Кітап үзіндісі
13/06/2022, 18:55

 Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Адам саудада қатты сыналады. Біздің әлсіздігіміз ақшаға қатысты істе, жолда, қызмет барысында білінеді. Осы үш нәзік жағдайда адам өзінің шынайы бет-бейнесін көрсетеді екен. Тауарға қосатын пайда орташа болғаны дұрыс. Сіз сонда табыс табумен қатар айналаңызға пайдалы боласыз. Алланың елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) "Адамдардың ең жақсысы қайсы?" деп сұралғанда: "Айналасына пайдалы болғаны" деп жауап берген еді. Адамдарға мейрімділік танытсаңыз, Алла да сізге мейірімділік етпек.

Қайрат Жолдыбайұлы "Кемел адам"

 

Мен адам баласының ақыл-ойына, ғылыми дарынына, микромирдің сырын, не космосты ашқанына таң қалмаймын, жақсылық істей алатын адам баласының жүрегіне бас иемін. Бірақ адамның табиғи тілегі, бір-біріне жақсылық істеуге арналмаған ондай үстемдіктің бізге қажеті жоқ. Шынына келсек, халық космосты ашусыз да, Эйнштейннің ұлы теориясыз да өмір сүре алады, ал бір-біріне жақсылық істеуді ұмытса бір күн де тұра алмайды.

Ілияс Есенберлин "Мұхиттан өткен қайық"

 

– Бақытжан, менің Жазушылар одағына қалай өткенімді білесің бе? – деді. Неге екенін көздеріне күлкі үйіріліп, жүзі жадырап кетті.

– Жоқ, – деп Бәкең басын шайқады.

– Ол – бір ерекше жағдай, ешкімнің басында болмаған, болмайтын да уақиға, – деп Həкең әңгімеге кіріскенде "соншалық не керемет екен" деп мен де құлақ салдым.

– Мен үш-төрт кітабым шыққан соң Жазушылар одағына өтуге өтініш бердім. Өзің білесің, мүшелікке өту оңай емес іріктеу қатал. Керек қағаздарын жинадым, бірақ ең бір маңыздысы – Жазушылар одағына бұрыннан мүше үш адамнан кепілдеме (рекомендация) алу керек екен. Басқарма мүшелеріне ондай қағазды беруге тағы болмайды, қатардағы жазушылар кепіл болуы қажет. Жазған басым амандасып, сөйлесіп жүретін қаламгер таныстарымнан сұрасам, бере салады деп ойлаппын ғой. Сөйтсем, қиынның қиыны осы болды. Онсыз мүшелікке қабылдамайды. Комиссияның қарайтын уақыты таяп қалды. Бұдан қалса, жарты жылдан аса тағы күтуім керек. Содан анадан сұраймын, мынадан сұраймын – әрқайсысы әртүрлі сылтау айтады. Біреулері "кепілдеме беруге стажым жетпейді" дейді, біреулері "кітабыңды оқыған жоқпын, шығармашылығыңмен таныс емеспін" дейді, енді біреуі бар да емес, жоқ та емес, ұзын арқау, кең тұсауға салып, алдаусыратады. Мен сол кезде "жазатын адамдарда бірін-бірі қолдап-сүйеуден гөрі іштарлық, "өзімде ғана болса" деген қызғаныш басым ба" деп қалдым. Не дейсің, әбден тауым шағылып, бетім қайтып, еңсем түсе бастағанда, құдайдың құдіреті, Бәукеңді ойыма алдым. "Не болса, сол болсын, азар болса, қуып шығар, жығылсам, нардан жығылайын" деп Бәукеңе келдім. Бұрын келіп жүрген үйім болса да, есіктің алдында ішке ене алмай, қатты қобалжыдым. Ақыры кіріп Баукеңе жағдайымды айтып едім, бірден: "Жоқ!" – деді. Сонда да кері шегінбей, жыларман болып жалынып жатырмын: "Ағатай, сізден басқа барар жер, басар тауым қалмады. Алматыда мені сүйейтін әке-көкелерім жоқ, саяқ жүрген, тек еңбегін емінген адайдың бір баласымын. Менен әлдеқайда жас, әлдеқайда аз жазғандар тіреуіш-тілекшілері болғандықтан өтіп жатқаны да өтірік емес. Өте берсін ғой, мен ешкімге көлденең келген емеспін. Айтарым болса, алдына келіп, ашық айтамын. Мүмкін сол да кедергі ме, білмеймін. Ағатай, сіз демемесеңіз таяныш таппай тұрмын...". Тағы талай іштегі өкініш, өтініш – бәрін араластырып төгіп жатырмын. Бір кезде Бәукең ыңыранып "ы-ы-ым" деді де:

– Мен ешқашан ешкімге Жазушылар одағына өту үшін рекомендация беріп көргенім жоқ. Ал берсем, өтесің! – деді. Мұны естіген соң менің өшуге айналған үмітім жанғандай болып және жалбарына бастап едім, қолын сермеп тоқтатып тастады да:

– Әкел, қағазды! – деді.

Сендерге – өтірік, маған шын, көзімнен жас шыға жаздады. Баукең қағазды алды да, былай деп жазды.

"Первому секретарю Союза писателей Казахстана Энверу Алимжанову РЕКОМЕНДАЦИЯ:

Прими этого дурака в Союз писателей. Если примешь, еще одним дураком станет больше".

Баурджан Момышулы, — деп қол қойып берді...

Зейнеп Ахметова "Жетілік ұғым"

 

Мен кісіден емес, құдайдан тілеген адаммын. Өмір бойы диірменнің жұмысшысы боп келем. Табысым күн көруіме жетеді. Еңбексіз малдың да, кісінің киімінің де маған керегі жоқ. Киімдерің де, қойларың да, қашан келсең де сақтаулы болады...

Сәбит Мұқанов "Мөлдір махаббат"

 

«Бала күнімізде (10-11 жасар кезіміз шығар) бір топ құрбыларымызбен көл жаққа барып жеміс-жидек теріп ойнаушы едік. Аптасына бірнеше рет түс мезгілі болғанда шаштарын кең өрген, қиқулап тұрып шеттерінен аттың құлағында ойнайтын қыпшақтың (қазақ) қыздары жылқыларын суаруға келетін еді. Көздері баданадай, жүздері күнге піскен аққұба қыздар болатын. Ойпырмай, балам, ана сұлулар аттың үстінде желгенде өздері бір әлем, шаштары бір әлем толқитын еді. Бізде қалада тұратындар (сарттар) қыздарын бүтіндей бүркеп тастайтын. Далада тұратын біздің әпкелер ұзын көйлек пен нымша киіп, шаштарын майда өріп, жартылай жауып жүретін. Ал сол жылқы айдап келетін қыздар шын мәнінде еркін жүретін еді. Шаң жұтпау үшін кейде аузын орап алатыны болмаса, біз сияқты орамал тарта бермейтін. Үйірлердің көптігінен қорқатын түрлері жоқ. Әлгілерің «Әйтшүу!» деп қамшы салғанда шашырап бара жатқан жылқылары орайдай ұйысып, бір ізбен кері қайта бастайтын еді. Біз өзбек қыздар соларды қызық көріп тұрамыз. Көлдің мына бетінде тұрып алып мазақтап ойнағымыз келеді ғой кейде. Бірақ, олар оңайлықпен бет бұра қоймайтын еді. Бұрса да күліп қойып әрі кете беретін. Мен жетпістен асып барам ғой, шырағым. Бірақ, өмірімде сол қазақ-қыпшақ қыздары сияқты сұлуларды, ондай таңғалдырар көріністерді содан бері әлі көрмедім, айналайын..!»

аудармашы Садық Шерімбектің анасының бала күнінде көрген қыпшақ қыздары жайлы естелігінен

 

Сірә, төрт-бес жастағы балалар бірін-бірі тілсіз-ақ түсінетін ерекше бір қасиет бар болса керек. Өсе келе үлкендер сол қасиеттен айырылып қалып, "Менің тілім, сенің тілің" деп, дауласкер дертке ұшырайды екен ғой...

Шерхан Мұртаза "Ай мен Айша"

 

Күнге теңеп көтеріп ап, күндейді ел,

Ал, сонан соң жыламай көр, күлмей көр.

Кеше біреу "жер – домалақ" деп кетті,

Өз басының доп екенін білмейді ол.

 

Сағым сынды, бір ой қозғап бір ойды,

Сартап мұңым сарқылатын сыңайлы.

Пенде біткен пәк болса егер,

Құранда "кешірімді" демес еді-ау Құдайды.

 

Жалқы-сыңар жанымды ерте-кеш ұғар,

Қолдан келсе шапанымды шешіп ал.

Жұмақты айтып қызықтыра алмасам,

Тозақты айтып қорқытамын, несі бар?!

Аружан Оралбай

 

Сүйікті балаларым менің! Ақылсыз болмаңдар! Өмір тола қауіп, абай болыңдар! Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар! Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар. Өмір барда жауыздық та бар. Мейірбандықпен, жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болмайды. Бір сөзбен айтқанда, сүйе де, жек көре де біліңдер, бірақ әрқашан адам қалыптарында қалыңдар! Әрдайым сақ болып, әрдайым өздеріңді бағалай біліңдер!

Балаларым менің! Балаларым менің! Егер сендер түсінсеңдер ғой мені...

Мұқаметқали Мақатаев "Күнделік"

 

Базар — ғұмыр, бұл саудагер ғасырда,

Жүрегіңді сатпа ешкімге, жарқыным!

Азамат Әбілқайыр

 

Хат күтемін себепсіз сенен әр күн,

Жағдай сұрап бақытқа бөле, жаным.

Жасұлан Серік

 

Өзінен бастауы керек. Соған жүрегі дауалай ма?! Тырысқаққа қарсы дәрі ойлап тапқан Макс Петтенкофердей бола ала ма? Ол микроб сорпасының бір табағын жұтканынша жұтып, ыдыстың сыртында жұғындысы қалып қоймасын деп оны жалап-жұқтап, тағы ішіп, ары-қарай зерттеу жұмыстарын жүргізе бермеп пе еді. Өмір мен өлімнің ортасында арпалыса жүріп зерттеуін жалғастырып жатқан оған әріптестері "Осы жерден тәжірибені тоқтатып, емдейік, енді күтсек өліп кетесіз ғой", дегенде "Мен өліп, келер ұрпақ тырысқақ ауруынан (холера) құтылатын болса, арман не?" деп жауап берген екен. Бұл ерлік те бәз біреулерге түсініксіз көрінеді. Қазір сол Петтенкоферді есіне алып жаткан кім бар дейсің. Басқа емес дәрігерлер де білмейтін шығар. Аурудың емін табамын деген оныкі дұрыс.

Ділдәр Мамырбаева "Әке мен бала"

 

Осы екеуміз бақыт үшін не істедік?

Күреспедік, Кешірмедік, Кешпедік...

Мехнат Теміртасқызы

 

— Дидар, біз неге өмір қадірін білмейміз. Ауырғанда ғана ескеретініміз не? Европа халқы әр жұма дәрігер алдынан өтіп, қаралып тұрады екен. Шолпан айтты... Біз олардан кембіз бе? Олардай қаралғанымызға дәрігерге ақша төлемейміз де ғой. Дәрігерге ерте көрінудің орнына аурудың асқынуын күтетініміз не? Неге спортпен айналыспаймыз? Құдай-ау, бұл жәй... қызыл сөз емес қой. Кеше бір жас жігіт дүние салды. "Өзінің осы қазір жер жыртып, ұшы-қиырсыз далаға егін салғысы келетінін. Соқа тілінен төңкеріле қалып, бусанып жататын қара күрең топырақты уыстай алып иіскесем. Қызыл арай ертеңгі таңды көзіммен атқызсам... ешқашан жан баласын ренжітпей тек қана жақсылық үшін, қуаныш үшін күресер едім", — деп кетті. Әлі көз алдымда сол жігіт. Сөзіне сендім. Адал айтылған, жүрек түкпірінен шыққан сыр біздерді қатты тебірентті. Неге екенін білмеймін, мен сені есіме алдым. Өзімді-өзім тоқтата алмай ұзақ жыладым. Ауруханаға неге келдім? Маған қол емес қой медсестралық — деп те ойладым. Айтшы, Дидар... Айтшы... Біз неге өмір сүре білмейміз. Бұған кінәлі кім? Ол тіпті жас еді ғой. Иә, өзіміз... Күтінбейміз. Қарғыс атқыр арақты ішіп, сызды жерге жатып қаламыз. Өкпемізге салқын жабыстырамыз. Темекі, ыстық шай...

Мағзом Сүндетов "Күтем сені, Дидар"

 

Өмір деген – театр ғой,

Сомдалады сан-мың рөл...

Айгерім Тұрлықожа

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 181 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: