27/06/2022, 15:31 | |
Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі. Әлқисса...
"Мінез біреуге бақ, біреуге сор", – деп отырады Дүкең. "Шаруамыздың алға жылжуын, я шәт-шәлекейі шығып шалқая түсуін, я жолымыздың болу- болмауын осы жүрген біздер көбіне-көп сыртқы себептерден іздейміз. Пәленше өтінішімізді түсінбеді, сөйлескісі келмеді дейміз. О, ол кісі барып тұрған оңбаған екен, жолымды кесіп, аузыма түскелі тұрған несібені орта жолдан қағып кетті дейміз. Өмірде осындай мың сан сылтаулар кесе көлденеңдейді. Ал, байыбына барып, тереңдеп ойласақ — көп жәйттер өзімiзге байланысты". Кісімен сөйлесудің өзі үлкен өнер. Тіл табысып түсінісу — ғажайып көңіл күйін туғызады. Адамды өмір сүруге құлшындырады. Сәуле Досжан "Үшінші есіктің құпиясы"
Шүкір, осы бергеніңе де тәуба. Сендер бақытты, шаттықты, халқыңа қалаулы, еліңе елеулі болыңдар, қос қарлығаштарым. Үйге ұрыс кірсе – ырыс кетеді деген ата-бабамыз. Екеуің ынтымақты болыңдар. Туған-туыстарыңа, дос-жолдастарыңа мейірімді болыңдар. Алдарыңнан күн шығып, арттарыңнан ай тусын. Отауларың ордалы семьяға айналсын, құлындарым. Шайхан Жандаев "Өмір өткелдері"
Өзі қу, өзі сұм болса, одан қандай келешек күтесің?.. Шайхан Жандаев "Өмір өткелдері"
Біреу асты-үстіңе түсіп мақтап жатса – шаттанба. Тағы біреу жамандап, даттап жатса, оған да өр көңілің мойымасың. Өйткені жүйрік уақыт кімнің ақ, кімнің қара екенін өзі-ақ дәлелдеп береді. Шайхан Жандаев "Өмір өткелдері"
Есіңде болсын, тұмандай тұнжыр болу жігітке жараспайды. Шайхан Жандаев "Өмір өткелдері"
Балаларыма айтарым, ең алдымен әке-шешелеріңнің тілегін ақтаңдар! Сендер жақсы болып асып кетсеңдер, олар әсте күндемейді. Әркім өз балаларына бақытты бол, деп тілек айтады ғой. Бақыт дегеніңіз ұшып жүрген құс та емес, барлық та, байлық та емес. Ол әр адамның туып өскен, білім алып, ер жеткен жерінде, ошағының басында, қосағының жанында. Қазір мен құда-құдағилармен бірге үлкен шаңырағымның алғашқы қызығын көріп бақытқа бөленіп отырмын. Осы қос құлыным өздерінің жеке бас қамын ғана ойлап қоймай, елдің баласы, Отанымыздың ардақты азаматы болсын. Халқына адал қызмет етіп, әрқашанда оңдарынан – күн, солдарынан – ай тусын. Бақытты болыңдар, қос ботам! Шайхан Жандаев "Өмір өткелдері"
– Құлындарым, Абай аталарың: "атаның ұлы болма, адамның ұлы бол" деген. Менің әу баста қалаға келген мақсатым осы сендерді оқыту еді. Шүкір, ризамын. Институт бітіргендерің бар, енді оқып жүргендерің бар, бүгінгі өмір талабы сендерден бұдан да өсуді күтеді. Диплом алғанға масаттанып асып-таспай, оқуды, ізденуді одан әрі жалғастырыңдар. Аспирантураға түсіңдер. Ілгері өрлей беріңдер. Үлкенге мейірімді, кішіге кешірімді болыңдар. Өмір бәріңе жаңа бақыт, жаңа шаттық сыйласын! Балаларым, өмірдің мәні сыйластықта. Бір-біріңмен тату-тәтті болыңдар, – деді Сәкең. Шайхан Жандаев "Өмір өткелдері"
Айыпты болсаң қызмет дәрежеңе қарап айыбың үлкейіп кішіреймейді. Сондықтан да "Жоғарғы жақтың бұйрығы солай болды, мен соны орындадым" деген тек сылтау ғана. Тахауи Ахтанов "Боран"
Бір-бірімізге жалған сөйлемеуге, адал жүруге, жанымызды түсініп қызмет қылуға сол кісінің алдында ант берейікші! Жүрер жолың әлі алыс, сол жолда көптеген қиыншылыққа кездесерсің, жабырқарсың, бәз бірде жалғызсырарсың (кісі өмір бойы жалғыздыққа қарсы күресіп өтеді емес пе) coның бәрінде еңсеңді тік ұстап, балалар алдында үлгі болып өтсейші сен де! Сәуле Досжан "Үшінші есіктің құпиясы"
Менің анық білетінім: арақ ішпеген — азбайды, темекі тартпаған тозбайды. Әсіресе, жастар бұл екі пәледен аулақ болулары керек! Әзілхан Нұршайықов "Мәңгілік махаббат жыры"
Не болса соны еркін ойлауға бәріміздің де қақымыз бар. Бірақ ойымызға не келсе, соны айта салуға, істей салуға қақымыз жоқ. Өйткені біз қасымыздағымен санасатынымыз үшін саналымыз. Бексұлтан Нұржекеұлы "Ерлі-зайыптылар"
ҚАЗАҚСТАНЫМ Қазекем көзге жәй көрінгенімен, сөзге бай. Бір сөзді жерге түсірмей қағып алып, қақпақылға салып құбылтып, құлпыртып ала жөнелгенде тақымына көкпар басқан шандоз шабандоздай алты қырдан ары асып бір-ақ тоқтайды. Қадыр аға бірде маған: “Сұлуды сипаттаудың отыздан аса баламасын таптым, мықты болсаң, соны сен қырықтан асырып, елуге жеткізші?” деп еді. Комбайнның соңынан масақ түгілі кәшек қалушы ма еді?! Ағамыз түк қалдырмай түгелімен сыпырып-сиырып кеткен екен. Жуырда бір қарындасымыз (асаба) қалың жұрттың қаперіне осындай көп баламалы сөздің бірін аукционға салды. Әркім білгенін, назарға ілгенін айтып жатыр жаным, күнім, айым, жұлдызым, айнам, әппағым, қошақаным, ботам, қозым, балапаным, құлыным, құлыншағым, қуыршағым, қарғам, қарлығашым, қарағым, арманым, ардағым, сүйіктім, сүйкімдім, сүйінішім, сүйенішім, қараторғайым, аққуым, ботагөзім, күлімкөзім, бозторғайым, қарғашым, жүрегім, тілегім, шырағым, алтыным, жарқыным, мөлдірім, шырайлым, құндызым, қызғалдағым, сарғалдағым, қырмызым, бәйтерегім, талшыбығым, бақытым, қуанышым, махаббатым, ғашығым, асылым, сырғалым... деген сияқты. Қаншама көп болғанымен сөз де тақ-тұқ таусылады білем, жұрт тағы не бар дегендей бір-біріне қарайлап үнсіз қалды. Иә, бәрі айтылған сияқты — Ай да, Күн де, жұлдыздар да... Асаба “болды, бітті” деп жүлдегерлерді анықтауға кірісе бергенде, ортаға төрт-бес жастағы Мирас жүгіріп шыға келді де: “Қазақстаным!” деп қасқайып тұрып айтты да тастады! Жұрттың көзі жыпылық қақты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін томардай-томардай ересектер емес, тобықтай бала ғана айтты! Айтып қана қойған жоқ, әрі қарай әуендетіп-әндетіп ала жөнелді. ...Кейде біздің Ай мен Күнді ауыздан тастамай жүріп жұлдызды, ошаққа от жағып жүріп Отанды естен шығарып алатынымыз бар. “Бала тілі — бал” дейсіз бе, жоқ, “Болар бала...” дейсіз бе, ендігісін өзіңіз пайымдай беріңіз... Исраил Сапарбай "Бір тамшы көздің жасындай"
Жұрт саған: "жылама!" дер. Жұрт саған: "берік бол!" дер. "Жылама!" деп айту оңай, жыламау қиын. "Берік бол!" деп айту оңай, берік болу қиын. Дәрігерлер: "Қыстыққанда жылап алған жөн" дейді. Мені сағынғанда оңашада отырып жылап ал. Бірақ көз жасынды балаларға көрсетпе! Әзілхан Нұршайықов "Мәңгілік махаббат жыры"
Бір еркекке бір әйел жетеді. Егер көп әйел алуға жол берілсе, Қазақстан қазақ елі емес, бұқа-текелер, айғырлар мен қошқарлар еліне айналады. Көп әйел алу әйелді қорлау, махаббатты аяққа таптау, адамгершіліктен ажырау. Әзілхан Нұршайықов "Мәңгілік махаббат жыры"
Бал-бұл жанып, қуана жайнап тұрған Меңтайдың жүзі маған бұрынғысынан да сұлу, сүйкімді көрінді. Егер жұрттың бəрінде бірдей менің көзім мен жүрегім болса, онда Меңтайды бар студент, бүкіл ғалам жер үстіндегі ен сұлу, ең ақылды қыз осы ғана деп бағалар еді-ау, шіркін! Дариға-ай, дүниенің тұтқасы қолымда болса, бар жақсылықты осы қызға жасап, бар бақытты осының басына үйіп қояр едім мен. Бірақ кедей студент менің қолымнан махаббат пен тұрақтылықтан басқа не келеді десеңші. Әзілхан Нұршайықов "Махаббат, қызық мол жылдар"
Экзистенция философиясы бойынша Бақыт деген — ғайыптан келген хикметтің сәулесін интуициямен қағып түскен сәттегі тұла бойды билеп әкететін уақытша көңіл-күй. Мағыналы бір істі сәтімен шешкен кезде, ми арқылы бойға тарайтын рақат сезімі. Сондықтан Бақыт жеке объект ретінде жоқ. Иллюзияға алдану содан шыққан. "Бақытты бір рет ұстап алып, есігімнің алдына мәңгілікке байлап қоямын" деген бос дәмемен көбі алданып қалады. Бақытты сезінгісі келген адам күн сайын, минут сайын ситуациямен қорықпай жекпе-жек шығуы керек. Қиындықты жеңіп, Мәнді игерген сайын бақытты сезім тұла бойды өзінен-өзі бойлап алады. Бақытты болуға ең басты кедергі — "бақытты болсам" деген арман. Яғни сағым қуалап, бүкіл өмірін зая кетіреді. Бақытты болу — ырықсыз эффектінің нәтижесі. Яғни көбелек сияқты. Көбелекке мән бермесең, мұрныңның ұшына өзі кеп қонады. Қуаласаң ұстатпайды. Бақыт құсы Құт пен Береке боп шаңыраққа дару үшін ғаламдық маңызы бар, бұл дүниенің ішіне сыймайтын трансцендентті армандарға құлаш ұруға тура келеді. Сейілбек Мырзабай "Балалықтан даналыққа"
"Сен осы мінезіңді қоймадың-ау, гәп заттың құнында емес, адамның көңілінде", – деді шешемізге қарап. Адамның көңілі... Көкемнің бұл сөзі мені сол күні әжептәуір ойландырған еді... Қаржаубай Омарұлы "Әке"
Әуелі адамша өмір сүру керек. Махаббат жол-жөнекей бола жатар... Мұқағали Мақатаев "Қош, махаббат"
Тіпті бұл да емес айтайын дегенім. Көзі барлардың менмендігі, менсінбей қарайтындығы, басынғысы — бас салғысы келіп тұратындығы. Олар бізді мүгедек деп мүсіркейді, ал біз оларды... тән мүгедектігінен жан мүгедектігі әлдеқайда сорлы екенін ұқсашы, шіркіндер. Оралхан Бөкей "Жылымық"
Сіз Абайды білем деп ойлайсыз. Әнін шырқап, өлеңін жаттап жүрген соң. Білмейсіз. Кеше де, бүгін де білген емессіз. Білемін деп талай жерде көкірек кергенсіз. Анығында, ол — өзіңізді-өзіңіз әшкерелеу. Ең жаманы, ұяларға тиіс етте сезім, бетте қызыл жоқ. Бұл —жаман ауру, жарамсыз қылық. Жаман ауру — жарақты жаудан да жаман! Исраил Сапарбай "Бір тамшы көздің жасындай"
Әкем соғыстағы күндерін еске алғанда жараланып жатып, жігіттермен, медбикелермен әзілдесіп жататынбыз деуші еді. Ол – соғыс. Ондағы бір-ақ мақсат – жауды жеңу. Қазір бейбітшілік. Біздегі бір-ақ мақсат – денсаулықты күтіп‚ жақсы өмір сүру. Қуандық Түменбай "Түрмедегі торғай"
Бекен өзгелерден бұрынырақ үй жанына жақындай бергенде, өз көзіне сенер-сенбесін білмей, сілейіп тұрып қалды. Бір топ әйелдердің ортасында бота көздері отсыз мөлдіреп жасқа толған, құп-қу өңінен тіршілік белгісі сезілмей Шынар тұр еді. Өлі де, тірі де емес, құр сүлдері ғана. – Жаным-ау, Шынаржан-ау, саған не болып еді? Бекен осыны айтып үлгергенше, мұның құшағына тығылып, даусын шығаруға шамасы келмей, үнсіз егіліп талықсыған Шынарды көрді. Басына бос бүркеген үлкен қоңыр шарқат сусып жерге түсе беріп еді. Қыздың беліне түскен қос бұрымды шашы түп-түгел аппақ селеудей қуарып кеткен екен. – Құдай-ау, мұндайды кім көрген! – деген әлдекімнің өксік аралас даусы қаумалап тұрғандардың жылаулы үніне көміліп қалды... Фариза Оңғарсынова. Шашы ағарған қыз.
─ Аурумын, аурумын, – дейді, майдан жарылғалы тұр ғой хозяйкаңыз, аға. ─ Ауыратыны рас. ─ Ойнап айтып тұрсыз, аға. Қандай ауру? ─ Қулық деген ауру. Естіп пе едің ондай дертті? Хе-хе... ─ Ә, бәсе. Мұқан Иманжанов "Көк белес"
Адам итті неге жақсы көреді?... Ит адамға неге соншалықты берілген?.. Мүмкін болмыстарында үндестік бар ма екен?.. Сұрақтарымызға жауап іздеп көрелік... Адамдар — итті жақсы көреміз деп ойлайды. Бірақ өздері мойындағандай дәрежеде жақсы көрмейтін болар. Олай болған жағдайда адам "ит" дегенге арланбас еді... Ал иттің адамға сенімді серік болуының себебі оның адамға тәуелділігінде де, сүйіспеншілігінде де емес секілді. Ас құйғанның бәрі адамға табына кетер болса, асыранды қасқыр орманға қарап ұлымас еді... Асылы, үшінші сұрағымыздың күмәнінен үш сұрақтың да жауабы табылып қалар деп ойлаймыз... Ит байғұстың адамға сонша берілуі оның саналылығынан емес, жаратылысынан. Ит адамды жақынсырап жақсы көрмейді. Тәңірдің, Жаратылыстың, бір сөзбен айтқанда Алланың бұйрығымен істейді... — Ал адам пақырдікі не?.. Адамдікі басқалау. Адам саналы жаратылыс. Ол өз ақылымен ойлап, тіпті туған ұлын да бірде жақсы, бірде жаман көре алады. Бұлардың — өр кеуделісінен гөрі жер кеуделісін жақсырақ көруі, кемеңгеріне деген сүйіспеншілік сезімінен төмендеріне деген аяушылық сезімінің басым жатуы — ойлануға тұрарлық нәрсе. Адамға өзінен ақылдыдан гөрі өзіне бағынышты жан қадірлірек... Барлық биліктілердің өз қастарына ыңғайына көнгіштерді жинайтын қасиетінің астары да осы жерде жатқан секілді. Адам өзіне жұғымдыға құмар-ақ. Құйрығын бұлаңдата мүләйімсіп тұрған ит пен жағымпаз адамның арасынан айырма таба аласыз ба?.. Иттердің — өзі тұқымдас итті өшіге талайтын қасиеті адам аттылардың да төл мінезі... Демек біздердің достығымыз бен сүйіспеншілігіміздің астарында, иттегі жаратылыс берген қасиет пен адамның өзгенің өзіне бағыныштылығын көргісі келетін өзімшілдігі жатырған секілді... Сайын Назарбекұлы "Ит мінезділер"
Мың түрлі адам бар — мың түрлі мінез бар. Соның сорақыларына мән бере берсең, жауқазыныңнан жайрайсың. Шерхан Мұртаза "Тәуекел той"
Әйел алсаң көркіне қызықпа, дертіне қызық. Қыздың дерті іреңінде емес, жүрегінде. Өзегін өрт, жүрегін дерт жайлаған бойжеткен махаббатқа бой алдырады, ғазиз жанын ғашықтыққа қияды. Еркін есепке, етегін төсекке ыңғайлаған ұрғашының бас-аяғы түптің-түбінде өсек-аяңға шырмалады. Тектілік жөні бір басқа... Исраил Сапарбай "Бір тамшы көздің жасындай"
Көпшілік қылығына таң қаласың. Жақсы болуға тиіс деген кісісінің бойынан (мысалы Ел басының) жаман қасиет, жаман қылық көргісі келмейді. Көрсе кешіре алмайды. Сол секілді олар жаман деген ат тағылғандар бойынан (мысалы, түрмеге түскендер) жақсылық қасиеттерді іздемейді. Ал барлық адам бойында Құдірет жаратқан барлық қасиеттер (жақсылық пен жамандық, ізгілік пен қатыгездік, қайырым мен сараңдық, сүйіспеншілік пен сатқындық) бар болатындығы ақиқат. Жақсы болу да, жаман болу да әр кісінің өз бойында бар сол қасиеттерін пайдалану шамасына байланысты. Олар (адамдар) өздерінің ұзақ ғұмырын жақсы, жаман қасиеттерін қатар пайдалана өмір сүреді. Сайын Назарбекұлы "Ойлар, ойлар..."
– Қуаныш тек күлкімен ғана келмейді. Ол тек бала басынан кешіретін тәтті қуаныш қана. Азаппен келетін ащы қуаныш та болады. Нағыз қуаныш һәмәнда жанды қинап, жүректі сыздатып, жылата келеді ғой, қарағым. Ең қайырлы қуаныш та сол болады. Әзілхан Нұршайықов "Махаббат, қызық мол жылдар"
Өз опасыздығымызды көрмей, өмір опасыз дейміз. Опасыздықты жасайтын кім, әлбетте, өзіміз. Жорта сөйлеп, жоғымызды жасырамыз, жалған айтып, барымызды асырамыз. Рас, өтірікшіміз. Дидар Амантай "Біреудің өмірі"
Ұят дейтін мәселе – Қазақстанда №1 тақырып. Қателестің бе – ұят, құладың ба – ұят, бір істі бастап, көп өтпей тастап кеттің бе – ұят. Меніңше, бұл ұят емес. Ұят дегеніміз – моральдық принциптерді бұзып, адамшылықтан аттау. Біз ұят пен біреудің пікіріне тәуелді болу деген ұғымдарды шатастырып алған сияқтымыз. Біреудің тағдырында бір ситуация бола қалса, ол ешқандай ұят емес. Айжұлдыз Адайбекова "SUPJULIE"
Көктегі рухтан жаңылу, сол арқылы санадан адасудың себебін жалғыз идеологиялық сарыннан іздесек, қателесеміз. Рас, түрлі режимдер ақылдан алжастырып бақты. Соның ішінде марксизм мен ленинизмнің залалы діни адамгершілікке жойдасыз болды. Ленин Құдаймен таласушылардың ішіндегі ең зоры еді. Жер жүзі пролетариатының осы көсемінің өлі денесіне жүргізілген зерттеулер ми клеткаларының 90 проценті көптен бері өлгенін анықтайды. Адамның мұндай жағдайда тірі жүруі мүмкін емес-ті. Осы медициналық деректі және Лениннің соңғы сәтінде түнгі айға қарап ұлып отырып көз жұмғанын баяндай келіп, публицист Игорь Бунич «Золото партии» деген кітабында Ильичті Құдайдың алдына баруға қорыққан, дінсіздігіне күйзелген әбілетке теңейді. Кім білген?! Алдан Смайыл. Саяси-әлеуметтік публицистика.
Оқу орындары маман емес, алдымен адам дайындауға тырысуы қажет. Сайын Назарбекұлы. "Ойлар, ойлар..."
Мәшһүр Жүсіп: «Жан - бір асыранды құс, дене бір қапас. Ол құсқа от, су бермесе, қапаста тұрып аштан өліп қалады, оған қорек беру керек. Хайуан тамақтан семіреді, адам құлақтан семіреді. Мұнан мағлұм болды: жақсы сөзге жан семіреді екен. Жанның қорегі - құлақ сүйсінерлік сөз екен. Адам тіршілігінде, ден саулығында құлақ сүйсінерлік сөз естуге талап қылып тырысу керек» Қазіргі қазақтың жаны байымай жатыр. Жаны семірмей жатыр. Неге? Өйткені еститіні күнде өсек, саясат, ғайбат, одан қала берді ыржың-ыржың, бос, бұралқы сөз. Не дүниенің сөзін сөйлеу: атақ, даңқ, мал, мақтан. Ақын айтып отырған бұрынғы өткеннің бәрі жақсы, бәрі әулие, ата-бабаларымыздан біздің айырмашылығымыз да сол. Біз қазір құлақ сүйсінерлік сөз дегеннің не екенін ұмытып қалдық. Не дінді, не ғылымды дұрыс игере алмай жатырмыз. Әулиелік туралы сөз қозғаудың өзі ұят. Неге бұлай болды?.. Біз дүниені жақсы көреміз. Тіпті ғылым-білімнің өзін дүние үшін іздейміз, дүние үшін жұмсаймыз. Сөйтіп, жанымызды өлтіріп, денемізді хайуанша семірткенімізге мәзбіз… «Ал бұрынғылар көңілінде дүние махаббатының жоқтығы, айдан анық, күннен раушан» «Харекет» - О. Жәлелұлы Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 151 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |