Кітап үзіндісі
20/06/2022, 20:15

 Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

Алғашқы сабақта бәріміздің үстімізге халат кигізіп, подвалдағы үйге алып барды. Үйге кірісімен жалаңаш жайрап жатқан өліктердің үстінен шықтым. Оларды көрісімен денем дір ете қалды. Ертіп кірген дәрігер: "— Бұның атын мәйітхана деп атайды. Мұнда..." — дей бергенде-ақ мен зыта жөнелдім. Есік алдына шығып, халатын өткіздім де, институтты тастап қаштым. Артымнан жаңағы басы жоқ, аяғы жоқ тыр-жалаңаш өліктер тырақайлап қуып келе жатқандай көрінді. "Жоқ, оқусыз қалсам да бұл институттың қарасын көрімеймін" дедім қашып бара жатып. Қанша қашсам да, содан он жыл кейін өліктердің ортасын кешіп жүретінімді білмеппін ғой мен.

Әзілхан Нұршайықов "Ақиқат пен аңыз"

 

Енді ойлап тұрсам, арамызға сол Шаншатай келгелі бері біздің күнделікті күйкі тіршілігімізге жан кіріп, күні кеше өзімізге алыстан сағымдай мұнарланған жаңа бір дүние құшағына кіргендей əсерге енсек керек. Күні кеше қиялдың не екенін білмесек,енді сол тəтті, сұлу қиялдың қанатына мініп, жан-дүниеміз рахатқа шомылғандай болса керек. Бірақ біз күн сайын бойымызға там-тұмдап сіңіп, нəр болған сол бір əсерді ол кезде сезбеген едік. Сол əсер, енді ойлап тұрсам, біздің күнде ойнайтын ойынымызда, біздің күнделікті əңгімемізде, қимыл-əрекетімізде тамырды қуалаған қан секілді бойға байқалмай тарай берсе керек.

Сансызбай Сарғасқаев "Тəмпіш қара"

 

Күмісті іске тұтсаң — бітіп қалады,

Сөзімді іске тұтсаң — күміс табады.

(Күмісті іске тұтсаң — құрып, азады,

Сөзімді алсаң, саған күміс қазады!)

Жүсіп Баласағұни "Құтты білік"

 

Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн,

Жегіліп, тартты үшеуі дүркін-түркін.

Тартады Аққу көкке, Шаян кейін,

Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін.

Бұлардың машақаты аз болмады,

Жұмысы орнына кеп мәз болмады.

Тартса да бар күштерін аямай-ақ,

Аслан жүк орнынан қозғалмады.

Оншама ол жүк артық ауыр емес,

Құр сырттан "пәлен" деу де тәуір емес.

Жүк бірақ әлі күнге орнында тұр,

Бырыңғай тартпаған соң бәрі тегіс.

* * *

Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,

Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.

Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,

Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.

Иван Крылов "Аққу, шортан һәм шаян"

 

Неғұрлым керең болсаң – соғұрлым жақсы естисің. Саңырау болсаң ғана сақ жүресің.

Оралхан Бөкей "Қар қызы"

 

Өмір сізге ащы дәмін таттырса, сіз оны тәтті дәмге айналдыруға немесе өмір сізге лимон сыйласа, сіз одан лимонад жасауға тырысыңыз.

Дейл Карнеги "Жақсылыққа апарар жол қайда?"

 

Бұл өмірде барша жан да бағынып, сөзсіз мойындайтын және ешқашан бұлжымайтын бір шарт бар, ол – жазмыш, ешкім де алдында не күтіп тұрғанын білмек емес, тағдыр деген де сол, пешенесіне не жазылғаны ешкімге белгісіз, оны тек өмірдің өзі ғана көрсетіп береді, олай болмаса, тағдырдың тылсымы деген түсініктің өзі де болмас еді... Дүние жаралғаннан бері солай болып келеді, Адам Ата мен Хауа Анамыздың пейіштен қуылып, Жер бетіне түскені де олардың тағдыры еді, содан былай қанша ғасыр, қанша күн, қанша сағат өтті – өзгерген ештеңе жоқ, тағдырдың тылсымы тіршілікпен бірге жасап келе жатқан мәңгілік қағида, әркімге арналған жеке жұмбақ күйінде қала береді…

Шыңғыс Айтматов "Тау құлаған"

 

Өлім деген сөзсіз нәрсе, бұлтару жоқ! Ол біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Өлімнен қорқуға болмайды. Еңбекке қабілеттіліктен айрылудан қорқу керек. Өмірден қайткенде көп қарпып алу дегеніміз — тоғышарлық, ал қоғамға қайткенде көп беру — бұл күрескердің ісі. Өмірдің қуанышы да көп алуыңда емес, басқаларға көп беруіңде, білім мен тәжірибеңді халыққа таратуыңда.

Бауыржан Момышұлы "Куба әсерлері"

 

Ал махаббат - бөлек әңгіме. Ол - санамен, жүрекпен, мінезбен жұмыс істеудің жемісі. Айтады ғой "нағыз махаббат некеден кейін басталады" деп. Мен сәл басқаша айтар едім "некеден кейін жауапкершілік басталады". Ал нағыз махаббат екі тарап жауапкершілік алғанда басталады" деп.

Данияр Жігітбек "Не үшін үйлену керек?"

 

Асылым

Бар арманың ас пен ұйқы болса,онда адам емес, айуан болғаның.

Әзілхан Нұршайықов "Өмір өрнектері"

 

Уақыт бар ғой деп бүгінгі ісіңді ертеңге қалдырма.

Өмірдің ұзақ екені рас, бірақ ол біреу ғана.

Әзілхан Нұршайықов "Өмір өрнектері"

 

Өмір бесік, адам – бала.

Әркімнің өмірі өз ырғығымен тербеледі.

Әзілхан Нұршайықов "Өмір өрнектері"

 

Талант жаққан от сияқты. Уақытылы отын салып отырмасаң, ол да өшіп қалады.

Әзілхан Нұршайықов "Өмір өрнектері"

 

Жастық шақ – көрген түстей тез өтеді.

Әзілхан Нұршайықов "Өмір өрнектері"

 

Сөз көп жерден іс қашады.

Әзілхан Нұршайықов "Өмір өрнектері"

 

Жауды әдіспен, досты әділдікпен жең.

Әзілхан Нұршайықов "Өмір өрнектері"

 

Жасырғанның жарасы жазылмайды.

Әзілхан Нұршайықов "Өмір өрнектері"

 

Тәкәппарға тәжім етпе.

Әзілхан Нұршайықов "Өмір өрнектері"

 

Тасыған су талдан асса да, таудан аспайды.

Әзілхан Нұршайықов "Өмір өрнектері"

 

Үздіксіз еңбекпен ұштасқан талант қана, өлмес өнерге айналады.

Әзілхан Нұршайықов "Өмір өрнектері"

 

Іш күрсініп сырт күліп өмір сүріп жатырмыз, әйтеуір...

Әзілхан Нұршайықов "Өмір өрнектері"

 

Әдеппен тіл қату мәдениеті өлген сайын ұлт та өлуге айналды. Тіпті сүйіп қосылған ерлі-зайыптылардың өзі бір біріне "Ей, қақпас", "жалмауыз", "албасты", "айуан" деп қолданған сайын шаңырақ астында құт та, береке де, ырыс та қалмайды. Бейсен сияқты "батыр", "айналайын" сөзін қолданғанда, қоғамда расымен де батырлар, аяулы қарындастар көбейе түседі. Жалпы мұндай мәдениеттің бастауын Алла Тағала өзі көрсетеді. Ол пайғамдары Мұхамбетке "Хабибім", "Сүйіктім" деп қолданады.

Қазақ қоғамында көбінесе криминалды ортада қолданылатын "брат", "братан", "сеструха", "пахан", "батя", "пацан" деген сөздер басты. Ал дінге ұрынған бір тарапы "ахи", "ухти", "бірадар" сөзін айналымға ендірді. Ал жаңа қазақтар "бро", "родной", "дорогой" деп тіл қатуды мәртебе көреді. Тіпті қызметке жайғасқан жап-жас жігіттердің өзі інілеріне "е, братишка" деп сөйлейді. Ал надандау орта жора-жолдастарын өмірі өз атымен атамайды. Міндетті түрде оның болмысын мазақ етіп көрсететін бір сөзді қосып айтады.

Бейсен кісіге тіл қатқанда оның болмысына бірден әсер ететін, санасын селт еткізетін "батыр" сөзін ғана қолданды. Жасы кіші інілеріне телефон толғағанда "Қалайсың, батыр?" деп амандасады. Қыздарға "айналайын" деп сөз бастайтын. Осы әдетінен өлгенше арылмады. "Өсер елдің баласы бір-бірін батыр дейді" деген қағиданы бекем ұстанды.

Санжар Керімбай "Бейсен және болмыс"

 

Иман мен жақсы іс – бақытты өмір сүрудің кілті, бұларды есіңде бекем тұт.

Аид әл-Қарни "Мұңайма"

 

Махаббатта бір-ақ формула бар, ол – тұрақтылық

Әзілхан Нұршайықов "Махаббат, қызық мол жылдар"

 

Кейде бір наданға да кішіресің,

Естисің кейде аппақ ісіңе сын.

Күн өтіп арпалыспен, арбасумен,

Жер беті – жұмақ емес, түсінесің.

Индира Өтеміс

 

Керек іс бозбалаға – талаптылық,

Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық.

Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,

Сыртқа пысық келеді, сөзге сынық.

 

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!

Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!

Абай Құнанбаев. Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат.

 

Біз, шынын айтсақ, сөз сөйлегенде алдымызға жан салмаймыз да, іске келгенде көш соңында қалатын жаман әдетімізден әлі де болса арыла алмай келеміз ғой. Алда атқарылатын осыншама кыруар іс қаулы алумен, әйтпесе қағазға жазумен әсте де бітпейді.

Шайхан Жандаев "Өмір өткелдері"

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 181 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: