорлаған немесе өлтiрген... Өзiнiң балиғаға толмаған қызын зорлаған не өлтiрген... Сәбиiн өлтiрiп, қоқысқа тастаған келiншек... Өз ұлына тұрмысқа шыққан миллионер әйел... Адам етiн жеген маньяктар... Еркекке үйленген еркектер... Өлiкпен жыныстық қарым-қатынас жасағандар... тағы сол сияқты сорақылықтар туралы шартараптан жеткен хабарлар. Мен бұзылған бiрдеңе жеп қойған адамдай лоқсудамын. Жиiркенiштен қан-тамырларым тас боп қатып, шек-қарыным сiресе, ышқына лоқсимын. Былғаныштан құтылар амал жоқ. Дәретхананың түбiне құлаған адамдаймын. Бәрi былғанған... Төлен Әбдікұлы "Парасат майданы"
...Зухра жеңгеңіздің бүкіл өмірі ізденіспен өтті деп айта аламын. Мысалы, ол дүниеге мүлде қызықпайтын. Бұл жағынан да екеуміздің арамызда ерекше ұқсастық бой көрсетті. Сізге тағы бір сырымды ашайын. Зухрамен жарты ғасырдан астам жұбайлық ғұмыр кешсек те арамызда бала болмады. Тағдырдың бұл тәлкегі жанымызға қатты батқанын да жасырмаймын. Бірде, әулетіміздің ақылман қариялары жиналып: "Димаш, келіннің ерекше жақсы адам екенін білеміз. Ата дәстүрге жүгінсек, өзің сияқты атпал азаматтан ұрпақ алып қалмау - елдігімізге сын. Тіпті, Мұхаммед Пайғамбар да осы салада үлгі көрсетпеді ме? Бәлкім, бұған келін де қарсы болмас!" – деді. Рас, Зухра да қариялардың ұсынысын қолдады. Өзім көнбедім. Себебі, мен үшін Зухра сияқты әйел жалғанда біреу ғана. Сондықтан оның маған деген шексіз махаббатына көлеңке түсіргеннен гөрі, тағдырдың пешенемізге жазғанына мойын ұсынуды әлдеқайда жеңіл санадым. Мұхтар Шаханов "Қонаевпен сырласу"
Адам деген бір керемет емес пе! Егер тырысса, оның ұқпайтын дүниесі бар ма! Ұмтылса, алмайтын қамалы бар ма!.. Сәбит Мұқанов "Өмір мектебі"
Әйтеуір, бір үмітпен күндер өтуде. Күнде көлігімен көретін бір танысыңа қарап қойып, биылдан қалмай осындай біреуін мініп алуым керек деп ойлайсың. Ойың сол көліктің түтінімен ауада будақталып жоқ болып кетеді. Өйткені, бірталай жылдан бері жағдайың дәл солай. Ең құрығанда тіл үйреніп алайын деп ойларсың бәлкім. Осы аптадан бастағалы жүргеніңе кемі 5 жылдың жүзі болды. Ал, ол уақытта курсқа бармай-ақ, таңертең туалетте отырып, күніне 3 сөз, аптасына 1 ереже жаттағаныңда Шекспирдің өзі шегіп кетіп, әруағы алдыңа келіп сыйынар уақыт еді. Дұрыстау жұмысқа орналасу керек еді деп ойлайсың. Бірақ, ол ойың ертең-ақ, жұмысыңдағы өзің сияқты коллегаңмен әңгімең сияқты мәнсіз жоғалып кетеді. Ертең таңертең оянамын да, жұмысқа орналасамын деп ойлайсың. Бірақ, бұл мотивацияң да таңертеңгі ұйқының дәмімен араласып, жоққа кете барады. Оянып алып, өзіңді іштей сөгесің. Боқтайсың. Өзіңді әлемдегі ең жолы болмаған адам деп білесің. Сөйтіп, уақыт өте береді. Жас дәуреннің уақыты тақалған кезде, үйдің ұрысы, қоғамның тұрысы да жөнсіз болып, әйтеуір үйлену керек болып, біршама шығындалып үйленесің. Сонымен, әрі қарай баяғы өміріңнен сәл түсі өзгерек күйің басталады. Бәлкім, жетістікке жетерсің. Бәлкім жетпессің. Ол бір болашаққа тиесілі әңгіме. Ешқайсымызда ол тұрғыдан анық көрініс жоқ. Бірақ, бірнәрсе анық. Сен жастығыңды обал еттің. Жалынды жастық шағыңа мағынасыз тірліктің құсығын ішкіздің. Құдайдың құтты күні өз орныңда жүрмегеніңді біліп отырсаң да, әйтеуір, көндің. Сындың. Сен армандайсың кейде. Бірақ, ол армандарды орындауда өзіңнің ерік-жігерің жетпейтініне көзіңді жеткізіп, олар жайлы ойламайтын да болғансың. Лоқсың бырат! Мен қазір айтпасам да, оны бірер жылдан соң өзің іштей мойындайсың. Садық Шерімбек "JÜZ"
— Мен де білмеймін. Ақ көңіл елпілдеген жақсы жігіт екен. Бір көргеннен есі кетіп бәйек болды да қалды. Тіпті жанын беруге бар. Менің бетімді бері қаратқан сол ықыласы болу керек. Әйел қанша асқақтағанмен еркектің ықыласына түсіп қалады ғой. — Сонда қалай?.. Әйелдер ғашық бола білмей ме? Тек еркектердің дегеніне көне бере ме? — дедім. — Әрине, — деп күлді Света. Алдымен көзі түсіп айналдыратын еркектер емес пе. Ендеше біз солардың жетегінде кетеміз де, ғашық болдық деп өзімізді алдарқатамыз. Тахауи Ахтанов "Шырағың сөнбесін"
Әукесі салақтаған еркек табылар-ау, ал бай ше? Бай ұғымның ар жағында, бас иең – асыраушың, қорғаның деген құдірет аңырап, атой салып тұрған жоқ па. Аңырау мен атой салуды қай жігіттен табасың, қазір. Үштің екісі дүбара, дүмбілез, білімсіз, танымсыз. Танысса: "Қайда істейсің? Айлығың қанша? Әкеңнің қызметі нендей, малды ма?" деп сұрай бастайтын сұмдығы не? Қазақ еркегі қашан сөйтіп еді? Қазақ еркегі қашан әйелге масыл болып еді. Несіпбек Дәутайұлы "Көгілдір көйлекті келіншек"
..Түсінбеймін... Қара борбай кедейлер теңдік алсын. Бірдейлік орнасын. Бірақ, бәтір-ау, осы халықтың киер киімі, ішер асы бірдей болғанмен, құлқы бірдей бола ма? Әбдіжәміл Нұрпейісов "Күйреу"
– Мырзалар, дүниедегі ең қысқа әңгімені білесіздер ме? – деп еді фон Таубе, – небары тоғыз-ақ сөзден тұрады. Ешкім де білмейтін болып шықты. Сонда кітапқұмар губернатор өзінің көп оқып, көп білетінін тағы бір танытып, мәртебесі аса түсетінін сезіп былай деді: – Екі адам, бір жолбарыс. Бір адам, бір жолбарыс. Жолбарыс. Мырзалар желкесін қасыды. Көбісі түсінбей дал. Губернатор қарқылдап күлді. – Мырзалар-ау, екі адам бірімен-бірі айқасып, ақыры біреуі өлмей ме? Ал жалғыз қалған адамды жолбарыс жеп қояды ғой. Шерхан Мұртаза "Қызыл жебе" Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 129 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |