Кітап үзіндісі
20/06/2022, 20:13

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

─ Сен, осы, "сізіңді" қойшы.

─ Енді не деймін?

─ Сен де! Жақсы көрген адамыңа бұдан жылы сөзді іздесең таппайсың.

─ Бір түрлі ыңғайсыз.

─ Ыңғайсыз болса, ауыртпалығын өзім көтеріп алдым. "Сен" дей бер.

Мұқан Иманжанов "Көк белес"

 

– Кей молада от көрінеді дейді ғой. О несі екен? – дедім.

– Бос сөз. Мүмкін, фосфор болар?

– Ол не?

– Ол химиялық қосынды дейді ағам. Сол қосынды адам сүйегінде көп болатын көрінеді. Сол фосфор кейде түнде жарқырап көрінеді.

– Қызық екен?

– Біз білмейтін нелер қызық бар ғой, Ертай. Сол үшін көп оқуымыз керек.

– Дұрыс айтасың...

Сансызбай Сарғасқаев "Тәмпіш қара"

 

– Сол үшін ғана ма дегені нес, баласыз өмірдің не мәні болушы ма еді? – Кейде адамдар баласыз да өмір сүріп жатады емес пе? – Баласыз эуропада өмір сүруге болады, біздің елде баласыз өмір сүру – қылмыспен тең, – деді әпкем. – Сонда да...адамдар... – Не адамдар..? Сен өзі отбасылық өмір жайлы не білуші едің, бар-жоғы он төртте ғана емессің бе, – деп әпкем сөзімнің соңын тыңдамай жекіп тастады.

Жәудір Нартай "Мен он төртке толғанда"

 

– Ал өмір деген не? Сен қалай ойлайсың?

– Өмір деген кең жарық дүниедегі тіршілік, күнделікті тұрмыс, тірлік емес пе?..

– Ал сол тіршілік, тұрмысты жасап жүрген өзіміз ғой. Ендеше өмір деген өзіміз емеспіз бе?..

– Олай болса неге қиын? Неге өзімізге өзіміз жамандық жасаймыз. Мен, әрине, тұрмыс жағын, ішу-жеу, киім киюді айтып отырғам жоқ, қазір молшылық қой. Менің бас қатыратыным: неге адам біріне-бірі зәбір көрсетеді? Неге осы бақытты, қайғысыз өмір сүру деген қиын?

Сайын Мұратбеков "Отау үй"

 

Тәңірі тағала Адам атаны жаратқаннан кейін:

– Уа, Адам! Менің орынбасарым – сенсің. Мына күллі ғаламды Мен хабибім Мұхамбеттің құрметіне жараттым. Ол – сенің ұрпағың. Ақыр таяғанда дүниеге келеді. Жаратылған барлық мақұлықтың ішінде адамзаттың мәртебесі биік. Жер-дүниенің иесі өзің боласың. Менің атымнан билік жүргізесің. Осыны баршасы да біліп жүрсін, – деп қолына жәннаттың дүр-жауһарларымен безендірілген жүзік салды.

Сүлеймен пайғамбарға да осындай жүзік бұйыртады. Тарихта атағы жер жарған патшалар біреуге өкілдік берген кезде оның қолына жүзік тағады екен. Ал қазақтағы"келінге жүзік, сақина салу" салты "отбасымның иесісің" деген мәнді білдіреді. Қазақта осыған орай мынадай мағыналы сөз қалған: "Неке жүзігін сәндікке тақпайды, ол ақ некені мәңгілік сақтайды".

Отбасы хрестоматиясы "Салт-дәстүр сөйлейді"

 

Ал Тама батыр сардарға жанасалап, манағы Қолбай жайын түсіндіріп келеді:

— Әкесі жоқ, жетім. Ана бір жылдары шешесімен бірге қалмақтың қолына түсіп кеткен екен, елге бертінде оралыпты. Тұтқында жүріп жасып қалған жайы бар. Әйтпесе күш-қайрат жағы жетеді.

— Тұтқында болды дейсің бе? Ол жақта қанша жүрді екен? — деді Қабанбай елең етіп.

— Жеті жыл шамасында оралды-ау деймін...

— Бәсе, өзім де бір кілтипаны бар-ау деп ойлап едім, — деді қолбасы мұртын тістелеп.

— Тұтқында ұзақ уақыт болғандарды жасақтан босатыңдар. Шаруаларын істеп жүре берсін.

— Неге, сардар аға, сенбейсіз бе?

— Сенбегенде, мен оларды жау жағына шығып кетеді деп тұрғам жоқ. Ұзаққа созылған кіріптарлық текке кетпейді, оның ой-санасына құлдық таңбасы болып басылады. Сүйекке сіңген қорқыныш-үрейден ол бәрібір арылмайды. Ал әскер ішінде қорқақтардың болуы — жұқпалы дерттен де қатерлі.

— "Күшігінде таланған ит қасқыр алып жарытпайды" дегеніңіз ғой, — деді Дәулетбай оны қостап.

— Иә, соған жақын. Мәселен, Қолбай манағы Кенжеден күші жетпей жеңілген жоқ, жігері, тәуекелі жетпеді, — деп аз-кем бөгелді де, ендігі сөзін Тама мен Дәулетбайға бірдей арнады.

— Жалпы, естеріңде болатын жайт: жігіттерді жасытпай еркін ұстаңдар. Әрбір сарбаз өзінің еркін елдің ерке ұланы екенін бір сәт жадынан шығармасын. Құлдық — Алаш ұлына жат. Ол не жеңеді, не азаттық үшін басын береді — екінің бірі!

Қабдеш Жұмаділов "Дарабоз"

 

– Балалар, сендер бәрін Әбілсейіт Айхановтай оқысаңдар жаман болмайсыңдар. Есеп білмеген – есек. Ал математика бар ғылымның анасы. Ана сүтіне жарымаған әсте адам болмайды. Математиканы меңгере алмасаңдар, басқа пәндерді үйрене алмайсыңдар, – деді.

Шайхан Жандаев "Өмір өткелдері"

 

"Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар" деген сөз ып-рас-ау дегенде, Шолпанның басында жаңа бір ой жарқ ете түсті: үш жылдан бері балам болмасын деген тілегінің, қате болғанда да, есалаң екендігі, бала болмаса, екеуінің өмірінің қу мазарға айналатындығы еді. Араларындағы жалынды махаббаттың заманның озуымен бірге бірте-бірте май шамдай еріп сөнетіндігі, құшақтың ыстығы өмір бойы бір қалыпта тұрмайтындығы, екі жүйрік жүректің екпіні баяулаған кезде бір-бірінен жирендірмей, бір-біріне берік байлайтын бала екендігі, баланың ер мен әйел арасындағы дәнекер екендігі – міне, осы ойлардың бәрі сол сағатта ап- айқын боп Шолпанның көз алдына келді.

Мағжан Жұмабаев "Шолпанның күнәсі"

 

Пай, пай, бәрiбiр қыр қазағы аңқау. Дүние-мүлiктiң қадiрiн бiле бермейдi. Жылқы мен қойдың мәнiсiн жақсы бiледi бiрақ. Қанша дегенмен мал— мал ғой. Жұт келсе — қырылып қалады.

Қонақ келсе — сойылып кетедi. Қартайса — адамға ұқсап өледi, болмаса базарға түседi. Ал алтын деген жасай бередi.

Момбек Әбдіәкімұлы "Сүлеймен қарақшы"

 

Қос нәрсені шалмас қарттық құрығы:

Бірі — ізгі сөз, бірі — ізгі құлығы!

Туған адам өліп, сөзі қалды, көр,

Өзі кетіп, ізгі аты қалды, көр!

Тіршілікте келсе өзіңнің өлмегің —

Сөз, құлқыңды оңда, жақсарт, ей, бегім!?

Жүсіп Баласағұни "Құтты білік"

 

Оған “үрлеп iшiп, шайқап төгер” ас-ауқаттың да, мамық төсек, құс жастықтың да керегi жоқ. Оның бар салтанаты — еркiндiк. Оған тек желкеден түртiп, маңдайдан нұқып бұйрық беретiн бiреу болмаса болғаны. Құдайдан басқаның бәрiнен азат.

Момбек Әбдіәкімұлы "Сүлеймен қарақшы"

 

Ақиқи қылмысым осы сапарларымда ғана айқындалды өзіме: менің сізді бастапқы өшіктіргенім, «бәріміз адамбыз ғой, теңірек жасайық» деген шыншыл пікірім болыпты да, құтырта өшіктіргенім, иесіз-арқа тірексіз әлсіздігім болыпты. Маған ұқсатып, зорлап байланыстырып өлтіргендеріңіз де түгелімен панасыз-отансыз, қып-қызыл жалашы шыншылдар болып шықпады ма? Шынға өтірік, бөлінгенге бөрі, саяққа таяқ, жалаңашқа жел қашанда, қай дәуірде де өш болып жаралыпты!

Мұнан соң адал еңбегім мен ақылы талабымды ешкім қойын дәптеріне қара бояумен қылмыс етіп жаза алмайтындығы анық. Олай болатыны, мен енді өз отанымдамын! Дүниеде өз отанынан айырылудан зор қылмыс жоқ екен!

Қажығұмар Шабданұлы "Қылмыс"

 

Кезең-кезеңге бөлiнiп, сынаптай сырғып өтетiн адам ғұмыры бiр орнында тұрмақ емес. Жастық қайрат та, жiгiттiк бұла дәурен де жылдар өткен сайын кемiп, қарттыққа жеткенде семерi ақиқат. Дегенмен жастығыңда кiм болдың, не атқардың, жақсы болдың ба, жаман болдың ба, мейлi, кiм болсаң да сол кезеңде сыншы елдiң өзiңе берген атақ-бағасы қария жасқа жеткенiңде де қалмайды екен.

Момбек Әбдіәкімұлы "Сүлеймен қарақшы"

 

Еркек түздің, әйел үйдің адамы. Бұл жазылмаған табиғат заңы. Десе де, үй шаруасына қарайласу еркектің ар-намысына дақ емес. Жалған намыспен ата-бабамыз олай етпеген деп үркиміз. Нағыз ердің ері Пайғамбармыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болатын. "Мықтымын" дегеннің барлығы одан өнеге алады. Күнделікті көмектесу міндет емес. Қала берсе, әйел де күйеуінен мұны талап етпейді. Ең бастысы, екі жарты бір бүтін болып бір-біріне демеу болу. Әйелдің үй шаруасы бастан асып жатқанда күйеуі жәрдем берсе, ешнәрсе жоғалтпайды. Керісінше, орталарындағы сезімнің нығаюуына, бір-біріне деген құрметі арта түсуіне септігі тиеді. Әрине, шаршап-шалдықса да "әйелдің қырық жаны бар" деп көз жұмып жатамыз. Біз сонда кімді үлгі етіп айтудамыз? Әлде Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі алуға намыстанамыз ба?

Руслан Қамбар "Үйленбей тұрып үйрен"

 

Адамды хақ жаратты да ескерді:

Оған ақыл, білім, өнер, ес берді.

Көңіл берді әрі тілін тербетті,

Ұят берді, берді құлық, келбетті.

Ділін оңдап, ерік берді тіліне,

Ұят берді қылық – құлық, тіліне!

Жүсіп Баласағұни "Құтты білік"

 

Шақырғанға бар. Шалғанмен тірес. Күлшынғанмен күрес. Жығылсаң жер көтереді, — деді әкем. — Бірақ, опынғаныңды айтпа, одан кейінгі ойланғаныңды айт. Ызаңды айтпа, ызадан соңғы ындының мен ықыласыңды жеткіз. Жақсының басынан дау кетпейді. Жаманның басынан жау кетпейді. Тірі тұрғанда талай дауың да, жауың да болады, шырағым. Бар, бетіңнен жарылқасын. Алжығанда келген атақ абырой әпермейді. Атақ, абыройыңды жас кезіңде қу, қарағым.

Әзілхан Нұршайықов "Ақиқат пен аңыз"

 

Бас кесілмес үшін тілді кесемін!

Сөзіңді бак, басың кесіп алмасын,

Тіліңді бақ, тісін сынып қалмасын!»

(Жұрттың тілі удай, сөйлеп шет қылар,

Кісі құлқы сұм, етіңді жеп тынар.)

Білім берді, білікті өткір тіл берді,

Тіл иесі, басыңды бақ, біл де енді!

Тілесең сен есендікте жүруді,

Жаман сөзге қимылдатпа тіліңді.

Жүсіп Баласағұни "Құтты білік"

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 153 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: