Кітап үзіндісі
30/05/2022, 20:21

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

...Қазақта мақал бар, "бір биеден ала да туады, құла да туады" дейді. Орыстың "семья не без уродов" дегеніне жуық. Әрине "урод" деген балама бұл арада келмейді. Басшы адамның өзі ең алдымен пенде. Механизм емес. Оның да кемшілігі, жетімсіздігі болатыны заңды.

Сәкен Жүнісов "Жапандағы жалғыз үй"

 

Сүйіп алғың келеді. Бірақ болмайды – оянып кетеді. Қолыңа ақша түссе, әлгі немеге бірдеңе алғың келеді де тұрады. Не киім, не ойыншық. Ойыншықтан қора салатын болдың. Бала да жаман үйреніп, бір ойнаған ойыншығымен ойнамай, келесі ойыншықты күтіп отырады.

Төлен Әбдік "Сәби туралы сыр"

 

Кейде жазудан шаршаймын. Шаршағандық та емес, мағына көрмеймін. Қалам мүдірді. Жазуда бұрынғыдай қуаныш жоқ. Уайымы көп, мәңгі деп жазған кітаптарымыз уақытша да керек емес. Оқырманды келешектен іздейтін болдық. Бүгіннен таппадық. Күдер үздік.

Дидар Амантай "Біреудің өмірі"

 

Біз жұмсақ диванда жатып, қосыла алмаған екі жас туралы романдар оқып немесе фильмдер көріп, көзімізге жас аламыз. Біз бір адамның тағдыры үшін жер жүзінің прессаларын шулатып, ұрандар ұстап, көшеге шығамыз, қылмыстының жазалануын талап етеміз. Өлім жазасына бұйырамыз. Ал тұтас бір нәсілдің, бірнеше халықтың құрып кетуін қай тілде суреттеп беруге болады?..

Төлен Әбдік “Тозақ оттары жымыңдайды”

 

Айуандар! Адамдықтан кері азып, маймылға айналғанымыз осы да... Тас бауырлықтың, жат бауырлықтың асқан үлгісін көрсеттік, бірақ тағылықтың шегіне жетуге болмайды ғой. Менен де, басқалардан да ұялмай-ақ қойыңдар, анау ағарып атқан таңнан ұялсаңдаршы. Ішеріңді алдыңа, ішпесіңді артыңа қойып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп есірген заманнан ұялсаңшы. Айтып сөз, ұрып таяқ өтпейтін өлімтіктер...

Оралхан Бөкей "Құлыным менің"

 

Екі кесе, бір шәйнек

Шәйханаға бас сұқтым. “Келіңіз, төрлетіңіз. Не қалайсыз?” деді Қыз қиылып.

 — Көк шәйдан болса...

 — Қазір, аға...

Қыз қимылы ылдым-жылдым екен, ә дегенше алдыма екі кесе, бір шәйнекті қоя берді. Бұлдырықтай ғана ыстық самса буы бұрқырап тәбет шақырды. “Екі кесесі несі, бір кесе де жетпей ме? Әлде, қасыма келіп...”

 — Мына кесенің біреуі...– дей бердім жанай өтіп бара жатқан Қызға, — мен өзім ғанамын ғой?..

— Жалғыз отырған кісіге жалғыз кесе әкелу жақсы ырымға жатпайды. Мұны маған анам айтқан...

Періште пейіл, тәтті жымиыс. Ішім уылжып сала берді. “Анасын көр де, қызын ал...”

Исраил Сапарбай "Бір тамшы көздің жасындай"

 

Адамды уақыт алдында жеңіліске ұшыратпайтын екі нәрсе бар, ол – кейінге мирас етіп қалдыратын ісі және ұрпағы.

Болат Бодаубай "Қарт тергеушінің әңгімелері"

 

Махаббатты қайтесің, мына маған үйленсең мұртыңды балта шаппайды. Бірақ, мен саған тию үшін әлі де көп ойланамын, әлі де сайран салып қалуым керек. Мен саған мынандай шартпен тұрмысқа шығар едім: бір-бірімізді аңдымаймыз, бір-бірімізге қожандамай, өз білгенімізше емін-еркін махаббат бостандығымен ғұмыр кешер едік. Мен балалы болмас едім. Өйткені, мен сол баланың сен құсап панасыз, жетім қалып, детдомда стандартты тәрбие алып өскенін қаламаймын. Өйткені, менің балаларым... өйткені менің балаларым сутегі, атом, нейтрон бомбаларының құрбаны бола ма деп қорқамын. Үшінші дүниежүзілік соғыс — тіршіліктің ақыры.

Оралхан Бөкей "Құлыным менің"

 

— Сезім — асау ат, сана аттың басына кигізілетін жүген. Ноқтасыз асау ат алып қашып, сені бір жерге жығып, мерт етіп кетуі мүмкін. Ал жүген асауды ауыздықтап, оның беталды лағып, шаба беруіне ырық бермей, дұрыс жолмен жүруіне көмектеседі. Сондықтан бір бәлеге ұрынбайын, оқыс халге ұшырамайын десең сезімді санаға билету керек.

Әзілхан Нұршайықов "Мәңгілік махаббат жыры"

 

Өз басым сөзге назар аудармаймын, менің білуімше, олар – маңдайшадағы жазулар және оларды әркез оқу қиын.

Антуан де Сент-Экзюпери "Цитадель"

 

— Қазақ жерінде туып, қазақ арасында тұрып, қазақша сөйлей алмасам — нағыз қорлық емес пе?

Софы Сматаев "Біз құлмыз ба, кімбіз?"

 

Бәрiне сенумен келемiз. Отқа да сендiк, суға да сендiк, табынбаған затымыз қалмады. Құдайға да, пайғамбарға да сендiк. Көсемге де, шешенге де сендiк. Бiрақ адамзаттың қасiретi содан жеңiлдедi ме? Адамзат қанша ғасыр өмiр сүрсе, сонша ғасыр алданып келедi. “Iзгiлiктiң жеңiсiне сенiңдер”,- дейдi ақын-жазушылар. Ол жеңiс қашан болады? Iзгiлiк қай ғасырда жеңiске жетпек? Анық дәлел бар ма? Жоқ. Тек солай болса екен деген тiлек қана.

Төлен Әбдік "Парасат майданы"

 

— Әйелдер! Күйеулеріңді күтіңдер, аялап ардақтаңдар. Өмір деген өткінші дүниеде ерлі-зайыпты екі адамның татулығынан тәтті, достығынан күшті, махаббатынан биік ештеңе жоқ.

Әзілхан Нұршайықов "Мәңгілік махаббат жыры"

 

Жылауды әркім біледі. Мықты болсаң нағыз еркектерше қиыншылықта жыламай бақ.

Сайын Мұратбеков "Жусан иісі"

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 140 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: